11 Қыркүйек 2015, 10:21 5409 0 Мақсаттың фото блогы Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ

Қазақ елі Тұрсынбек Кәкішевпен қоштасты

 Тұрсынбек Кәкішев

2015 жылғы 7 қыркүйекте көрнекті әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп академиясының құрметті академигі, еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің құрметті кафедра меңгерушісі Тұрсынбек Кәкішев өмірден озды.

Тұрсынбек Кәкішұлы 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысындағы  Бұланды ауданының Алтынды кенішінде дүниеге келді. 1934-1944 жылдары әуелі Қаратал, кейін Даниловка орта мектебінде оқыды. Еңбек жолын 1944  жылы Ақмола облыстық қазақ драма театрында актер болып бастады. 1945-1950 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ  мемлекеттік университетінің  журналистика факультетінде білім алды. Университетті бітірген соң «Мектеп» баспасының жоғары оқу орындар оқулықтары редакциясына аға  редактор болып қызметке орналасты. 1960 жылы «Қазақ әдебиетінің  қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәселелер (1917-1929 жж.)» деген тақырыпта кандидаттық, 1971 жылы «Қазақ әдебиеті сынының туу және қалыптасу жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Т.Кәкішев 1968 жылдан осы уақытқа дейін әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет атқарды. Ол 1986-1987 жылдары филология факультетінің деканы болды. 1990-2000 жылдар аралығында қазақ әдебиетінің тарихы және сын кафедрасын басқарды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ақсақалдар кеңесінің мүшесі еді. Ғұмырының елеулі бөлігін, азаматтық қажыр-қайрат, білім-білігін отандық ғылымның дамуына жұмсады. Негізгі еңбектері қазақ әдебиеті тарихы мен сынының өзекті мәселелеріне арналды. Ол ғылыми зерттеуде мұрағат деректерімен жұмыс істеудің озық өнегесін қалыптастырды.

Тұрсынбек Кәкішұлы ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдары – «Айқап», «Қазақ» газеттерін, «Садақ» қолжазба журналын, қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің көкейкесті мәселелері бағытында, ұзақ жылдар бойы айналымға тартылмаған шығармашылық тұлғалар мұрасын зерттеуде елеулі еңбек атқарды. 1972 жылы Мәскеуде «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен «Сәкен Сейфуллин» атты кітабы басылып шықты. Ғалымның сәкентанудағы зерттеулері ұлт игілігіне айналды. Ал «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты оқулығы жоғары мектепте сын тарихын оқытуға арналған. Т.Кәкішев қазақ әдебиеттануы бойынша ғылыми кадрлар дайындауға үлкен үлес қосты. Оның жетекшілігімен 50-ден астам докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Соңғы кезеңде өзінің аса өнімді шығармашылық жолын қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері, Алаш қайраткерлері туралы «Кер заманның кереғар ойлары», «Мағжан-Сәкен», «Толғам», «Мерей» атты сүбелі еңбектерімен жалғастырды.

Тұрсынбек Кәкішұлы шетелде де жоғары беделге ие болды. Францияда, Иранда, Қытайда, Моңғолияда, Польшада лекциялар оқып, баяндамалар жасады. Шетелдегі қазақ әдебиетінің зерттелу бағыттарын күн тәртібіне қойып, ғылыми айналымға енгізіп, дамытуға елеулі септігін тигізді. Әріптестері, достары және шәкірттері Тұрсынбек Кәкішевті кең жүректі, көпшіл, тура мінезді және өмірсүйгіш адам ретінде есте сақтайды. Белгілі ғалым, көрнекті тұлға, ұлтымыздың біртуар қайраткер перзенті Тұрсынбек Кәкішұлының жарқын бейнесі жадымызда әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі,

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі,

Қазақстан Жазушылар одағы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Қазақ  руханиятының бәйтерегі еді

–  Қазіргі қазақ руханиятының бір бәйтерегі құлап түсіп, қазақ елі қара жамылды; ұлтына адал қызмет еткен алашшыл қазақ зиялыларының соңғы тұяқтарының бірі профессор Тұрсынбек Кәкішұлы өмірден озып, бақилыққа бет алды.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында отаршылдар қазақ халқының рухани көшбасшыларын  қынадай қырып, тұтас бір халықты ұлттық иммунитетінен айырғандай болды. Бірақ та олар ұлттың түп-тамырын жоя алмады. Елуінші жылдардың орта тұсында Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішұлы бастаған, қазақ зиялыларының көпшілігі  қолдаған бір топ өрімдей жас жігіттер ұлттың жаны саналатын  қазақ тілінің қоғамдағы өзіне тиісті орнын талап етіп, кеңестік дәуірдегі ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа беттерін жазды. Міне, осы кездерден бастап Тұрсынбек Кәкішұлы өзінің бүкіл саналы ғұмырын ұлтының азаттығы жолына арнады десе де болады.

