Босқан жұрт Еуропаға неге құмар?

Босқан жұрт Еуропаға неге құмар?

Босқан жұрт Еуропаға неге құмар?
ашық дереккөзі

Осыдан бірнеше жыл бұрын әлемдік ақпарат құралдарында, оның ішінде қазақ баспасөзінде таңдаулы, яғни, қазіргі тілмен айтқанда, «трендті» тақырып – ғаламдастыру еді. Ал қазір әлемдік интеграция, ғаламдық аласапыран, дүниежүзілік маңызы бар оқиғалардың мысын миграция мәселесі басып тұр. Шындығында, миграцияның өзі ғаламдық үдеріске, яғни бүкіләлемдік маңызды тақырыптардың біріне айналды. «Түркістан» газетінде бұл тақырыпты тереңнен қозғаған бірталай сараптамалық мақалалар жарық көрген еді. Бүгін осы мәселені өзге қырынан қаузап, «Кім? Қайда? Қашан?» емес, ең әуелі «Неге?» деген сұраққа жауап іздемекпіз.

Бұл миграцияның бұрынғыға қарағанда жөні де, төркіні де бөлек. Бұған дейін жазғанымыздай, сырттан ағылған осыншама келімсектер нөпірін Еуропа бұрын-соңды көрген емес. Әлбетте, әңгіме Римді жаулап алу мақсатымен атқа мінген жауынгер халықтар туралы емес. Бұл жолы кәрі құрлыққа табан тіреуді мақсат еткендер – бейбіт тұрғындар, анығын айтқанда, жаяу-жалпы, жалаңаяқ, жалаңбас бала-шаға, қарабайыр тобыр...

Мұндай қаражаяу қалың нөпірді бұрын көрмеген Еуропа аздап абдырап та қалды. Жолсызбен келген келімсектердің көпшілігінің бұл жүрісі заңға да қайшы. Сонда да оларды соғыс техникасымен қорқытуға, оқ пен оттың астына алуға, күшпен кері қайтаруға болмайды. Неге?

Біріншіден, Еуропаның есігін қағып тұрғандардың әскери басқыншылық не арандатушылық пиғылы байқалмайды, оларды территориялық тұтастықты бұзды не дербес елдің тәуелсіздігіне қауіп төндірді деп тағы айыптай алмайсың. Керісінше, олар – басына күн туғандықтан туған түтінін тастап кеткен, елден ел асып, қашып-босқан, дамыған мемлекеттердің үстемдігін мойындап, бақуатты жұрттан пана сұрағандар.

Шекара асып, тау-тасты басып, теңіз кешіп, өлдім-талдым дегенде діттеген жеріне жетіп жатқан мигранттарды кері қуудың жөні қайсы? Оған не саяси, не моральдық негіз жоқ. Себебі мұндай әрекеттер Батыс өркениетінің басты жетістігі – адам құқығын қорғау, демократия қағидаларына сай өмір сүру, мультимәдениетке ұмтылу сияқты ұстындарына қайшы болар еді. Өзгелерге қалай өмір сүру керектігін үлгі етіп келген Еуропа енді өз ұстанымының құрсауында қалды. Осылайша, төл ұрандарының құрбаны болуға айналды.

mama_merkel_

Сондықтан мыңдаған, тіпті жарты миллионнан асқан мигранттарды кері қуудың орнына, өз елдеріне шақырып, үй-жай беріп, жәрдемақы тағайындап, оларға жұмыс беріп, жергілікті ортаға тезірек сіңісіп кетуіне жағдай жасауға бекініп отыр.

Еурокомиссияның бүгінгі таңдағы жоспарына сәйкес, еуропалық мемлекеттердің басым көпшілігі, яғни Одаққа мүше 28 елдің 22-і жиылып, 120 000 мигрантты паналатпақ. Еурокомиссия босқындарды паналатқан мемлекетке әр мигрант үшін 6000 еуродан төлемек. Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер мамыр айында 40 мың босқынды паналату жоспарын ұсынған болатын. Жалпы, Еуроодақ бас-аяғы 160 мың мигрантты қамқорлығына алуы ықтимал.

Одаққа мүше болса да, Ұлыбритания, Дания мен Ирландия бұл жоспарға қатыспайды. Дегенмен, Ұлыбритания мен Ирландия өз еркімен босқындарға көмек беруге ықылас білдіріп, саяси баспана беруге келісіп отыр.

Ал Италия, Грекия, Венгрия заңсыз мигранттардың «өткеліне» айналғандықтан, олардың мойнындағы жүк онсыз да ауыр екені түсінікті. Қазір Венгрияда 54 мың, Грекияда 50 мың, ал Италияда 16 мың шамасында босқын шоғырланған.

Әлбетте, босқындарды қоныстандыру ісінде Еуроодақтың бай мемлекеттері негізгі салмақты өздеріне алмақ. Осылайша, Reuters агенттігінің хабарлауынша, Германия – 40 мың, Франция – 30 мың, Испания – 19 мыңдай мигрантты қабылдауға дайын. Бұл жоспар келесі аптада, яғни 14 қыркүйекте өтетін Еуроодақ министрлерінің кеңесінде талқыға салынады.

