20 жылдыққа – 20 нысан
20 жылдыққа – 20 нысан
Жиырма жыл бұрын ұлт болып ұйысып, жұдырықтай жұмылған қазақ баласы Арқа төрінде Астана атты шаңырақты төбеге көтеріп, бір-бір уық болып қадалған еді. Тарих үшін қас-қағым сәт болса да, Астана айналасы жиырма жылдың ішінде әлем таныған шаһарға айналды. Бүгінде әр өңір елордаға қарап бой түзеп, құлашын кеңге сермеуде. Тіпті, 20-ға жаңа толған қалаға тарту жасап, сый-құрмет көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн.
Шілде айы туғалы бері Астананың 20 жылдық мерейтойына орай елімізде түрлі мерекелік шаралар рет-ретімен өтуде. Одан бөлек әрбір өңір елордаға шама-шарқынша құрмет көрсету дәстүрін бастап жіберді. Соның ішінде Жамбыл облысында «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясы ұйымдастырылып, Астана қаласының мерейлі тойына ерекше тарту жасады. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында орналасқан «Ерік ата» балабақшасының құрылысына 11 миллион теңге жұмсалды. Мереке қарсаңында пайдалануға берілген бөбекжайдың ашылу салтанатына байзақтық тұрғындар қатысып, еліміздің бүгінгі даму деңгейіне, Жамбыл өңірінің күн санап гүлденіп келе жатқанына ризашылық білдірді. Жоспар бойынша мұндағы 3 топта 75 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. Ал балаларды 6 педагог қазақ тілінде оқытады. Сонымен қатар Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында бой көтеріп, халық игілігіне берілген «Зерде» балабақшасындағы 2 топта 50 бала оқиды. Аталған балдырғандарға арналған нысанда жұмыспен қамтылған 6 мұғалім балаларға қазақ тілінде білім береді. Тараз қаласының іргесінде орналасқан ауылдағы балабақша заман талабына сай жабдықталған. Облыс орталығынан алпыс шақырымдай жердегі Жуалы ауданында бұл күнде «Burnoe Solar-1» күн электр стансасы жұмыс істейді. Астана қаласының мерейтойына орай «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Аталған нысанның екінші кезеңдегі кешенінің құрылысына 22 миллиард 667 миллион теңге жұмсалған. Оның 7 миллиард 804 миллион теңгесі United Green-Samruk Kazyna жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншікті қаржысы болса, қалған 17 миллиард 580 миллион теңге Еуропа қайта құру және даму банкі мен Таза технологиялар қорынан алынған. Қуаттылығы 50 МВт-ны құрайтын баламалы қуат көзін өндіру нысанын салу жұмыстарына 300 адам тартылса, нысан іске қосылған соң мұнда 45 адам жұмыспен қамтылады.
Меркі ауданында 125 өскінді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын «Ерсұлтан» балабақшасы есігін айқара ашты. Бұл мекемеде 4 топ жұмыс істеп, балақайлар 3 тілде білім алатын болады. Қазіргі таңда балабақшаға 104 бала жиналған. Елорда мерейтойы қарсаңында Қордай ауданының тұрғындары да көптеген игілікке кенелді. Қасық ауылдық округінің өзінде 7 бірдей нысан іске қосылды. Атап айтсақ, Әлжан ана ауылының тарихи музейі пайдалануға берілді. Мұнда ауыл тарихына қатысты барлық деректер жинастырылған. Сондай-ақ, аталған ауылдағы музей жәдігерлерінің бір парасы Әлжан ана мен оның туыстарына арналған. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қордай ауданына жұмыс сапары барысында түсірілген естелік суреттер мәдени нысанның тарихи мазмұнын арттырып тұр. Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, бар болғаны 1,5 айда бой көтерген музей заманауи цифрлы технологиямен жабдықталған. Сонымен қатар Әлжан ана ауылындағы құрылысына 35 миллион теңге жұмсалған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау бағытымен қатар, бұқаралық спортты дамытуға да септігін тигізбек. Ал осы ауылда пайдалануға берілген спорт алаңқайына облыстық бюджеттен 8 миллион 756 мың теңге бөлінді.
