Қазақстан рекордтар кітабына алып тиіннің мүсіні енеді

Қазақстан рекордтар кітабына алып тиіннің мүсіні енеді

Қазақстан рекордтар кітабына алып тиіннің мүсіні енеді
ашық дереккөзі
Бұл жайында аталған мүсіннің ашылуы барысында Қазақстан рекордтарын тіркейтін департаменттің директоры және «Ғалым» баспасының бас редакторы Бақытжан Тастүлеков мәлімдеді. Биіктігі 12 метрден асатын алып тиіннің мүсіні Алматыдағы «Атакент» көрме орталығының алдында бой көтерген. Кәдімгі сабаннан тұрғызылған бұл мүсінді жасау үшін шетелдік суретшілер мен мүсіншілер шақыртылған. «Біз қаламыздағы және елде болып жатқан маңызды оқиғаларды жіті қадағалап отырамыз. Қазақстан рекордтар кітабына енгізу үшін олардың ішіндегі ең маңызды әрі рекордты дегенін тіркеп отырамыз. Бүгінгі тиін мүсінінің ашылуы қаламыз үшін елеулі оқиға. Бұл өте үлкен нысан, сондықтан ол Қазақстан рекордтар кітабына енуге лайықты деп таптық», - деді Бақытжан Тастүлеков. Сонымен қатар ол, осы мүсінді тұрғызуға атсалысқан шығармашылық топ мүшелеріне рекордтар кітабына енгендігі жөнінде сертификаттар табыстады. Ұлыбританиядан келген суретші әрі жобаның жетекшісі Алекс Ринслер аптап ыстықта жұмыс істеу оңайға соқпағандығын айтады. «Бұл тиін өте үлкен жоба, оны тұрғызу үшін көптеген адам жұмылдырылды. Көптеген қалада түрлі жануарлардың инсталляциясын жасадым. Бұл тиін қарапайым адамдарға арналған. Инсталляция 9 айда ғана тұрады және уақыт өте келе ол өзгеріп отырады. Мына жерді неліктен таңдалды десеңіздер? Бұл қаланың қақ ортасы. Суреттен көрген адамдар мұның Алматы қаласында тұрғанын бірден таниды», -дейді суретші.