Қостанайлық оқушы ат бәйгесінен көлік ұтып алды

Қостанайлық оқушы ат бәйгесінен көлік ұтып алды

Қостанайлық оқушы ат бәйгесінен көлік ұтып алды
ашық дереккөзі
Қостанай ауданының Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында облыстық ат спорты жарыстары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті атқарушы билік өкілдері, ардагер спортшылар қатысты. Облыстық филармонияның әртістері концерттік бағдарлама ұсынды. Әуелі, жиылған жұртқа әуесқой спортшылар қыз қуу ойынын көрсетті, білектілер аударыспаққа шықты. Сонымен, бұл жолғы аламан бәйгеден облыстың ашық чемпионатына Алматы, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан арнайы күліктер әкелінді. Соңғы айналымдарға келгенде 16 жүйрік ішінен үздік үшеуі іріктелді. Мәре сызығын Жанкелдин ауданының «Алу» арғымағы кесті.  Оның иесі Баеке Аманбай облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолынан Volkswagen Polo автокөлігінің кілтіне ие болды. «Бұл менің екінші ірі жеңісім. Осыған дейін Көкшетауда өткен жарысты жеңіп келдік. Бүгінгі жарыс басталарда қобалжығаным рас. Себебі, өңіріміздің мықты деген тұлпарлары әкелінді. Дегенмен, соңғы айналымдарда қамшы басар сәттен жаңылыспадым», - деді Баеке Аманбай. Жас шабандозды ат спортына ағасы әкелген екен. Енді ол «Алу» атты тұлпарын республикалық жарысқа дайындап апармақ.