Жалпы, Eurostat статистикалық агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2015 жылдың алғашқы үш айында Еуроодақ аумағында барлығы 184 мыңнан аса босқыннан саяси баспана сұраған өтініш түскен. Олардың 29 мыңы – Сириядан келген азаматтардікі. Наурыз айының соңында саяси баспана туралы өтінішінің нәтижесін күтіп отырған босқындар саны жарты миллионнан асқан екен. Жаз айларында миграциялық қарқынның одан әрі үдегені мәлім. Ендеше, 160 мыңдық квота жарты миллионнан асқан адам тасқынын тоқтатуға сеп бола алмасы түсінікті.

Екіншіден, заңсыз мигранттарға деген халықаралық ұстанымда саяси әрі діни үстемдікті айшықтаудың нышаны бар сияқты. Келімсектерді құшақ жайып қарсы алатын мемлекет өзінің саяси-экономикалық-әлеуметтік әрі рухани бақуаттылығын барша әлемге паш етпек. Оның үстіне, Рим папасының осы мәселеге орай арнайы мәлімдеме жасап, итальяндықтарды қонақжай әрі мейірбан болуға үндеуі осы ойға тамызық болуға лайық. Ашығын айтқанда, ол христиан дінінің бауырластық, мейірім мен қайырымдылыққа шақыратынын баса айтты. Мигранттар тастай қашқан Сирия, Ливия, Ауғанстан, Судан, Сомали, Алжир сияқты елдердің дені ислам жолын ұстанса да, Еуропаны сағалағандар ішінде әр түрлі дін өкілдері бар. Босқындарға көмек қолын созу жайы сөз болғанда олардың діни ұстанымы сөзсіз айтылады. Мысалы, Еуроодаққа мүше кейбір мемлекеттер заңсыз мигрантты қабылдауға дайын екенін білдірсе де, олардың ішінде мұсылмандар болмасын деген талап қойып отырғаны белгілі болды. Миграция жөніндегі халықаралық ұйым өкілдері бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасаса да, қандай да бір мемлекеттің босқындарды діни кемсітушілік немесе шеттету әрекетіне қарсы тұрарлық қауқары жоқ екенін айтып қалды. Басқаша айтқанда, протестанттық Еуропа Ислам елдерінен қашқан христиан босқындарды қабылдауға бейіл екенін жасырып отырған жоқ.

Үшіншіден, Еуропаның демографиялық дағдарысы көптен бері ғаламдық жиындарда ашық талқыланып, ұдайы айтылып жүр. Өркениеттің шырқау шыңына шықтық десе де, адамға қолайлы да жайлы өмір сүрудің бар жағдайын жасадық дегенімен, жан басын қалай көбейту жайын ойласа алмады. Кісі басының кемдігі экономикадағы жұмыс күшінің күрт азаюына әкелді. Ақыры Еуропа материалдық игіліктерден гөрі адами ресурстың қымбаттығына көзі жете бастағандай еді.

Енді, міне, Шығыстан жөңкілген қара-құрым адами ресурс кәрі құрлықтың етегіне ілінуге ұмтылып, құлап-сүрінсе де, өз еркімен келіп жатыр. Олар жергілікті тұрғындардай өз құқығының еуропалық заңдар аясында толықтай сақталуын талап етуге әзірге дәрменсіз. Басына түскен нәубеттерден, талайлы тағдырдан таяқ жеген жұрт алдағы күндердің игілігінен ғана дәмелі. Сондықтан да сабырлы. Ертеңіне ғана емес, бүгінгісіне алаңдаулы. Азға қанағат еткіш әрі барға шүкірі жетерлік. Бүгін мемлекеттің азды-көпті жәрдемақысын талғажау етсе, ертеңгі күні қолы жеткен кез келген жұмысты істеуге дайын. Арзан жұмыс күші. Экономиканың қозғаушы тетігі.

ambiyaarakan

Ендеше, кәрі құрлық 120 әлде 160 мыңдай заңсыз мигрантты қанатының астына алып, бауырына басып, өз заңына бағындырып, еуропалық тәртіппен өмір сүруге бейімдей алса, алдағы жиырма-отыз жылда демографиялық-әлеуметтік дағдарыстың қаупін сейілтер еді. Қыр астындағыны қиядан болжайтын саясаткерлердің түпкі ойы да осы, бәлкім. Саны бар, сапасы аз елді қоныстандырып, экономиканың қозғаушы тетігіне айналдыра алса, кәрі құрлықтың мұртын балта шаппас. Бәлкім, ол кезде Еуропаңыз «кәрі құрлық» атауынан құтылып, жаңаша лақапқа ие болар. Бәлкім, ол кезде Еуропаңыз ақ нәсілді емес, аралас қанды, өзгеше текті мекенге айналар. Бәрі мүмкін...

