11 Шілде 2018, 16:41 601 0 Бизнес Арман Құдайберген

«ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК» НЕГЕ ТАБЫЛМАЙ ЖҮР?!

Бастауыш сыныптың «қазақ тілі» кітабынан «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «еңбек етсең – емерсің», «еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» осы сынды мақал-мәтелдерді жиі жаттайтынбыз. Жаттап қана қоймай санаға әбден сіңірдік.  Студенттік жылдары қолдан келген аз-кем өнермен өз-өзімізді ынталандырып жүрдік. Қазір ойлап қарасам жоғарыдағы мәнді сөздердің тигізген пайдасы орасан екен. Олай деуге негіз бар, бұл күнде әлем халықтарының екі жүз миллионнан астамы жұмыссыздық тауқыметін тартып отыр. Бұл көрсеткіште еліміздің үлес салмағы айрықша. Аталған мәліметті осы жылдың басында халықаралық еңбек орталығы таратқан.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әлем бойынша жұмыссыздар санының артуы байқалып-ақ тұр.  Мамандар мұның басты себебін әлемдік инфляциямен байланыстырады. Осының салдарынан мекемелердегі жұмыссыздар саны күрт қысқарып жатыр. Әлемдік трендке енген әмбебап қызметкерлер де бұған әсер етуде. Бұрын үш маман істейтін жұмыс қазір бір адамның мойнына жүктелген. Осы себепті қызмет сапасының төмендеуі мен уақтылы іс атқару кешеуілдетіліп жатқаны бар. Жұмыс беруші мен жұмыс істеуші тараптар арасында түйткілді мәселе көп. Соңғы жылдары қазақ жастарының шет мемлекеттерге жалдамалы жұмысқа барып жатқандығын көз көріп жүр. Сәйкесінше, өзге мемлекеттерден бізге келіп жұмыс істеп жатқан шет елдік азаматтардың да қарасы қалың. Еліміздегі жұмыссыздар санының өсуіне шетелдік азаматтардың бізге келуі де көп әсер етеді. Сөзіміз дәлелді болсын, отандық бір телеарнаның он жылдық тарихы бар таңғы-ақпаратты сазды бағдарламасы жақында жабылып тынды. Басшылық негізге алған сондағы желеу – рейтинг төмен. Редакцияға шалынатын қоңыраулар оны жоққа шығара алады. Иә рейтинг дұрыс көрсетпейді, болмаса көрермендер жалған сөйлейді. Қысқасы,  отыздың үстіндегі жоғары білімді қызметкер жұмыссыз қалды. Ал, бұрынғы бағдарламаның орнына Украин елінен «білікті» мамандарды шақыртып «шоу» жасап шулатып жатқан көрінеді. Бәлкім ол да дұрыс шығар, кім білсін?! Өзгенің бізге келгенде көздегені «қазақ халқының ұлттық идеологиясын нығайту» деп айта алмаймыз. Керісінше көк қағазды тақымдау екендігі тайға басқан таңбадай белгілі. Ақ-қарасы уақыт еншісінде, әзірге біздікі сарапқа салу ғана.

«Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң мыс та жоқ». Мұның мәнін түсініп жатқан кім бар?! Өз даласына қазақ баласы келді деп төр ұсынар төре жоқ қазір. Босағасында жалданып, тиын-тебеніне малданып бірді-бірге жамап келіп жатыр талай қандасымыз. Әрбір бесінші қазақстандық шет елде жұмыс істеп келгенді қолдайды екен. Ал сіз ше?! Туғанымызды шекара асырып жібермей жатқа бергеннің жартысын берсек жақсылық жасамаймыз ба?! Логикаға салсақ, біраз жоғымыз табылып, тозығымыз оңалар еді. Осы идеяны негізге алар күн жетіп жатса, біліктілік арттырып отыру үшін ғана шет мемлекеттерге шыққан жөн секілді. Алыс-беріс пен барыс-келіс түйінін осылай шешкендей болдық.