Бір кездері өндірісімен әйгілі болған Сарысу ауданының Жаңатас қаласында «Соляная компания «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ас тұзын өндіре бастады. Астананың 20 жылдығына орай ашылған жаңа өндіріс ошағының құрылысына 710 миллион теңге қарастырылған. Жылына 50 мың тонна ас тұзын шығаруға қауқарлы кәсіпорында жоспар бойынша 75 адам жұмыспен қамтылмақ. Жұмыскерлердің орташа жалақысы 60-80 мың теңге. Жалпы, аталған жоба Жамбыл облысы әкімдігінің 2016 жылы 30 желтоқсандағы №369 қаулысы негізінде өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген.
Ал Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында 160 адамға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешеніне 362,8 миллион теңге бөлінді. Мердігер «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешенді құрылысты өткен жылдың наурыз айында бастап, мереке қарсаңында ел тұрғындарына тарту етті. Тағы бір қуаныш, Талас ауданы, Қаратау қаласында биыл қоныстой көбейді. Бірқатар қаратаулықтар Астана күнін жаңа пәтерде тойлайтын болды. Аудан орталығында 70 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Шағын шаһардың 5-шағын ауданында орналасқан №51 үйдің жөндеу жұмыстарына 226 миллион 886 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар Қаратау қаласында «Елдана» балабақшасы пайдалануға берілді. Аталған нысан 50 балаға арналған. Жобалық құны 20 миллион теңгені құрайтын мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалардың заманға сай білім алуына барлық мүмкіндік жасалған.
Шу ауданының орталығы Төле би ауылында «Нұр-Аш» және «Лашын» балабақшалары өз жұмысын бастады. Жалпы құны 41,5 миллион теңгеге салынған «Нұр-Аш» балабақшасы 75 балдырғанды қабылдауға арналған. Ал «Лашын» балабақшасының құрылысына 7 миллион теңге бөлінген. Тараз қаласында облыстық олимпиадалық резерв арнайы мектебінің 3 ангарлық спорт залы пайдалануға берілді. Оның құрылысына 494,7 миллион теңге бөлінген. Өткен жылдың наурыз айында басталған нысанның құрылыс жұмыстарын «Қаратау құрылыс-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, нысан жобасын «Тараз-Технопроект» компаниясы жасаған еді. Ал құрылысы өткен жылы басталған облыстық арнайы балалар-жасөспірімдер №4 спорт мектебіндегі велосипед базасының құрылысын «АЕМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы атқарды. Мереке қарсаңында мәресіне жеткен жұмыстарға 166,5 миллион теңге жұмсалған.
«Астана – аймақтардың арқауы»
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форум өтті. Аталған форумда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, облыс халқын Астана күнімен құттықтады. «Ең бастысы – қысқа ғана 20 жыл ішінде Астана мемлекеттік брендке, мәңгілік мемлекеттігіміздің, асқақ рухымыздың нышанына айналды! Астана ел дамуындағы бағыт-бағдарға, қозғаушы күшке серпін беріп отыр. Соның ішінде өңірлердің дамуына да оң ықпал етіп отырғандығы белгілі. Сондықтан да бүгінгі «Астана – аймақтар арқауы» атты форумның өтуі орынды. Өйткені өңірлердің өркендеуі – Астананың дамуымен тамырлас! Мемлекет басшысы «Астана 20 жылдың ішінде бүкіл әлем қызыға көз тіккен мегаполиске, әлемнің маңызды кездесулер өтетін үнқатысу алаңына айналды. Қаламыз қарқынды дамып, өркендеудің келесі белесіне қадам басты», – деді облыс әкімі. Сонымен қатар «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форумда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынай Әбдіқадырова сынды азаматтар сөз сөйлеп, бүгінгі таңдағы Астана қаласының даму қарқынына, еліміздің әлем алдындағы беделіне тоқталды. Аталған форумның соңында облыстық филармония әншілері «Елімнің жүрегі – Астана», «Город мой», «Арман қала – Астана», «Елін сүйген Елбасы», «Нұрлы Астана», «Аяулы Астана» әндерін нақышына келтіре орындап, көрермен көңілін серпілтті. Осылайша, Астана батыс пен шығысты жалғаған шаһарға, тәуелсіздікпен еншілес, егіз ұғымға, әлемдік саясатта қадамы құтты қалаға айналды. Ол – еркіндік пен егемендіктің асқақ символы, тәуелсіздіктің тұғырлы тәжі.