Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТ САНАСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТ САНАСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп жырға қосқан өлкенің бұл күні жұлдызы жоғары. Өйткені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгертіліп, Түркістан шаһары облыс орталығы мәртебесін иеленді. Бұл өзгеріс күллі қазақты қуанышқа бөледі десем, артық айтқандық емес. Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру және облыстың атауын Түркі­стан облысы деп өзгерту – тарихи маңызы бар шешім. Өйткені ХІV-XVIII ғасырларда  Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан – түркі  жұртының тал бесігі. Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлері дәл осы аймақты орталық етіп, Түркістан автономиялық республикасын құрған болатын. Киелі шаһардың облыс орталығы атанып, мәртебесінің өсуі – тарихи жеңіс, әділетті шешім. Ежелден Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан киелі Түркістан – қазақтың рухани ордасы, түркі әлемінің мәдени астанасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мекенді халқымыздың рухани астанасы деп атап келген. Қазақ хандығының ордасы болған шаһардың мәртебесін өсіру – қазақ ұрпағына артылған міндет еді. Азаттық үшін оққа ұшқан зиялылар қазақтың мемлекеттігі үшін күресті. Сол арыстар Түркістан автономиясын құрғанда да дәл осы қасиетті орданы барша қазақ ұрпағына аманат етіп кеткен. Сол міндетті абыроймен атқарғанымызға қуанамын. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде қайта гүлденуін қазақтың азат санасының жаңғыруы деп білемін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Сондықтан Түркістан қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық», – деп атап өткен болатын. Елбасының бұл шешімі Түркістан қаласының халқына көрсетілген үлкен сенімнің белгісін ғана білдірмейді, сондай-ақ, оған зор жауапкершілік жүктейді. Академик Манаш Қозыбаев қазақтың қасиетті қаласын: «Түркістан – бір халықтың тарихы ғана емес, дүниежүзілік тарихпен еншілес, Ұлы әлемнің омырауына таққан қасиетті тұмарларының бірі, түркітектес жандардың иманының нұры, түркі әлемінің басын қосқан рухтың шыңы» деп бағалаған. Рас, еліміздің рухани астанасы – ежелден мұсылман атаулы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты ордасы. Хан-батырлар, би-шешендер мен қазақ қайраткерлерінің сүйегі жатқан облыс орталығы – қазақ халқы үшін қасиетті мекен. Киелі Түркістанға зиярат етушілердің саны күн санап көбейіп келеді. Ал облыс орталығы ретінде Түркістанды қайта жаңғыртуды қолға алғаннан кейін қасиетті шаһарымызға келушілердің саны одан да арта түсері сөзсіз. Себебі Түркістан қаласы тек сондағы тұрғындардың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ортақ Отаны. Ел Президентінің Түркістан облысын құру, Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы Жарлығы қазақ үшін қасиетті шаһардың өсіп-өркендеуіне, дамуына, кең қанат жаюына тың серпін беретіні сөзсіз. Осы шешімнен кейін қазақтың барша ұлыларының мәңгілік мекеніне айналған Түркістан қайта жаңғырмақ. Тек қасиетті шаһар ежелгі түркі мәдениетінің бүгінгі замандағы келбетіне сай жаңғыртылса екен деген тілегім бар. Қазақтың рухани һәм мәдени ордасы екенін Түркістан шаһары елорданың 20 жылдық мерейтойына жасаған сыйынан-ақ анық аңғартты. Астана төрінде үш күн қатарынан Түркістаннан келген шеберлер мен өнер майталмандары өнерлерін көрсетіп, елордалықтарға рухани азық сыйлап кетті. Астанада өткен Түркістан облысының әр күні елордалықтар үшін рухты аспандатқан халықтық өнердің нағыз салтанатына айналды. Бұл мереке жиналған қауымға шынайы өнердің ләззатын сезіндірді. Қасиетті Түркістан елордалықтарға асқақ рухтың, мықты тектіліктің тылсымын ашып, киесін ұқтырды десек, артық емес. Орта Азия және еліміздегі ең көне шаһарлардың бірі – Түркістанның облыс орталығы болып бекітілуі Алаш жұрты үшін үлкен қуаныш. Бірліктің бесігі, руханияттың ортасына айналған Түркістанның рухани һәм мәдени өрісінің кеңеюі үшін аянбай тер төгетін боламыз. Түркістан тек Қазақстанның рухани астанасы емес, ол жалпы түркі елдерінің рухани астанасы деп білемін. Сондықтан Түркістанды рухани һәм мәдени астана ретінде әлемге танытуымыз керек. Түркістан облысын құрып, ол облыстың орталығы ретінде киелі Түркістан қаласын бекітудегі мақсат тарихымызға тереңінен бойлап, ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды қайта қалпына келтіру деп санаймын. Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттердің іс жүзінде жүзеге асуының бір дәлелі, қоғамымыздың рухани жаңғыруының жарқын көрінісі деп қабылдаймын. Осы шешім арқылы 1500 жылдан астам терең тарихы бар қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа тынысы ашылғалы тұр. Түркістан облысын құру – руханиятымызды жаңғыртудағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Енді қазақтың рухани әлемін, мәдени әлемін бір ортаға жинауға мүмкіндік туып отыр. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қазақ халқының өткенін жаңғыртып, ұлттық мәдениетіміз бен рухани байлығымызды әлемге паш ете алсақ, бұл біздің ең үлкен жетістігіміз болмақ.  

Сәбит ОРАЗБАЙ,

Қазақстанның Халық әртісі,

Қазақстан Мемлекеттік

сыйлығының лауреаты