Төртіншіден, Жоғарыда айтқанымыздай, Еуродақтың 22 мемлекеті 120 000 мигрантты паналатпақ. Тең бөліске салса, әр мемлекетке 5-6 мың босқын шамасында келеді деген сөз. Тамшының теңізге тамғанындай, азғана шоғыр бақуатты Еуропаның сәнін бұза қоймас. Бірақ мәселеге байыптап қарасақ, Еуропалық Одақ өзіне қажетті адами ресурсты ғана қабылдап, бойына сіңірмек те, қалған босқындардың алдында есігін тарс жаппақ.

Себебі дамыған елдерден нәпақа іздеуге ниеттілер саны 120 мыңнан әлдеқайда көп. Қазіргі қолда бар деректерге қарасақ, биылдың өзінде тек Жер-орта теңізі арқылы Еуропаға 220 мың мигрант өткен. Екі мыңнан аса адам осы теңізде мәңгілікке сапар шекті. Шілде айында Еуроодақ шекарасында жүз мыңнан аса босқын ұйлықты. Олардың ішінде жапа шеккен, қиындық көрген, зорлық-зомбылыққа ұшырағандары қаншама. Қаласа да, туған еліне қайта алмайтындары да баршылық. Сонда Еуропалық Одақтың квотасына енген бақыттылар жаңаша өмір сүруге мүмкіндік алғанда, бұл тізімге ілікпеген басқалары қайтпек?

Қарны ашқан, баласы жылаған, басынан күн, табанынан сыз өткен босқындардың бар ойы – шекарадан өту, Еуропаға жету. Өлген-тірілгеніне қарайтын емес. Жетіп жығылса болғаны. Одан әрі тоқшылық, бейбіт тіршілік, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, аузынан ақ май ағызатын Жерұйығы күтіп тұрғандай. Ал осы «Жерұйығына» жете алмай, шекараның бер жағында қалғандардың тағдыры не болмақ? Меркель ханым оларды кері қайтаруға пәрмен бере ме? Германия канцлерінің миграциялық квота туралы айтқан мына бір сөзін: «Әрине, біз қорғансыздарды қорғаймыз. Бірақ мұнда қалуға қақысы жоқтар біздің мемлекеттен кетуі тиіс» дегенін қалай түсінем десеңіз де, өз еркіңізде.

Бірақ босқындар үшін соғыс пен жоқшылық жайлаған елдеріне қайтуға жол жоқ. Ендеше, бұл миграцияның екінші толқыны болары сөзсіз. Оның салдары – жаппай берекесіздік, жүгенсіздік болмасын деңіз. Немесе, Еуропалық Одаққа бас сұға алмаған босқындар басқа мемлекеттерден пана сұрауы әбден ықтимал. Мысалы, ресейлік саясаткерлер қазірдің өзінде қаптаған босқын біздің шекарамызға келіп ұйлықса не істейміз деген мәселені ойластырып жатыр. Израиль шақырусыз қонақтар келіп мазаламас үшін шекарасын күшейтіп, биік дуал салуды ұйғарды. Шындығында, Босқындар мәртебесі туралы Женева конвенциясына қол қойған әрбір ел мигранттарға өз қақпасын айқара ашуға тиіс. Ендеше, Еуропа өзіне қажетті адами ресурсты бойына сіңіріп болған соң, қалған босқындарды басқа елдер паналатуға мәжбүр болады.

Жақында Македония мен Грекия, Македония мен Сербия шекарасында босқындар мен жергілікті полиция қызметкерлері арасында қақтығыс болып, македониялық тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ бен таяқ қолданғаны мәлім болды. Босқындар мәселесі оң шешімін тауып, Еуропаға ағылған миграциялық толқын толастамаса, мұндай келеңсіздіктердің жиілей беретіні белгілі. Ал оның қарулы қақтығысқа ұласып, қайғылы жағдайларға түрткі болмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

 Түйін:  

Босқын жұрттың бір ғана парасына қарай қол созған Ангела Меркель бастаған еуропалық саясаткерлердің ойында бұдан басқа да себептердің бары екені даусыз. Ливияны бомбының астына алған, Сириядағы азаматтық соғысқа себепкер болған, Ауғанстан мен Иракқа әскер кіргізген, бұдан да басқа елдердің саяси жүйесіне өзгеріс енгізіп, бейбіт тіршіліктің тынышын кетірген саясаткерлер осылайша өз айыбын жуып-шаймақ па, кім білсін? Босқан елге қол созуы – тынышы кеткен өмір, берекесіз тіршіліктің есесін қайтарып, қараусыз қалған бала мен жосыған жетім-жесірдің қайғысына ортақтасуы болар? Қалай дегенмен де, дамыған мемлекеттер дамушы елдерге қатысты өздерінің бұған дейінгі саясатының «жемісін» татып отыр. Төркіні ағылшын тілінен шыққан «бумеранг» деген сөзді айтқан біз емес, бірақ бүгінгі жағдайды дөп сипаттайды. Осы бір ауыз сөздің қазақша баламасы да бар, ол «Не ексең, соны орасың»...