Ашық аспан аясындағы ғарыш музейі

Ашық аспан аясындағы ғарыш музейі

Ашық аспан аясындағы ғарыш музейі
ашық дереккөзі
Астанада Қызылорда облысы Елордаға сыйлық ретінде салған ашық аспан аясындағы ғарыш музейі-ракета-ғарыш техникасы экспозициясының таныстырылымы өтті. Жаңа музейдің таныстырылымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Астананың сол жағалау бөлігінде орналасқан жалпы аумағы 1,4 гектар жер учаскесінде шынайы өлшемде жасалған «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран-тасығыштары орнатылды. Жақын арада «Буран» орбитааралық кемесінің макеті қойылып, экспозиция маңындағы аймақ абаттандырылды. Сондай-ақ, кешен аумағында зымырандардың техникалық сипаттамасы, жасалуы және пайдалану тарихы туралы барлық мәліметтер көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер қойылды. Макеттер туралы айтар болсақ, «Союз» зымыран-тасығышының ерекше тарихи маңызы бар. Ол – «Байқоңыр» ғарыш айлағы пайда болуының негізгі себебі – «Королевтің жетілігі» деп аталып кеткен Р-7 жинақтамасының ең танымал зымыраны. «Протон» – автоматты ғарыш аппараттары жер серіктерін ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған ауыр санатты біржолғы зымыран-тасығыш. Геостационарлық орбитаға салмағы 3,3 тоннаға дейін жүктерді шығаруға қауқары бар. «Протон» зымыран-тасығышы барлық кеңестік және ресейлік орбиталық станция мен «Мир» станциясының модульдері және халықаралық ғарыш станцияларын космосқа шығару құралы болып табылады. Сондай-ақ, «Протон» зымыран тасығышының көмегімен «ГЛОНАСС» жерсеріктік жүйе кеңейтіліп, «Экспресс» сериялы жерсеріктер ұшырылады. Бірқатар көрсеткіш бойынша, оның ішінде ұшырылымның бағасы, орбитаға шығарылатын пайдалы жүк және оның килограммының құны бойынша «Протон» әлемдегі ең табысты зымыран. «Зенит» – негізгі орта санатты екі сатылы зымыран-тасығыш. Алғашқы ұшырылымы 1985 жылы 13 сәуір күні жүзеге асырылды. «Зенит» толығымен автоматтандырылған және ұшырылым құралында персоналдың болуын қажет етпейтін алғашқы әрі жалғыз әмбебап кешен. Бұл зымыранды тіпті 1980-90 жылдары «21 ғасырдың ракетасы» деп атайтын. «Зенит» ұшырылым кешенінің негізінде «Бәйтерек» ресей-қазақстандық бірлескен жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. «Буран» – «Энергия-Буран» бағдарламасының аясында шығарылған көп мәртелік орбитальді ғарыш кемесі. «Энергия-Буран» халықаралық ғарыш станциясын жасау Кеңес дәуіріндегі ең ауқымды бағдарлама еді. 18 жыл ішінде ғарыш станциясын 86 министрлік пен ведомство жанындағы 1286 кәсіпо­рынның миллионнан астам қызметкері әзірледі, мемлекеттің ең ірі ғылыми-өндірістік орталықтары осы жұмысқа тартылған. «Буран» космопланын қондыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағында күшейтілген ұшырылу-қону жолағы бар «Юбилейный» аэродромы арнайы салынды. Атап өтейік, жобаны жүзеге асыру­дың екінші кезегінде Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі музей мен планетарийдің құрылысын салуды жос­парлауда.