Ескерусіз қалған ересек жандар әлеуметтік теңсіздіктен жапа шегеді

Ескерусіз қалған ересек жандар әлеуметтік теңсіздіктен жапа шегеді

Ескерусіз қалған ересек жандар әлеуметтік теңсіздіктен жапа шегеді
ашық дереккөзі

Елімізде егде тартқан азаматтардың еңбектен шеттетілуі соңғы уақытта жиі талқыға түсіп жүр. Тіпті, тамыз айының соңында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елордада «50-ден кейінгі өмір: зейнет алдындағы адамның жұмысқа орналасуда тап болатын қиындықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бүгінде адамның жасына қарай жұмысқа қабылдауды шектеуге заңдық негізде тыйым салынғанымен, «40 жасқа дейінгілерді жұмысқа қабылдаймыз» деген сарындағы жарнамаларға тоқтау болмай тұр.

40 жастан асқан азаматтарды жұмысқа қабылдаудан ашық бас тартатын жұмыс берушілер қатары да артуда. Ал мұндай жағдайда жасы 40-тан асқан азаматтар қайтпек?

 Жығылғанға жұдырық болған жарнама

Қазір жұмыс іздеген жанның барлығы арнайы интернет сайттарынан бос жұмыс орнын бақылап отыруы қалыпты құбылысқа айналды. Өйткені интернет арқылы жұмыс іздеу өте қолайлы. Бос орындар туралы ауқымды деректер базасы бар ғаламтор сайттарынан делдалдарсыз-ақ, үйде отырып жұмыс табуға мүмкіндік бар. Бірақ... Сол сайттардағы жарнамалардың басым бөлігінде жұмысқа қабылданатын азаматтардың шектеулі жасы көрсетіледі. Яғни, жұмыс берушілер 40 жастан асқан азаматтарды жұмысқа қабылдауға құлықсыз. Заң жүзінде бос орындар туралы хабарландыруларда жұмыскерлердің жасы мен жынысы туралы талаптарды көрсетуге тыйым салынған. ҚР Конституциясының 24-бабының 1,2-тармақтары бойынша әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына және әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін ешбір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Сонымен қатар, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 14-бабы 3-тармағының 3-2-тармақшасына сәйкес, жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарды қамтитын ақпаратты орналастыруға тыйым салынған. Интернет сайттарында орналастырылған мұндай хабарландырулар сот шешімімен заңсыз деп танылады. Алайда бүгінгі күні мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ тәрізді. Ғаламтор беттерінде де, бос жұмыс орындары жарияланатын арнайы басылымдарда да жасы туралы талаптар тайға таңба басқандай көрсетілген хабарландырулар жеткілікті.

Сөзіміз дәйекті болу үшін біз де арнайы сайттарды қарап шықтық. Сайттағы хабарландыруды бір шолып шыққаннан-ақ, жасы 45-50-ден асқандардың екі қолға бір күрек табуы қаншалықты қиын екеніне көз жеткіздік. Мәселен, қара күшті қажет етпейтін бухгалтер, экономист, заңгер сияқты іс-қағаздар мен есеп-қисап мамандықтарының шекарасы 25-45 жасты құрайды. Дүкендегі сатушылыққа 25-35 жас аралығында шектеу қойылады. Кейде тіпті білікті әрі тәжірибесі мол маманның өзі жасының үлкендігіне байланысты далада қалады. Мәселен, елімізде кең таралған «OLX.kz» сайтында мынадай хабарландырулар орналасыпты. «Требуется сотрудник в типографию до 25 лет. Со знанием CorelDraw и Photoshop. Без вредных привычек. Желательно с опытом. Шестиднев­ка, с 10.00 до 20.00»; «Горячая вакансия! Срочно требуется продавцы-консультанты до 40 лет. Условия при собеседовании»; «Горячая вакансия! Срочно требуется грузчики возраст до 40 лет. Шестидневная график работы». Бұл – біз жазып алған бірнеше хабарландыру. Аталмыш сайтта бұл тектес жарнамалар жетіп-артылады. Кейбір хабарландыруларда «студенттер мен 40 жастан асқан азаматтар мазаламаңыздар!» деген қатаң ескерту де көрсетіледі.