Т. Кәкішұлы бүкіл ғұмыры жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған ұлағатты ұстаз еді. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде әдебиет, руханият салаларында еңбек етіп жатқан шәкірттері ұлтжандылығымен, әділдігімен, адалдығымен, шыншылдығымен көзге түсіп, егеменді елеміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүр.

Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдебиетінің ең қиын саласын – сынын зерттеген, оған алғаш түрен салған  атақты ғалым да еді. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының қиын да аса күрделі сын саласын алғаш зерттеп, негізін салған, осы салада көптеген шәкірттер даярлап, өзінің ғылыми мектебін жасаған санаулы ғалымдардың бірі болды.

Ең бастысы, Тұрсекең өзінің адами болмысына кір шалдырмай өткен, «қолын былғамаған», біреудің ала жібін аттамаған, мүмкіндігінше адамдарға жақсылық жасап, ұлтына адал қызмет еткен,  адамшылық арымен адал өмір сүрген нағыз Адам, Азамат еді.

Тұрсынбек Кәкішұлының ғибратты өмірі – кейінгі ұрпақтар үшін үлгі болып қала бермек. Ұлы ұстаз, ұлы ғалым, ең бастысы, ұлтын сүйген Азамат жайлы айтылар негізгі сөздер әлі алда.

Дандай Ысқақұлы,  С.Демирел атындағы университет  ректорының кеңесшісі, 

филология  ғылымдарының докторы, профессор

Иілмей өтті емендей

– Қазақ әдебиеті ауыр қайғыға ұшырады. Біздің ұстазымыз, қаншама буын қазақтың әдебиетшілері мен журналистерін тәрбиелеген филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздан айырылып қалдық. Тұрсекеңнің бүкіл өмірі, ұлтжандылығы, ұлтқа берілгендігі –  кімге болса да үлгі боларлық. Зерттеген еңбектері қаншама, мысалы, сонау біздің студент жылдарымызда «Сын сапары», «Оңаша отау» атты кітаптары оқу құралына айналып еді, қазірге дейін студенттердің қолынан түспей келе жатыр. Әдеби сын жанрындағы негізгі әдебиет болып есептелінеді. Содан кейінгі қажырлы еңбегі – Сәкен шығармашылығын зерттеуі. Сәкентану жолында аянбай еңбек еткен ол оның шығармашылығында соны жаңалықтарды оқырманымен бөлісіп, Мәскеуден Сәкен туралы «Жизнь замечательных людей» сериясымен кітап шығарды. Бейімбет Майлиннің шығармашылығын да басқаша қырынан тануға ат салысты. Қайыржан Бекхожинді өз ұстазы санаушы еді. Сол кісі арқылы «Садақ» қолжазба газетінің сандары қолына тиіп, соны арнайы кітап етіп шығарды. Сондай-ақ, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге зор үлес қосқан адам. Уфада, Қазанда, Троицкіде шыққан қазақ кітаптары  мен газеттерін  зерттеп, ғылыми айналымға қосты. Ол кісі батылдығымен, турашылдығымен талайдың көкейінде қалды. Қай жерде де, қашанда ойын ірікпей айтатындығымен ерекшеленді. Иілмей өткен емендей еді. Осы қасиеттерінің бәрі жастарға үлгі болады деп ойлаймын. Тұрсынбек Кәкішұлының мұрасы Алаштануда да өзіндік үнімен айшықталады. Өмір бақи қазақ халқының бірлігіне, ынтымағы мен болашағына алаңдап өтті. Бір пара еңбектерін шетелдегі қазақ қандастарымыздың өмірі мен әдебиетін зерттеуге арнады. Тұрсағаңның ұлаңғайыр еңбегі ешқашан да, ешуақытта халық жадынан өшпейді деп ойлаймын.

Бауыржан Жақып, Филология ғылымдарының докторы, профессор

Әдебиет тағы бір абызынан айрылды

Қош, қазақтың рухы биік көкжалы!

Қазақ әдебиеті тағы бір абызынан, көрнекті әдебиет зерттеушісінен айрылды. Қазақ әдеби сынының тарихын зерттеудің негізін қалаған, Кеңес дәуіріне дейін қазақ әдебиетінде сын жанрының туып қалыптасқандығын дәлелдеу үшін барын салған бейнетқор ғалым, Сәкентану ғылымының негізін қалап қана қоймаған, Сәкеннің соны шығармаларын әдеби айналымға қосқан, Сәбит Мұқановтың тәлімін алған, Қайыржан Бекхожиннің шәкірті болған тау мүсін, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі Тұрсынбек Кәкішұлы пәни дүниемен қоштасып, бақиға аттанды.

