10 Шілде, 16:38 363 0 Денсаулық Назым Тойлыбаева

Тегін қызмет көрсететін медицина ұйымдарына жыл басынан 396,9 млрд теңге бөлінді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жыл басынан бері Қазақстандағы медицина ұйымдарына 396,9 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Хабарламаға сүйенсек, 2018 жылғы шілденің 9-ына дейін Қормен келісімшарт бекіткен медицина мекемелеріне 396,9 млрд теңге берілген.

«Бұл - кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көмек көрсету жөнінде бекітілген келісімшарттрдың жалпы сомасының 56 пайызы», - дейді МСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.

Тегін медициналық көмек және әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын Қор емдеу мекемелерімен халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 704,5 млрд теңгені құраған.

«Жұмыс кестесіне сай, медициналық қызмет сапасын бақылау жаңа талаптарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - дейді Б.Жақселекова.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге ниет білдірген 1359 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 599-ы - жекеменшік клиникалар. Биылғы жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 138-ге көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы өткен жылғыдан 2 есе артып, 93,5 млрд теңгені құрады.

 

Соңғы жаңалықтар