Жаңалықтар

Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы

ашық дереккөзі

Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы

Тарихи оқиғалар, атаулы даталар, ізгі істер бастамасы болған қазақ елінің елордасы Астанаға биыл 20 жыл толды. Осы жылдар ішінде бас қалада бірінен бірі биік, бір-біріне ұқсамайтын, әртүрлі әрге ие ғимараттар, зәулім сарайлар бой түзеді, төрткүл дүние көз тіккен келелі жиындар, ымыра-бірлікке шақырған басқосулар, әлемдік спорттық жарыстар өтті. Ал шын мәнінде, Астананың бүгінгі әсем келбетіне қол жеткізуге аз уақыт жұмсалғанмен, қаншама адамның күш-қуаты, ерен еңбегі сіңгені ақиқат... Еліміздің ордасын Астана деп жариялаған сәттен бастап Алматыдан Жоғарғы және орталық органдарды Ақмолаға  көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы, одан кейінгі жылдары жаңа астана әкімінің бірінші орынбасары болған, бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі Фарит Галимовтан Астананың қалыптасу кезеңінің куәгері ретінде естелігімен бөлісуді сұраған едік. – ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы астанасын ауыстыру туралы» Қаулысы 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылданды. Шын мәнінде, бұл құжаттың өзіндік тарихы бар. Астананы ауыстыру туралы шешім бірден қабылдана қойған жоқ. Мемлекет басшысына парламент депутаттарымен бірнеше мәрте кездесіп, оларға астананы ауыстырудың мәнін түсіндіріп, оның маңызды екеніне көздерін жеткізуге тура келді. Себебі ол кезде елде қиын жағдай қалыптасқан еді. Жалақы, зейнетақы уақтылы төленбейтін, электр энергиясы жиі сөнетін, бәрін қайта бастау, қайта құрумен байланысты түсініксіз жағдайлар. Ал астананы ауыстыру аса ауқымды жоба. Сондықтан көпшілік бұл шешімге күдікпен қарады. Десе де, депутаттар дауысқа салып, Жоғарғы Кеңес шешімі қабылданды. Оның соңын ала Президент Жарғысы шығып, соның негізінде премьердің бірінші орынбасары Нығметжан Есенғариннің  жетекшілігімен астананы ауыстыруға дайындық үшін арнайы топ құрылды. Қала құрылысына мүлде басқа тәсілмен келу керек болды, инфрақұрылымды дамытуға ғана емес, адамдар өмірінің мәдениетіне де мүлдем басқа деңгей қажет болды. Бұл  міндеттерді орындау  көп қаржы керек етті. Бірде Ақмолаға ҚР Президенті істерін басқарушы Владимир Ни келіп, қала әкімдігі жиналысына қатысты. Оның мұнда келгендегі мақсаты, жағдайды талдап, түзеу болатын. Сол жиналыста өз пікірімді білдіріп, кейбір мәселеге қатысты келіспейтін ойларымды ашық айттым. Өйткені 90-жылдары Қазақ ССР-нің Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы, ҚР Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрінің бірінші орынбасары қызметінде жинақтаған тәжірибем бар еді. Келесі күні Алматыға оралғанымда Президент шақырып алып, астананы көшіру ісімен айналысатынымды айтты. Бір сағатқа жуық отырып, біз негізгі мәселелерді, шамамен көшу кестесін талқыладық. Бәрі бір күнде шешілді. Сөйтіп, Жоғарғы және орталық органдарды Ақмолаға көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы болып тағайындалдым. 1996 жыл болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы келесі жылы біздің Ақмолаға көшуімізге нақты міндет қойды. Ал біздің комиссияның міндеті стратегиялық нәтижеге қол жеткізу болды. Міне, осы кезде бас қатыратын сұрақтар туындай бастады. Мәселен, алдымен қай министрлік көшіп келуі керек, кадрлық құрамның қанша пайызы  көшуге тиіс. Оларды қайда орналастыру керек? Қандай көтерме төлемақы төлеу керек? – Ең басты сұрақ осының бәріне ақшаны қайдан табу керек болған болар?  – Ол да бар, оның үстіне «Бізге бұл не үшін керек?»  деген қиын сұрақ кесе көлденең тұрды көптің ойында. Президентті айтпағанда, астананы көшіру ел үшін қажет екеніне, игілікті іс екеніне сенген адам саусақпен санарлық еді. Елбасы алға жай ғана мақсат қоймай, оның орындалуына өзі бастама көтерді. 1997 жылы ол жаңа жылды мемлекеттің жаңа астанасы ретінде Ақмолада қарсы алатынын ашып айту арқылы, көпшіліктің қарсы ой-пікіріне нүкте қойды. Қаланың өзін ретке келтіру үшін көп қаржы керек еді. Тұтынушылардың  шамадан артық болуына байланысты қуат көзі жиі сөніп қала беретін, ыстық суға қатысты түйткіл де бар, жылу жеткіліксіз, коммуналдық техникалар жоқтың қасы... бұл мәселелерді шешу үшін көп қаржы керек болды. Үкімет бюджет қызметкерлеріне еңбекақы мен зейнетақылар төлеу үшін несиелер алуға мәжбүр болды. «Ақмола» бюджеттен тыс қоры құрылып, ұлттық компания  басшыларымен, шетелдік инвесторлармен жұмыстар жүргізілді. Міне, психологиялық фактор көшуге салмақты кедергі болса да көшуге дайындық жүре бастады. Елордада орасан зор құрылыс кезеңі басталды. Үкімет, Қаржы министрлігі, Мұнай және газ шаруашылығы министрлігінің ғимараттарының қабырғалары қаланып үлгерді. Сонымен қатар Президент аппараты, ҚР Парламенті, ІІМ, ҰҚК, бас прокуратура, тағысын тағы құзырлы органдарға арналған ғимараттардың қайта құрылымдау жұмыстары қызу жүріп жатты. – Тарихи оқиға деп нені айтар едіңіз?  – 1997 жылдың 9 желтоқсанынан 10-ына қараған түні Ақмола тұрғындары тарихи оқиғаға куә болды:  олар таңертең астаналық болып оянды. Мемлекет басшысының жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Әрине, астананы көшіру кезінде мемлекет қызметкерлеріне үй салуға, жылу жүйесін жөндеуге, жылуға жол салуға, тағысын тағы шаруаларды атқаруға көп қаржы керек болды. Ақша табылмай көшті үзіп алатын қауіп төнгенде Мемлекет басшысының қолдауымен қала бюджетіне ақша түсетін. Міне, осылай біз үш жылда Алматыдан Ақмолаға ұлы көшті жүргіздік, ал немістер бұрынғы астаналары Боннан Берлинге көшуді жеті жылда жүзеге асырды. Міне, арада 20 жыл өтті. Бүгін Астана адам танымастай өзгерді.  Президентіміздің көрегендігі, алысты болжай білген салиқалы саясатының жемісі екенін қазір Қазақстан ғана емес, әлем елдері де мойындауда. 1997 жылдың желтоқсанында көші-қон сәтті жүзеге асқанда, Президент мені қала әкімінің орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметті бес жылдан астам уақыт атқара отырып, инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларымен айналыстым. Және де Елбасының Астананы дамытудағы игі істеріне куә болдым. Көшіп келгеннен кейінгі бірінші кезеңде әкімдік алдындағы басты міндет, қала келбетін түгелдей өзгерту емес, қолданыстағы нысандардың қызметін жақсарту болды. Ең алдымен адамдардың қолайлы өмір сүруі үшін елорданың барлық коммуналдық шаруашылығының жүйесін сенімді жұмыс жағдайына келтіру керек болды. Мұнымен қатар қала болашақта қандай болуы тиіс деген ой жұмысы қатар жүріп жатты. Елорданың дамуға қатысты Бас жоспарын әзірлеуге байқау жарияланған сәттен бастап, қызу жұмыс басталды. Біле білсеңіз, Бас жоспар – бұл үлкен сараптамалық еңбек. Яғни, қала сұлбасын анықтау, тұрғындардың өсу саны бойынша талдау жасау, оларға қаншалықты жылу, су, азық-түлік керектігін есептеу, тағысын тағылар. Бастысы қаланың архитектуралық келбетін қалыптастыру емес, қаланың  өмір сүруін қамтамасыз ету болатын. Архитектураны архитекторлар, ал бас жоспарды – қаланы жоспарлаушылар жасайды. Бұл жерде, архитектор сыртқы ажар-келбетіне көп көңіл бөлсе, ал  жоспарлаушылар тиімділік принциптеріне  сүйенеді. Айталық, көлікпен байланысты түйткілдерді алайық. Кептеліс неліктен туындап отыр? Нысандардың ұтымсыз орналасуынан. Таңертең адамдар іскерлік орталықтарға барады, ол жерде барлық кеңселер шоғырланған, ал кешкісін кері қайтады. Әрине, көшелердің енін 10 қатар етуге де болар еді, бірақ  түнде олардың жүгі көп емес қой, алайда жарықтандыру, тазалық жұмыстары, жөндеуді қажет етеді. Әдемі дегеннің бәрі дұрыс деп қабылдамау керек. Әдемі болғанмен, тиімсіз болуы мүмкін. Тиімдірегі әлгі нысандарды қаланың барлық периметрі бойынша шашыраңқы орналастыру. Сол жылдары қала құрылысына қатысты кеңестерге Президенттің өзі қатысатын. Ол әлемнің төрт бұрышын айналып шыққан адам, сондықтан елордаға қандай нысандар лайық екенін жақсы білетін. – Елбасыны Астананың бас сәулеткері деп бекер айтпаса керек... – Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевты Астананың бас архитекторы десек, оның еш сөкеттігі жоқ. Елордаға көшкен алғашқы жылдары Елбасы уақытының тығыздығына қарамастан қала билігінің жұмысына өзі бақылау жасап, оның дамуы мен абаттандырылуына белсенді қатысып жүрді, қаланы аралап, қай жерлерге саябақтар, қай жерлерге мәдениет нысандарын орналастыру керектігін өзі көрсетіп, кеңесін беретін. Президент Астананы халықаралық аренаға шығарып, танымал етті. Ол барған жерінің бәрінде Астана туралы айтып, бизнес-ортаны ынтымақтастыққа шақыратын, гранттық көмектерден де бас тартпайтын. Сол кісінің арқасында Астана қысқа уақыт ішінде халықаралық шеңберде еліміздің бас қаласы мәртебесін иеленді. «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» бағдарламасы да қабылданып, инвестиция тартудағы Астананың тәжірибесін пайдалана отырып, облыс орталықтары да салына бастады. Бүгінде Астана көркіне көз тоймайтын қаржы, мәдениет, өнер орталығына айналып отыр. Міне, осындай ғаламат идеяны шынайы өмірге айналдыру тек мықтылардың мықтысының қолынан келері сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет!

Жазып алған

Сұлугүл БАКЕСОВА