Сонда 40 жастан асқан азамат­тар зейнет жасына дейін немен айна­лыспақ? Оларды еңбек ету құқығынан айы­рудың заңсыз екендігін біле тұра, оған көз жұма қарауымыздың себебі неде? Жұмыс берушілер нелік­тен жастарды ғана қызметке қабыл­дауға ниетті? Жастардың көбінесе өз құқықтарын, Еңбек кодексінің ережелерін біле бермейтіні шындық. Тіпті, оларды айтқанға көндіру, бұйрықты орындату да оңай шаруа. Ал ересек азаматтардың басшылықтың орынсыз бұйрығына бағынбайтыны да бесенеден белгілі. Бәлкім, жұмыс беруші компаниялар мен мекемелердің көздегені осы болар. Әйтпесе, олар да өмірлік тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары азаматтарды жұмысқа тартуға тырысар еді. Сонымен қатар, жасы егде жандарды ұната қоймайтын жұмыс берушілер «жасы келген азаматтар жұмысты өндіріп істей алмайды», «денсаулығы жиі-жиі сыр береді», «компьютерді меңгермеген» деген секілді себептерді алға тартады.

Дегенмен, кез келген жұмыс берушінің, тіпті, ол жекеменшік компанияның басшысы болсын, адамның жасына қарап, шектеу қоюға құқығы жоқ. Қазақстанның Еңбек Кодексінде: «Кез келген адамға жасына, денсаулығына, нәсіліне, жынысына, тіліне қарап еңбек етуіне ешқандай шектеу қойылмайды. Ал шектеу қоюға тырысқан жұмыс беруші айыппұл төлейді» деп көрсетілген. Сондықтан, 30 немесе 35 жасқа дейінгілерді ғана жұмысқа аламыз деп жарнама берген компанияларды сотқа беріп, айыппұл төлетуге әбден болады. Алайда біздегі жұмыс беруші мекемелердің көпшілігі жекеменшікке жатады. Жеке кәсіпкерлер мемлекеттік еңбек нарығының басты талаптарын ойланбай-ақ бұза салатынына бойымыз әбден үйреніп алған сынды.

40 жастан ассаңыз...

Қырықтың қырқасына шыққан­дарды бүгінгідей құбылмалы заманда жұмыстан қысқарып қалмасам деген үрейлі ой көп мазалайтыны жасырын емес. Себебі бұл жастағы азаматтарға қайта жұмысқа орналасу қиынның қиыны. Осыдан 2 жыл бұрын, 2013 жылы Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов осы мәселені көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір қазақстандықтың еңбек ету бостандығына құқығы бар. ҚР Еңбек кодексі бойынша ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына және кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды. Алайда көптеген қазақстандықтар жұмысқа қабылдау барысында ашық кемсітуге тап болады. Көп жағдайда жұмыс берушілер жасына шектеу қояды. Бұл, көбінесе, 40-45 жас деңгейінде белгіленетін жастың жоғары шегіне қатысты. Бүгінгі күні барлық жұмыс берушілердің жартысына жуығы 40-45-ке дейінгілерді ғана жұмысқа аламыз деп шалқаюда. Бұл демократиялық принциптерге мүлде қайшы әрекет. Ендеше біздің демократиялық мемлекет құрып жатырмыз дегеніміз қайда?», – деген болатын Тұрсынбек Өмірзақов. Жұмыс берушілердің мұндай әрекетін дискриминацияға теңеген еді халық қалаулысы. Сондай-ақ, депутат өзінің сауалында адамдарға жас мөлшеріне қарап жұмысқа тұру құқығын шектегендердің барлығына Әкімшілік кодекске сай 5 пен 25 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салу туралы ұсыныс айтты.

Еңбек жөніндегі халықаралық ұйым­ның жүргізген зерттеуі егде адам­дардың еңбек өнімділігі жастар­дан төмен деген тұжырымды жоққа шығарады. Әлемнің жоғары дамыған елдерінде адамды жасына қарап еңбек ету құқығын бұзғандарға қатаң шара қолданылады. Мысалы, Францияда осындай заң бұзушылыққа барған жұмыс беруші 2 айдан 1 жылға дейін бас бостандығынан айрылса, АҚШ-та 40 пен 65 жас аралығындағы адамдардың еңбек ету құқығын қорғау мақсатында «Жұмысқа жалдап алу барысындағы жасына байланысты кемсіту туралы» арнайы заң шығарылған. Ал Жаңа Зеландияда адамды жас мөлшерін шектеу арқылы жұмысқа қабылдайтындығы туралы хабарландыру ілген жұмыс беруші бірден қылмыскер атанады екен. Көршілес Ресей үкіметі де 2013 жылы «Жұмыс берушілердің жас мөлшеріне шектеу қоюға тыйым салу жөніндегі» заң жобасын мақұлдады.

Ал біздің еліміздегі бұдан шы­ғу­дың жолы қандай? Таяуда Астана қаласында өткен басқосуда сөз сөйлеген «Қазақстан – 2050» Жалпы­ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин: «Еліміз бойынша еңбекке жарамды 8,5 млн.-ға жуық адам болса, оның 2 млн.-нан астамы 45-59 жас аралығындағы азаматтар. Олардың барлығы демесек те, едәуір бөлігі өз жұмыс орындарын сақтап қалуда немесе жаңадан жұмысқа орналасуда көптеген қиындықтарға кезігеді. Зейнеткерлік жастың алдын­дағы жұмыссыз жүрген азаматтардың әлеуетін еліміздің дамуына тиімді пай­дала­нуымыз қажет. Сондай-ақ, оларды жұмыспен қамтудың жол­дарын қарастыру өзекті мәселе болып табылады. Бұл өз кезегінде осы топтағылардың жасы жетіп, еңбек демалысына шыққан кезде өзге отандастары секілді лайықты зейнетақы алуларына мүмкіндік береді», – деді. Осы орайда, жасы келген жандарды қайта даярлау, біліктілігін арттыру, оқыту мәселелеріне көбірек көңіл бөлу қажет екендігі айтылды. Яғни, жасамыс тартқан азаматтарды қайта даяр­лап, заман талабына сай мамандық алуына жағдай жасауды күн тәртібіне шығару керек.

Германияда 50-ден асқан азамат­тарға қажетті жұмыс орнын жасау үшін тиісті жұмыс берушілерге квота бөлінеді екен. Ал Францияда ірі кәсіпорындар 50 жастан асқан қызмет­керлеріне жалақы мөлшерін сақтай отырып, қысқартылған жұмыс күнімен қамтуды ұсынады. Еуроодақ елдерінде қызметкер біліктілігін арттыру мақсатында үздіксіз оқыту стратегиясы қолданылады. Болгария, Ресей, Македония, Украина елдерінде егде жастағы жұмыскерлер ақысы төленетін қоғамдық жұмыстарға тартылған. Ал Қазақстанда 2013 жылы 50 жастан асқан жандарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «50+ бас­тамасы» қолға алынған болатын. Кешенді жоспар Мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында әйел еңбегін кең пайдалануға бағытталған жобаларды жүзеге асыру және 50 жастан асқан азаматтар арасында кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруды көздейді. Кәсіпкерлерді дайындау «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда.

Жұмыс істеуге ниетті, бірақ...

Биліктегілердің зейнет жасына жетпей-ақ жұмыссыздардың қатарына қосылған егде жастағы азаматтардың мәселесін шешу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып жатқанын айт­пай кетуге болмас, әрине. Бірақ бүгінгі күні бұл шаралардан қаншалықты нәтиже болып жатқаны беймәлім. Осы орайда, 40 жастан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған азаматтарды іздес­тіріп көрген едік. Ойыма бір мезетте осыдан біраз уақыт бұрын Алматы қаласынан Қордайға жеткізген такси жүргізушісі түсті. Жүргізуші сол кезде өзінің қызмет жолы туралы біраз әңгіме қозғаған еді. Жолға шығарда көбіне сол кісіге хабарласатынмын. Еш ойланбастан такси жүргізушісіне қоңырау шалдым. Телефон тұтқасын бірден көтерген азамат хабарласу себебімді білгеннен кейін, сауалдарыма жауап беруге келісті. Есімін толық көрсетпеуді өтінген Нұрболаттың жасы 45-те. Қордай мен Алматы қаласының арасында жолаушы тасымалдауды осыдан 2 жыл бұрын бастаған екен. Оқу орнын бітіргеннен кейін Нұрболат өз мамандығы бойын­ша жол полициясы учаскелерінің біріне (оқу орны мен жұмыс орнын көрсетпеуді өтінді, біз кейіпкердің өтінішін орындадық) жұмысқа орналасады. 10 жыл бойы жол полициясы қызметін атқарған азамат отбасылық мәселелермен 2002 жылы жұмыстан өз еркімен кетеді. Сөйтіп, кейін жеке кәсіпкерлікпен айналыспақ болып, Қырғызстаннан тауар тасып, саудамен айналысады.