Бүкіл саналы ғұмырын ғылым жолына, әдебиеттің дамуына сарп еткен ғалымның алдын көруге Алла бізге де нәсіп еткен еді. Ең әуелі қабырғалы қаламгер, абыройлы ұстаз жайындағы әңгімені Әзілхан Нұршайықовтың естеліктерінен оқып білдім. Ал университет табалдырығын аттасымен, бізге әдебиет пен қазақ тілі ғылымының негізін салған ұлы абыздардың өзінен болмаса да, солардың тәлімін алып, тағылымынан өткен Тұрсынбек Кәкішұлы, Зейнолла Қабдолов секілді көрнекті ғалымдардан дәріс тыңдауға мүмкіндік туды. Әдебиеттің алып бәйтеректері сынды көрінетін атақты ғалымдарымыздан дәріс тыңдағанымызды абырой да, мақтан да тұтушы едік. Тұрсынбек Кәкішұлының дауысы майда қоңыр, естіген жанды үйіріп әкететін, «Түркістан уалаяты», «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» журналы туралы алғашқы дәрісімізді осы таудай тұлғаның аузынан естідік. Есмағамбет Ысмайловтың сыншылдығы, Сәбит Мұқановтың әдеби сынның дамуына қосқан үлесі, Сәкен Сейфуллиннің әдебиеттегі тұлғасы жайлы әңгімелер сағаттап айтса да таусылмайтын.

Біз қазір әдебиетке, ғылымға деген адалдық жайында айтқанда, кейбір атақты тұлғаларымыздың пенделік істерін қазып, қазбалап жататынымыз болады. Әсіресе, ел тәуелсіздігін алып, өткенге өзгеше баға беріп, Алаш қайраткерлерін ақтауға кірісе бастаған тұста, Кеңес одағы кезінде марапат пен абыройға ие болған әдебиет алыптарына күйе жағу үрдісі де белең алды. Осы сәтте Тұрсекең Сәбеңнің (Сәбит Мұқанов), Сәкеннің (Сәкен Сейфуллин) әдеби тұлғасына жағылған орынсыз жаладан арашалап алу үшін тынбай еңбектенді. Мағжан, Сәкен, Сәбит тұлғасындағы қайшылықтардың неден туындап, соңы немен тынғандығы жайлы ақиқатты ашып беріп, Сәкен мен Сәбиттің азаматтық тұлғасын ажарландыруға барын салды. Мағжан түрмеден оралғанда Сәбиттің вокзалда күтіп алып, Сәкеннің үйіне алып келетіндігі жайлы ақиқатты Тұрсынбек Кәкішұлы ашып берді. «Сәбит Мұқановтың Сәкен Сейфуллиннің ұсталуына қатысы бар» деген қаңқу әңгіменің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін мұрағаттың табалдырығын тоздырып жүріп, ақыры ұлы ұстазының арының таза болғандығына көзін жеткізіп, көңілі орнына түскендігін айтады ғалым:

– «Сәкеннің соты» деген кітабым бар. 100 жылдығы кезінде шыққан. 100 жылдығы қарсаңында архивке бардым. Жалпы, мен өзім архивсіз сөйлемейтін адаммын. Құжаттар табылды, жұмыс істедім. Бірақ, ештеңені көшіріп, жазып, түртіп алмауым үшін алдыма бір аға лейтенантты қарауыл етіп қойды. Көзбен көріп, миыма ғана жазып шығуым керек. Сәкеннің сыртынан сөйлеген, дерек берген адамдардың аты-жөндері де бар. Солардың ішінде Сәбит жоқ. Сәбитті шақырмайтын ол қандай тергеу деген ой менде де болды. «Сәкенді ұстатып жіберген Сәбит болатын» деушілер де болған. Мен өзім Сәкенді жақсы көретін адаммын, Сәбитті де жақсы көрем, оны жасырмаймын. Сәкен комиссиясының төрағасы Сәбит болды да, хатшысы мен болдым. Сонда неше түрлі әңгімені өз құлағыммен естіп, көзіммен көрдім. КГБ-ның архивіне бармас бұрын алдымен Мәриям апайға бардым. Мәриям апай да ештеңе білмейтін болып шықты. Сәбең 1937 жылғы тергеулерге қатысты ешқашан ештеңе айтпаған екен, – дейді www.ikitap.kzсайтына берген сұхбатында(Тұрсынбек Кәкішев: “Қазақ әдебиетінде Мырқымбай сияқты кейіпкер туған жоқ”). Ғалым бұл жайында «Алыптардың айтысы» атты кітабында да ой толғаған еді. Өзі айтпақшы әрбір сөзі дерекпен өріледі. Кез келген тұжырымды өзі көз майын тауысқан мұрағат деректері арқылы жасайды. Асығыс шешім жасап, артық айтып көрген емес.

