Жаңалықтар

Алматы әрқашан жарқырап тұрады

ашық дереккөзі

Алматы әрқашан жарқырап тұрады

Алматы қаласында жарық мәселесі толық шешілді. Енді қала тұрғындары энергия тапшылығын сезінбейтін болады. Қаланың барлық аудандары жасыл түске боялып, Түрксіб ауданындағы жаңа «Жас Қанат» шағын ауданы энергия аздығы бойынша қызыл түсте тұрған  болатын. Осыдан 10 жыл бұрын басталған «Алматыны энергетикалық қайта жарақтандыру» бағдарламасын «Самұрық-Энерго» холдингі аяқтап, аталған мәселе шешімін тапты. Алматының солтүстік-шығыс бөлігінде жабық пішіндегі жаңа «Түрксіб» қосалқы станциясы іске қосылды. Жаңа энергия нысанының іске қосылуы – 2008 жылы басталған Алматы қаласын электрмен орнықты жабдықтау бағдарламасын толық аяқтап отыр. «Түрксіб» қосалқы станциясы трансформаторлық қуатты 30 МВА-ға арттырады және Түрксіб ауданының орталық бөлігін, сондай-ақ, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған «Жас Қанат» жаңа шағын ауданын, «Алматы агломерациясының 2030 жылға дейінгі өңіраралық схемасы» бағдарламасы бойынша қалаға қосылған «Қайрат» шағын ауданының негізгі бөлігін электрмен қамтамасыз етеді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов еліміздің ең ірі мегаполисін энергиямен үзіліссіз қамтамасыз ету мәселесіне үлкен мән берілетінін, ендігі міндет – осы қуат көздерін дұрыс пайдалану екенін атап өтті. Мамандардың айтуы бойынша осыдан ондаған жыл бұрын жарықты апаттық түрде сөндіргенде қала жарықпен дұрыс қамтамасыз етілмейді. Ол өз кезегінде қала мен бизнестің дамуына кедергісін тигізіп, халықтың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай әсер еткен. Бұл олқылықтың орны араға он жыл салып оңалып отыр. Жаңадан салынған қосалқы станциялардың бәрі де соңғы, заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Ілгеріде аумағы бірнеше гектар жерді алып жататын қуат көздері қазір бір ғимараттың ішіне еркін сыйып тұр. Бұл қызмет сапасын жақсартып, қызметкерлер қауіпсіздігін арттырған, сондай-ақ тиімді жұмыс істеуге жағдай туғызыпты. «Түрксіб» қосалқы станциясын іске қосу сәтінде: «Мемлекет басшысы осыдан он жыл бұрын алға қойған міндеттердің бірі – Алматы қаласын электрмен орнықты жабдықтау болатын. Бүгін қосалқы станцияның іске қосылуының арқасында бұл мәселе толық шешілді. Ендігі қалған жалғыз міндет – осы қуат көздерін дұрыс пайдалану. Өйткені жұмсалған 20 млрд теңгеден астам қаражат тиімді жұмыс істеуі керек», – деді Ахметжан Есімов. Саны жағынан 33-ші қосалқы станция іске қосылғаннан кейін, Алматы қаласының шегінде энергиямен жабдықтау картасы  толығымен «жасыл түске» боялды. Демек, қапыда жарық сөніп қалу, басқа да төтенше жағдайлар енді орын алмайды дейді мамандар. Сондай-ақ, апатты жағдайдың алдын алу үшін, қаладағы энергияның негізгі көзін «Таулы қырат» қосалқы станциясынан «Ерменсай» қосалқы станциясына ауыстыру жұмыстары да таныстырылды. «Таулы қырат» қосалқы станциясы орналасқан аумақта лай көшкіні болса, оның бүліну және тұтынушылар жаппай жарықсыз қаупі бар. Сондықтан Алматы қаласында Қысқы Азиада-2011 ойындары өткізілуіне орай салынған «Ерменсай» қосалқы станциясында 2018 жылдың соңына дейін жүктемелерді ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар толық аяқталғаннан кейін «Таулы қырат» ҚС жойылады», – деді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның басшысы М.Үмбетов.