– Жеке кәсіп бастағаныңызбен, қазір жолаушы тасымалдап жүрсіз. Бұл қосымша табыс көзі ме?

– Қайдан қосымша табыс көзі болсын. Қазір отбасымды осы көлігімнің арқасында асырап жүрмін. Әуелде, біраз жыл саудам жақсы жүріп тұрды. Кәсібім жандана бастады. Бірақ 2008 жылдан бастап түрлі жағдайлар орын алып, соңында банкрот болдым. Біраз уақыт не істерімді білмей жүрдім. Қолымнан келетін жұмыстың бәрін істеп көрдім. Тұрақты болмағандықтан, бір жұмысты ұзақ істеу де мүмкін емес. Бірақ бала-шағаны асырау керек. Содан жолдастарыма ілесіп, үлкен жүк көлігімен көрші елдерден тауар тасымалдаумен айналыстым. Бірнеше жыл бойы ұзақ жолдарға шығып жүріп, өзім де шаршай бастадым. Оның үстіне, көліктің бұзылуы да жиілеп кетті. Көліктің шығыны табатын табысымнан асып кетті. Сөйтіп, бұл жұмысты да тастауға мәжбүр болдым. 2013 жылдан бері жолаушы тасымалдап жүрмін.

– Ал өзіңіздің негізгі қызметіңізге оралу туралы ойламадыңыз ба?

– Тәп-тәуір қызметімді тастап кетпе­генімде, ендігі сол жерде зейнетке шығуға дайындалар едім. Бірақ амал жоқ. Ағаларым бұрынғы қызметіңе қайта орналасуға тырысып көр деп қолқалаған соң, құжаттарымды жинақтадым. Бірақ еш жерде құжаттарымды қабылдамады. Тіпті, 10 жылдық еңбек өтілімді де ешкім ескермеді. Ол кезде жасым 39-да болатын. Сондықтан, мені жылдам қимылдауға қауқарсыз, жаңа технологияларды меңгермеген егде жастағы адамдар қатарына қосып тұр. Сөйтіп мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмайтынымды білгендіктен, амалсыздан дипломым мен әскери билетімді сандықтың түбіне тастап, қолдан келетін шаруамен айналысуға тырыстым.

Бүгінде қолында дипломы бар азамат күнкөріс қамымен көлік тізгіндеп жүр. Күн сайын жолда жүрудің оңай емес екендігі де белгілі. Бірақ олай етпеске амалы жоқ, ұл-қыздарын асырау керек. Нұрболаттың еңбек жолымен танысып отырғанда, азамат тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Сөйтсек, Нұрболаттың әйелі де дәл осындай жағдайға тап болыпты. Тараз қаласындағы медициналық колледжді тәмамдаған жолдасы да қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Тараз қаласында медбикелік қызмет атқарған 41 жастағы Ләззат бүгінде химиялық тазалау бөлімінде киім тазартып жүр. Өйткені отбасын құрғаннан кейін әйелінің жұмысқа шығуға мүмкіндігі болмапты. Әуелде жас келін ата-енесінің қабағын бағып жұмысқа шықпаса, кейін бала тәрбиесімен үйде отырып қалады. Балалары есейгеннен кейін дипломын қолына алып, жұмысқа орналасуға тырысқан Ләззатты ешбір медициналық мекеме жұмысқа қабылдамаған. Тек бір аурухана ғана санитар-тазалау­шы қызметін ұсыныпты. Есесіне, қызметке орналасқаны үшін «сый» дәметіпті аурухана басшылығы. Қолындағы дипломына сенген Ләззат ол кезде мұндай жұмыстан бірден бас тартады. Алайда оны ешбір жерге жұмысқа қабылдамайды. «Әйелімді жұмысқа орналастыру үшін бас дәрігерлерге ақшасын беріп те көрдік. Бірақ соның реті келмей-ақ қойды. 1-2 жылда бүкіл емханаларды аралап шыққан шығармыз. Соңында үмітіміз үзілді. Сөйтіп әйелім қолындағы дипломмен жұмыс істей алмады. Кейінірек химиялық тазалау орталығына жұмысқа орналасты. Қазір де сонда қызмет атқарып жүр. Дипломын ұмытып та кетті. Оның үстіне ұзақ жыл жұмыс істемесе, дипломы күйіп кетеді деген ереже бар көрінеді», – дейді Нұрболат. Оның айтуынша, Ләззат өз мамандығы бойынша жұмыс іздеген кезде 36-37 жаста болыпты. Әйелінің жұмысқа қабылданбауының себебі де сонда деп отыр. Міне, бүгінгі күннің шындығы осындай. 50 жастан асқандар ғана емес, 35-тен өткен азаматтарға тұрақты жұмыс табу өте қиын болып тұр. Жан бағу үшін қолдан келген шаруа­ны атқарып жүрген Нұрболат пен Ләззат секілді азаматтар қаншама. Олардың қатарының жыл сайын көбейіп отыруы да заңды құбылысқа айналып барады. Осы орайда, бұл тақырыпқа қатысты қоғам пікіріне жүгініп көрген едік.

Қанат ӘУЕСБАЙ, «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының медиадиректоры:

– Қазір ауылдық жерлерде бала бағып отырған әйелдер көп. Олар кезінде белгілі бір оқу орнын бітірген болуы мүмкін. Бірақ біраз жыл жұмыс істемеген соң үзіліс болып қалады. Сондай жағдайда біліктілікті көтеретін курстар бар. Бірақ ондай курстардың бар екенін көпшілік біле бермейді. ҚР Конституциясында еңбек үшін ақы төленгенде қандай да бір кемсітушілікке жол берілмеуі тиіс делінген. Соған қарамастан, қоғамда жұмысқа орналасу барысында бірқатар дискриминацияға жол берілетіні жасырын емес. Мұндай кедергілерге, жұмыс іздеген кезде, әсіресе, зейнеткерлік жасқа тақап қалған адамдар тап келеді. Зейнеткерлікке шығуына санаулы жыл ғана қалғанда жұмысынан айрылып, шарасыз күйде қалған қарттармен салыстырғанда, жастар бұл мәселеде тез жол тауып, бейімделіп кете алады. Сондай-ақ, жастарға мемлекет тарапынан да жақсы қолдау көрсетілуде. Ал зейнеткерлік жасқа тақап қалған азаматтар ішінара назардан тыс қалып қойып отыр.

Баян БЕКБОСЫНОВА, мұғалім:

– Кез келген азаматтың еңбек бостандығы бар. Ол өзі қалаған қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдай алады. Мұны біз ойдан шығарып жүрген жоқпыз. Қазақстанның Конс­титуциясында бұл мәселе нақты көрсетілген. Сондықтан, бұл талаптарға қарсы шығуға ешкімнің құқығы жоқ. Қарсы шыққандардың әрекеті заңды белшесінен басу болып есептелмей ме? Ендеше еңбекке жарамды адамның қызмет етуіне ешкім де кедергі болмауы тиіс деп есептеймін. Бүгінгі таңда барлық азаматтардың көзі ашық, көкірегі ояу. Өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біледі. Десек те, зейнет жасына жеткенше, өз қалауы бойын­ша еңбек етуге құқылы екенін әрбір қазақстандық азаматтың естен шығармауы қажеттігін жиі айтқан жөн секілді. 40-50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа қабылдаудан бас тартатын жұмыс берушілердің қандай ойы бар екенін түсіне алмаймын. Мүмкін, олар айтқанын істеп, айдағанына көнетін жастарды ұжымға жинақтағанды жөн көретін болар. Ал 40-50 жастағы адамдардың өз тәжірибелері, өз ережелері бар.