МАҢДАЙҒА БІТКЕН МАҚТАНЫШ

МАҢДАЙҒА БІТКЕН МАҚТАНЫШ

МАҢДАЙҒА БІТКЕН МАҚТАНЫШ
ашық дереккөзі
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы тарихи өлшеммен алғанда қысқа ғана мерзім ішінде саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан биік мақсаттарға қол жеткізіп, Еуразия аймағындағы ықпалды елдерге бәсекелестік туғызды. Халық саны 18 миллионнан асқан мемлекетте азаттықтың алғашқы жылдары қазақ ұлтының саны шамамен 41 пайыз болса, қазіргі кезде 65 пайыз. Түрлі этникалық топтар мен дәстүрлі дін өкілдері қоян-қолтық араласып, сенім және өзара құрметпен өмір сүріп отыр. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан стратегиялық және геосаяси жағдайымен ерекшеленетін Қазақстан жер асты байлығымен де әлемнің ең дәулетті елдерінің қатарында. Мұнай және табиғи газ қорымен 12 орын иеленіп, альтернативті энергия көздерінен түскен табыстарымен жаңа әуежай, көпір, автомагистраль салды, құрылыс науқаны қызу қарқын алған. Туризм саласы да тұралап тұрған жоқ, археологиялық туындылар елге табан тіреген туристердің қызығушылығын оятып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев – Көшбасшы Егемендіктің ең бірінші жылдары ел ішіндегі жағдайға қарап болашаққа үмітпен қарау қиындау еді. Экономиканың шамамен 50 пайызға құлдырауы, капиталдың жетіспеушілігі, гиперинфляция және жоғары мөлшердегі жұмыссыздық, алдағы күнге сенімсіздікті күшейтіп, инфрақұрылымды дамытып, технологиялық мүмкіндіктерді көбейту мәселесі қысқа уақытта шешілуі мүмкін еместей көрінетін. Ішкі наразылық, шекарадағы қақтығыс сияқты мәселелердің туындауы елдегі әлеуметтік аласапыранды өршіте бастады, идеологиялық бірліктің жоқ екендігі анық сезілді. Аңтарылған жұртқа қарап сыртқы сарапшылардың басым бөлігі Қазақстан өз алдына өмір сүре алмайды деген болжам жасады. Қазақстан қатал капиталистік жүйемен бетпе-бет келді. Ел қамы үшін етігімен су кешіп, басын бәйгіге тігер баһадүр қажет болды. Халықтың күткені – Қарағанды металлургия зауытында еңбек жолын бастап, саяси лауазымы қысқа уақытта жоғары сатыға жеткен Нұрсұлтан Назарбаев еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жарияланбай тұрып, 1989 жылы КСРО халық депутаттарының бірінші сьезінде сөйлеген сөзі есімде. «Елді демократияландыру бағытындағы сыпайы сөздің тәтті шырынына малданып, нан үшін бай Еуропа дастарқанынан қайыр тілеуге итермелеген саясатты қабылдау қиын. Қазақстан ешкімнің кіші інісі, жұмсақ құшағы бола алмайды, тек өз жолымен жүреді» деген болатын. Ол тәуелсіздікті жариялау үшін ыңғайлы уақытты күтіп, халықты геноцидке душар болдырмауды ойластырды. Өмір бойы үйренуден бас тартпайтын дағдысымен болашаққа жол бастау үшін Сингапур, Оңтүстік Корея, Малазия және Түркияның тәжірибесін пайдаға асырды. Экономика, тарих, саясат және өзге де саладағы білімін тереңдете отырып, 2030 даму жоспарын сызуға дайындалды. Сыртқы саясат негізін ынтымақтастық, тұрақтылық, бейбітшілік ұстанымдарымен қалады. Қырғи-қабақ соғыс кезінде қуаты жағынан әлемде төртінші орын алған ядролық қарудан бас тартып, Семей полигоны Нұрсұлтан Назарбаевтың шұғыл шешімімен жабылды. Алысты болжайтын Көшбасшы ретінде экономика және әлеуметтік саладағы көптеген мәселелердің алдын алып, көрегенділік танытты. Мемлекет басшысының тұрақтылық орнатып, бас араздық болдыртпай, нұсқаған жолы адастырмады. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару арқылы қажетті шараларды іске асырды. Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері мен этностарды бір шаңырақ астына жинап, бір мәмілеге келтіріп, бір мақсатқа жұмылдырды. Ешбір президенттің ойына келмеген ұйғарым Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саясаттағы беделіне оң әсер етіп, мәртебесін өсіре түсті. Экономикалық дипломатия күшейді Қазақстанда қазіргі сәтте альтернативті энергия көздерінен тыс экономиканы әртараптандыру бағытында жаңа үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы іске қосылды. Халықтың жан басына шаққандағы табысы 13 мың долларды құрайтын орташа табысты елдердің қатарына жетті. Алтын валюта қорын арттыруды көздеп отыр. Ұлттық банк пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында жинақталған алтын валюта резервтері 100 миллиард АҚШ долларынан асты. 2008 жылғы дағдарыста көмекке келген осы резервтер АҚШ-Ресей бәсекелестігі салдарынан құлдыраған мұнай бағасының тұрақталуына септігін тигізді. Қордың арқасында Қазақстан даму жоспарын жалғастырды және инвестициялардың қауіпсіз жағдайда жүзеге асуына қолайлы жағдай туғызды. Жаһандық дағдарыс жағдайында да экономикалық өсімін тежеген жоқ. Ел ішіндегі қой үстіне бозторғай ұялаған заман әлемдегі үздік биржалардың негізінде  халықаралық қаржы орталықтарының құрылуына сеп болып, шетелдік инвесторлар мен қаржыгерлердің назарын аударды. Тәуелсіздік алған 13 жылда 240 миллиард доллар тікелей инвестиция құйылды. Орталық Азия бойынша көш бастап келеді. Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылдан «экономикалық дипломатия» кезеңін бастап, Таяу Шығыс елдерінің бай капиталын тікелей әрі жанама түрде тартуды мақсат етті. Сонымен қатар, құрлықтағы мемлекеттік шекарасының жалпы ұзақтығы –14 мың шақырым болатын Қазақстан көрші Ресей, Қытай және өзге де елдермен стратегиялық қарым-қатынастар орнатып, АҚШ, Еуропа және ислам әлемімен байланысын күшейтуде. ЕҚЫҰ және ИЫҰ кезекті төрағалығынан кейін әлемде ұйымдастырылған ең ірі үшінші шара – ЕХРО – 2017 көрмесін сәтті өткізді. Дүбірлі доданың павильондары халықаралық қаржы орталығына берілді. Солтүстікте орналасқан бас қала Тәуелсіздіктің 26 жылында Қазақстандағы өзгерісті айтпай-ақ ұғындырған маңызды символдардың бірі – жаңа қала – Астана. 1998 жылы бас қала атанғаннан кейін қысқа уақытта салынған Елорда әлемнің ең тартымды орталықтарының біріне айналды. Қазіргі орналасқан аймағы және архитектурасымен Қазақстанның ғана емес, ислам әлемінің солтүстіктегі бас қаласы ретінде мойындалды. Дархан дала кіндігіндегі қазақ елінің жүрегі, маңдайға біткен мақтанышы. Зәулім тұрғын үй кешендері, заманауи әлеуметтік-мәдени нысандар, жол ережесіндегі тәртіп өзге елдерде сирек кездеседі. 1999 жылы қала құрылған қысқа уақытта ЮНЕСКО шешімімен «Астана –әлем қаласы» атағын алды. 105 метр биіктіктегі «Бәйтерек» мұнарасы туристердің жиі баратын орны. Қала көрінісін биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін монумент аңыз бойынша салынған. «Хан Шатыр», «Бейбітшілік пен келісім» пирамидасы, Есіл өзені, Орталық Азияның ең үлкен және заманауи мешіті «Әзірет Сұлтан» да осы қалада бой көтерген. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ататүрікке деген ерекше құрметін айта келе, Түркия Республикасының құрылу тарихына айрықша мән бергендігі туралы жазған естеліктері бар. Сондықтан біз де Астананың құрылысы мен Анкараның астана атануының арасында тылсым байланыстың бар екендігін жоққа шығармаймыз.

Күршат ЗОРЛУ,

«Ватан» газетінің колумнисі,

саясаттанушы-ғалым: