ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ ЖЕЛІСІ
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ ЖЕЛІСІ
Адамдар әлеуметтік желіге орта есеппен 3-4 сағат уақытын жұмсайды. Кәмелетке толмағандар мен 18-25 аралығындағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 5-6 сағатты құрайды. Оның пайдасынан көрі зиянын көп тартып жатқанымыз жайында әлем зерттеушілері жиі дабыл қағады. Уақыттың қадірі әлеуметтік желі келгелі тым төмендеп кеткен. Тіпті таңғы, түскі, кешкі асын ішпесе де әлеуметтік желіде отыратын буын пайда болды. Әлеуметтік желіге деген тәуелділік адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзін онлайнға айналдырды. Мұнымен күрестің жалғыз жолы, оны тек қажетіңе ғана пайдалану", – дейді мамандар.
Әлеуметтік желілер пайда болғасын біздің әлеміміз онлайн, офлайн болып екіге бөлінді. Ол арқылы тіпті мұхиттың ар жағында жүрген достарымызбен тілдесе аламыз, әуен тыңдап, кітап оқимыз, сондай-ақ түрлі суреттерімізбен бөлісеміз. Әлеуметтік желілер біздің өмірімізді жүз сексен градусқа өзгертті.
Әлеуметтік желілердің желісін біздің елімізге Ресейлік «Мой мир» алып келді. Ол жиырма бірінші ғасырдың жаңа басталған кезі болатын. Сол кездегі жұрт басы бүтін бағынышты болып қалған. 2009-жылдары «вконтакте» де кең таралды. Статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде вконтактені жиі қолданатын Қазақстанда 1, 945 миллион адам бар екен. Бір айдың ішінде олар 45 миллион хабарлама алмасады. Қолданушылардың 53,8 пайызы ерлер, 46,2 пайызы әйел азаматтарымыздан тұрады. Вконтакте әлеуметтік желісінің негізгі аудиториясы он сегіз жасқа дейінгі қолданушылар. Оның жалпы жұртқа ұнаған тұсы онлайн музыка тыңдау. Бірте-бірте вконтакте желісінің орнын «instagram» баса бастады. Енді жұрт бұрынғыдай музыка тыңдамай, сурет жүктеп оған лүпіл қоюмен, оның санын арттырумен жарысқа түсті. Бұл жарыс әлі күнге дейін толастаған жоқ. Қазіргі таңда қазақстандағы ең танымал парақшаларға 3 миллионнан астам адам тіркелген. Еліміздегі инстаграм қолданушыларының 71,9 пайызы әйел азаматтар еншісінде, қалған 28,1 пайызға ер азаматтар ие. Жоғарыда айтылған мәліметтерді «brand analytics» қызмет көрсетуіне сүйеніп «Медиа-Сервис» агенттігі таратқан.
«Әлеуметтік желі» бұл сөз 1954 жылы пайда болған. Оны американдық социолог Джеймс Барнс ойлап тапты. Сол кезеңде оның интернетпен түк те қатысы болмаған. Интернет кезеңіне дейін, «әлеуметтік желі» сөзі – әлеуметтік топтардың ортақ нысаны, олардың бір-бірімен байланысы, - деп түсіндіріліп келді. 1969 жылы ғаламтор пайда болғасын бұл сөздің әлем бойынша танымалдығы ғарыш жылдамдығынша арта түсті. Бүгінде әлемдегі әр бесінші тұрғын әлеуметтік желіні пайдаланады. Осылай болатынын қазақ ағартушылары да алдын-ала білгендей. Ыбырай Алтынсариннің:
«Өнер - білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды,
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды» деген жыр жолдары сөзімізге дәлел.
Алғашқы әлеуметтік желі компютерлік технологиямен қоса 1971 жылы пайда болды. Ол ақпарат алмасу үшін құрама штаттардың қарулы күштеріне арнап жасалды. Оны сол кезеңде «ARPANET» деп атады. Бұл ғаламтордың бір түрі болатын. Арадан он жеті жыл өткесін, 1988 жылы финдік ағартушы Ярко Ойкаринен «IRS» онлайн интернет чатын ойлап тапты. Осыдан кейін адамдар бір-бірімен сол кезеңде тікелей сөйлесуге мүмкіндік алды. Шын мәнісінде әлеуметтік желінің танымалдыққа ие болу 1995 жылы басталған. Американдық Рэнди Конрадс осы заманғы «Classmates.com» желісін құрды. Оған түрлі оқу орындарының түлектері қосылуға мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтқанда, сыныптастарың мен курстас достарыңды осы желіден кездестіруге болатын еді. Айта кету керек, оның танымалдылығы әлі күнге дейін басылмаған. Бұл желіні әлемнің түкпір-түкпіріндегі 50 миллионнан астам адам қолданады. Бір қызығы, «Classmates.com» көшірмесі «Одноклассники» желісіне 290 миллион адам тіркелген.
Әлеуметтік желілер көшін Марк Цукерберг ойлап тапқан «Facebook» бастайды. Қолданысқа түскеніне он жыл болған желіге 1,4 миллиард адам тіркелген. Миллиардтар жинаған тағы бір желі youtube.com. Қытайлық Qzone желісінде 623 миллион, Weibo желісінде 503 миллион тұрақты қолданушы бар. Аталған уақыт аралығында біз айтып тоқталмаған қаншама желі болды. Уақыт дәлелдегендей бір желіні екіншісі ығыстырумен келеді. Ширек ғасыр түгілі келер жылы не болары белгісіз.
Әлеуметтік желілерге сұраныс артқан сайын оның иелері өз дүниелерін қаржы көзіне айналдырды. Алғашында тілдесу мен жүздесуге арналған желілер бүгінде үлкен жарнама алаңдары. Тіпті теле кеңістіктен асып түсті деуге негіз бар. Осы орайда БАҚ-на деген сұраныс та күрт төмендеді. Таралымы аз газет-журналдар да жабылып тынды. Сәйкесінше әлеуметтік желілерден парақша ашып сонда көшіп жатқан БАҚ қанша?! Не де болса әлеуметтік желіні пайданың көзі емес керектің өзі ретінде қолданғанымыз дұрыс.