Әйелдердің еңбегі ерен

Әйелдердің еңбегі ерен

Әйелдердің еңбегі ерен
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент академиясы мен «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі «Өзгеріп жатқан әлемдегі әйелдер: мүмкіндіктер мен келешек» атты дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Парламент депутаттары, кәсіпкер әйелдер және Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері елдерінен арнайы өкілдер қатысты. Кездесуде «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Жанар Боқанова елімізде гендерлік теңдік бағытында атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. – Қазақта «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген әдемі сөз бар. Қазіргі таңда әйелдер отбасы, ошақ қасындағы мәселеден бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастады. Мысалы, елімізде бірнеше әйел вице-министр абыройлы еңбек етуде. Сондай-ақ, ондаған әйел депутат болып, еңбек етіп жатқанын айтып өткен жөн. Мыңдаған әйел кәсіпкерлік саласында өз бизнесін жүргізіп, еліміздің дамуына үлес қосып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, әйелдер қауымы әртүрлі салада биік белестерді бағындыруда. Мұның бәрі Елбасының гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөлуінің арқасында мүмкін болып отыр, – деді ол. Бұдан кейін Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида Абдулла Камбер әл-Авадхиге сөз сөйледі. Ол өз елінде әйелдердің 20-25 пайызы түрлі атқарушы билік саласында еңбек ететінін айтты. – Біріккен Араб Әмірліктерінің Королі әйелдердің тең құқықты болып өмір сүруіне ықпал етуде. Мысалы, елімізде әйелдер биліктің түрлі саласында қызмет етіп, өзінің қарым-қабілетіне сай қолдау табуда. Сондай-ақ, елімізде іскер әйелдер қауымы өз бизнесін жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінің Бизнес кеңесі өз ісін бастаймын деген әйелдерді айрықша қолдауда. Осының арқасында әйелдер құрылыс, мейрамхана, қонақүй бизнесінде зор жетістіктерге жетті. Бұдан бөлек әйелдер білім беру мен денсаулық сақтау саласында нәтижелі еңбек етіп жатқанын айтқым келеді. Біздің елде ерлер мен әйелдердің еңбекақысы тең деңгейде төленеді, – деді ол. Жиын барысында іскер әйелдер өз ойларымен бөлісіп, алда атқаратын шаруаларын пысықтады. Сондай-ақ, елдің экономикалық дамуында әйелдердің ықпалын арттыру керек екенін ескертті.