«Біздің ғалымдардың көпшілігі қара жұмысқа барғысы келмейді. Дайын кітапты алып оқып, соның жақсылығы мен жамандығын жазып-ақ, қажетті атағын ала береді. Ал шындығында зерттеу объектісінің көпшілікке беймәлім несі бар, несі жоқ, соны зерттей бермейді» деген екен осы сұхбатында ұстаз. Шын мәнісінде өзі зерттеу объектісіне айналдырған тұлғаны не шығарманы жеріне жете зерттеу үшін түрлі экспедициялар ұйымдастырып, ғылыми мұрағаттардың біразын ақтарып, уақытын да, қаржысын да аямай еңбектенуші еді. Тек қолжазбасын тауып алған «Садақ» журналына қатысты деректерді сан іздеп жорыққа аттанып бара жатқанының куәсі болдық. Сегіз сері Баһрамұлы туралы ғалымдардың оны тарихта болмады деген тұжырымдарына қарсы уәж айту үшін Омбы асып, Уфаға дейін сапарлатып қайтқан еді. Ол кісі тек қана ғылыми зерттеулермен айналыспады, барған жерінен тағылымы мол жолсапар очерктерін де жазып келетін. Әсіресе, Ресейдің Алтай өлкесі мен Моңғолияның Баян-Өлгий  аймағына арнайы ұйымдастырған ғылыми экспедициясы жайлы жазылған естеліктері күні кешегідей есімде. Әсіресе, Ресейдің Алтай өлкесі Усть-Кан ауданының Тұраты ауылындағы шоқынған қазақтар жайлы «Шоқынған қазақтарды да жатсынбайық» атты мақала жазған еді. Ондағы қазақтардың «Елім-ай» әнін «Эх, милый, дүние-ай!» деп айтатындығын жазып, дүниенің түкпірінде жүрген қандастарымыздың да қамын күйттеп, күнін жоқтап жүретіндігін танытқан болатын. Шеттегі қазақ демекші, Тұрсынбек ағамыз шетелдегі қазақтың әдеби мұрасын жинауда тыңға түрен салушылардың бірі. Көптеген шәкірттерін осы шетте жатқан қазақтың әдеби мұрасын зерттеуге баулыды. Арнайы ғылыми  экспедициялар ұйымдастырып, қазақтың рухани мұрасының жиналуына ықпал етті. Университеттің соңғы курсын тәмамдап, аспирантураға түсуге ниет білдірген менің талабымды да қуана құптап, «Шетелдегі қазақ әдебиеті» сериясымен «Моңғолиядағы қазақ прозасының қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында диссертация қорғауға мұрындық болды.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», Тұрсынбек ағай бізге тек нұсқау беріп, жол көрсетіп қана қойған жоқ, біздің өмірлік ұстанымымызға да әсер етті. Тура жолды, адал да ақиқи шындықты меңзеді. Көлгірсуді, шендінің алдында ділмарсып шешенсуді, жағымпаздануды иттің етінен жек көретін. Көңіліне ұнаса ұнағанын, ұнамаса ұнамағанын айтатын. Ұлт, ел, рух тақырыбында өзінің темірқазығынан айныған емес. Қашан көрсең де, кітапқа көміліп, қағаздың арасында көз майы таусылғанша, еңбектеніп отырғанына куә болушы едік. Тіпті, бір көзі көрмей қалғанда да, тіпті күні кешеге дейін қолынан қаламын тастамады.

Түнгі сағат 11.30-ға дейін жазу жазды, дейді өмірлік серігі болған Күләш апай. Сірә, өмірге ғалымдық аманатын ала келіп, сол аманатпен аттанған сынды.

Тұрсынбек ағаның құрдасы, академик Серік Қирабаев«Егемен Қазақстан» газетіндегісыр сұхбатында «Біздің ұрпақтың, менің құр­дастарымның соңғы бір могиканы еді» деп бағалаған екен.Қазақ әдебиетінің алыптары осылай біртіндеп бұл дүниені тәрк етуде. Біздің шамшырағымыз, темірқазығымыз,өмірлік қыбыламыз болған тұлғаларымыздың орнын кім басатындығын ойлаудың өзі қорқынышты. Біз осы алыптардың соңына қалдырған мұрасына иелік етіп, соны бағалай алсақ та көп дүниені төңкерер едік. Сен шөккенде, Алатауда шөгіп кеткендей болды. Қазақтың сөзін сөйлеп, рухын ұлықтар тұлғаларымыз біртіндеп көзден ғайып болуда.  Қош, әдеби сынның тарланы, қазақтың рухы биік көкжалы! Бақұл бол, аға!

Есенгүл Кәпқызы

 

Соңғы жаңалықтар