Кедергілер жойылуы тиіс

Кедергілер жойылуы тиіс

Кедергілер жойылуы тиіс
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша әлеуметтік нысандардың ерекше күтім қажет ететін жандарға қолжетімділігін анықтау мақсатында арнайы айлық басталды. Алматы облысының 19 аумақтық филиалдарында әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне, жолаушыларды тасымалдаушы көліктерге мониторингтер жүргізілді. Мәселен, қалалық партия филиалының өкілдері Элеонора Талданбаева, Ғазиз Аманжолұлы, қалалық ішкі істер басқармасының мемлекеттік жол инспекторы мен  «Алпамыс» ҚБ өкілі бастаған мониторингтік топ Талдықорған қаласының жолаушыларды тасымалдаушы көліктеріне мониторинг жүргізді. Шара барысында автобустардың мүгедектерге бейімділігін анықтап, автобустардың ішкі салоны, жолаушыларға арналған қолайлылығына талдау жасалды. Мониторинг қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсыныс хаттар жіберілді. Дәл осындай рейдтік шара Жамбыл аудандық партия филиалының ұйымдастыруымен өтіп, бірқатар қатаң ескертулер жасалды. Жоба аясында сондай-ақ, қоғамдық автокөліктердің және әлеуметтік инфраструктуралардың мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімділігін бағалау айлығының басталуына орай аудандық қоғамдық автокөліктердің мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімделуін тексеру жұмыстары Панфилов ауданында да өтті. Рейдке «Нұр Отан» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмаилов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы М.Хизметов, Жастар ресурстық орталығының әдіскері Тілепқұл Әлімжанов және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысып, талапқа сай тексеру жүргізді. Партиялық жоба аясында ерекше күтімді қажет ететін жандардың талаптары мен мүмкіндіктеріне жол ашу мақсатында Текелі қалалық филиалы арнайы рейд ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалардың талапқа сәйкестігін тексерді. – Бүгінгі шара көп олқылықтарды анықтады. Әсіресе, қоғамдық көліктердің ерекше күтім қажет ететін жандарға кедергі жасап, көпшілік ортада жүре алмауына тосқауыл болатыны, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарда арнайы дәретханалардың жабдықталу ретінің әлі де талапқа сай еместігі көңіл қынжылтады. Біз бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жүргізетін боламыз. Партиялық жобаның аясы кеңейіп, көпшіліктің қолдауымен «кедергісіз ортаны» бірге жасауымыз керек деп санаймын, – дейді облыстық филиалдың саяси бөлім меңгерушісі Гүлнар Дүскеева.