Жұмыссыз халықтың басым көпшілігі өз мамандықтарына көңілі толмайтындығын алға тартады. Оның басты себебі материялдық құндылық алға шықты. Сондықтан да көп адамдар желілік маркетинг арбауына түсіп жатады. Шын туайтына келгенде артық жұмсалған энергия ақталғанымен бүгін-ертең сол жолға түскен адамдарға онан түсер пайда шамалы. Қазірде қала көшелерінің бойында ілініп тұратын жарнама парақтарының басым көпшілігі желілік маркетингтік компаниялар. Адам миына психологиялық соққы жасап, алғашқы минуттардан ақ өз үстемдігін жасайды. Жеңіл ақша, жайлы орта кімнің болса да тақиясына тар келмейді. Тұрақты жұмысын тастап, желілік бағытта жұмыс жасайтын компанияларға жалданып жатқан жан қаншама. Мұның да соңы қайда апарары белгісіз. Осының бәрін көп естігеннен кейін адам психологиясы еңбектен бас тарта бастайды. Оның алғашқы белгілері ұйқының қанбауы. Өз жұмысынан шаршауы. Елестетудің өзі қиын, елдің бәрі желілік маркетингте жұмыс істеп бай болса, қалған жұмысты кім істемек?!

Соңғы жылдары жұмыссыздар қатарына зейнетке бірнеше жылы қалған қызметкерлер де қосылып жатыр. Мұндағы мәселе тағы да қысқарту. Біліктілігі мен білімділігі сынға түсер болса, жастарға қарағанда жұмыс өтілі көп екені белгілі. Американдық кинорежиссер Нэнси Мейерс таспалаған «The Intern»(Стажер) кинокомедиясы сөзімізге дәлел бола алады. Жетпіс жастағы басты кейіпкер Бен Уитаккер жұмыссыз отырудан жалығып, өзі өмір бойы қызмет істеген мекемеге тағылымдамадан өтуші болып қызмет жасайды. Сол істің барлық қыр-сырын меңгерген әккі маман екенін дәлелдеп, әріптестеріне тіпті басшысына сыйлы бола бастайды. Біздің елге де зейнет жасына келген адамдар істейтін жұмыс орындары керек-ақ.

Пышақтың екі жүзі болатыны секілді кез-келген мәселенің де екі жағы бар. Жұмыссыздар санының көп болуы елдегі жұмыс орындарының аздығын білдірмейді. Бәлкім жұмыс істеушілерлің жалқаулығы шығар. Олай дейтініміз, қызметкер іздеймін деген неше түрлі компаниялардың хабарламасы «https://rabota.nur.kz/», «hh.kz» сынды түрлі сайттарда тұр. Үлкен-үлкен компаниялардан бастап жеке кәсіпкерлер он мыңның үстінде ваканциялар жариялаған.  Аталған база күн сайын жаңарып отырады. Егер шын жұмыс іздеген жан болса екі қолға бір күрек табары сөзсіз.

Сөз басында айтқанымыздай, сыртқа пана іздеп қанша маман кетіп жатыр. Өз отанының алдындағы азаматтық борышы елге қызмет ету. Бірақ, неге елден екі қолға бір күрек табылмайды?! Табылмайды деу асыра айтылған. Ынталы жанға қарекет етсе іс көп-ақ. Бірнеше жыл бұрын қытайдан елге оралған Талғар Дәлелғазы есімді бауырымыз бар. Заманауи кәсіп жетілдіру курстарын оқып әйелі мен енесінің өмір бойы істеп келе жатқан ісін бизнеске айналдырды. Бас-аяғы екі айдың ішінде 5 млн.тг тапты. Біле-білген жанға мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке  үлкен қолдау бар. Жұмыссыздықтың алдын алу үшін елдегі кәсіпкерлік деңгейі артуы керек. Сол кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздар қатары азаяды. Сол үшін әр қазақ, бар қазақ етістік етуі керек, сонда ғана жетістікке жетпек. Біздің қазақ оны бір ауыз сөзге сыйдарып:  «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген. Формуласын білеміз, енді қарқынды іс керек!!!

Соңғы жаңалықтар