ҮШ МҮМКІНДІК БЕРІЛГЕН ҰБТ

ҮШ МҮМКІНДІК БЕРІЛГЕН ҰБТ

ҮШ МҮМКІНДІК БЕРІЛГЕН ҰБТ
ашық дереккөзі
Түлектердің де, ата-аналар мен ұстаздардың да мазасын қашырған ұлттық бірыңғай тестілеу өз мәресіне жетті. Биылғы тестілеу өз ерекшеліктерімен есте қалды. Түлектердің кейбірі өздеріне артылған сенімді ақтап, мерейлері үстем болса, ал енді біреулерге бұл сынақта сәттілік серік болмады. ҰБТ елімізде биыл 15-ші мәрте өткізілді. Білім және ғылым министрлігі келтірген мәліметке сүйенсек, 2004 жылдан бері ҰБТ-ға 1 млн 600 мың адам қатысқан, жыл сайын тестілеуді өткізу технологиясы да жаңарып келеді. Үстіміздегі жылы ҰБТ республика бойынша 167 орталықта өтті. Ал әр пәннен шектеулі балл – 60. Ауыл шаруашылығы мен ветеринария бойынша шекті балл – 60, Ұлттық университеттер мен медицина мамандықтарына шекті балл – 65 балды құрайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл да екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – қорытынды аттестация, яғни мектептердегі бітіру емтихандары. Екіншісі – ҰБТ, яғни жоғары оқу орнына түсу емтиханы. Мектептегі қорытынды аттестацияда бітіруші түлек ең алдымен қазақ тілі мен әдебиетінен еркін тақырыпта эссе жазса, екінші пән Қазақстан тарихынан сұрақтарға ауызша жауап береді. Қазақстан тарихы пәні бойынша оқушыға теориялық және шығармашылық бағыттағы сұрақтар қойылады. Ал үшінші пәнде оқушы алгебрадан жазбаша емтихан тапсырады. Мұнан соң оларға қазақ немесе орыс тілінен (орыс мектептері қазақ тілінен, қазақ мектебіндегілер орыс тілінен) тест сұрақтары беріледі. Ең соңғы емтихан оқушылардың өздері таңдаған пәнінен болады. Ал жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын ҰБТ әдеттегідей бес пән бойынша өтеді: үш міндетті және екеуін таңдауға болады. Міндетті пәндер қатарында математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы бар. ҰБТ-ны жоғары оқу орнына түсуге ниетті талапкерлер ғана тапсырады. ҰБТ 5 пән бойынша 120 сұрақтан құрастырылған. Бірақ тестілеудің жалпы ұпай саны – 140. Өйткені бейінді пәндер бойынша тест тапсырмаларының ішінде бір сұрақтың бірнеше дұрыс жауабын белгілейтін тапсырмалар да бар. Биыл мектеп бітірген 146 мың түлектің 98 мыңнан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Негізінен, әу баста 102 447 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Оның ішінде 77 224 өтініш – қазақ тілінде, 25000 – орыс тілінде болса, 46 бала ағылшын тілінде сынақ тапсыруға ниет білдірген. Биылғы ҰБТ-ның басты ерекшелігі де – осы, ағылшын тілінде тест тапсыру мүмкіндігі. Алайда 46 баланың 28-і ғана тестілеуді ағылшын тілінде тапсырды. Ағылшын тілінде тест тапсырған түлектердің 7-еуі  – Атыраудан, 5-еуі – Астанадан, 6-ауы – Шымкенттен. Өкініштісі, сынаққа қатысқандардың 14 мыңнан астамы ҰБТ-ның шекті балын жинай алмады. Бұл барлық талапкерлердің 14 пайызын құрайды. Өткен жылдың статистикасымен салыстырар болсақ, сынақтан сүрінгендер саны биыл былтырғыдан 1 пайызға өсіп тұр. Бірақ тестілеуден сүрінгендер үшін бір емес бірнеше рет сынақты қайта тапсыруға мүмкіндік бар. ҰБТ мен кешенді тестілеуден 50-ден төмен балл алған талапкерлердің тамыз айында екінші рет тест тапсыруға мүмкіндігі бар. Егер талапкер екінші сынақтан да өте алмаса, жоғары оқу орнында ақылы түрде бір семестр оқып, қаңтар айында қайта тест тапсыра алады. Осы кезде межеден асырып балл жинаса, тегін білім грантына қол жеткізе алады. Мемлекеттің мектеп бітірушілерге үш бірдей мүмкіндік беруінің де себебі жоқ емес. Жыл сайын 30 мыңға жуық талапкер ҰБТ-дан межелік балл жинай алмай оқудан қағылады. ҰБТ-дан өте алмаған түлектердің көпшілігі көршілес Ресей, Қырғызстан елдеріне ақылы оқуға кетеді. Осылайша, қомақты қаржы көршілес елдің қазынасына құйылады. Міне, осыған тосқауыл қою мақсатында мемлекет талапкерлерге 3 бірдей мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ұлттық сынақ барысында 9 мектеп бітірушінің жауап парақтары жойылған. Дәл осындай ҰБТ тәртібін бұзған шәкірттер үшін алдағы уақытта қатаң жаза қолданылуы ықтимал. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары ҰБТ тәртібін бұзған талапкерлерге айыппұл салынуы мүмкін екендігін ескертті. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта бұл мәселе Ішкі істер министрлігімен бірге қарастырылып жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары талапкерлердің қитұрқы әрекеттерінен әбден мезі болған тәрізді. Биылғы сынақ кезінде тест кітапшасының парағын жыртып алып, сыртқа алып шықпақшы болған талапкерлер де кездесіпті. Ал ҰБТ кезінде ұялы телефонға суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктегендердің әрекеті қоғамды тіпті дүрліктірді. Қалай дегенмен де, қатаң жазаға тартылған талапкерлер де ұлттық бірыңғай тестілеуді тамыз айында қайта тапсыру құқығынан айырылмайды. Ұлттық тестілеу орталығы ұсынған қорытынды деректерге иек артсақ, республика бойынша орташа балл –  83. Ал ең жоғарғы 140 балды алматылық Шиара Құдайбергеновадан өзге ешкім жинай алмады. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов өз уәдесінде тұрып, ең жоғарғы балл жинаған шәкіртке жаңа телефон табыстады. Тест тапсырушылардың 600-ден астамы комиссияға апелляциялық шағым түсірсе, соның жартысына жуығы қанағаттандырылған. Қалай десек те, елімізде биыл 15-ші рет өткізілген ҰБТ төңірегінде қандай да бір даудың пайда болуына себепкерлер де аз емес. Бастысы, түлектер дұрыс мамандық таңдай біліп, өмірде жолдары ашық болса болғаны.