Қазақтың айбарына айналған қала
Қазақтың айбарына айналған қала
Сылана бой түзеген шаһар Ақорда деген айшықты атаумен қазақ тарихын бүгінгі заманмен ұштастырып тұрған ғимарат – сәулет өнерінің аса үздігі. Ресми тілде Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы делінетін әсем де салтанатты нысан – сәулетшілердің тілімен айтқанда жаңа әкімшілік орталықтың жинақтаушы тұғыры. Резиденция өзіне ең таяу деген құрылыстардан 300 метр жерде, биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстінде оқшау тұр. Ақорданың аумақты да еңселі күмбезі көксеңгірленіп Арқа аспанымен астасып тұр. Күмбездің ұшар биігінде жер шары мүсінделген, одан жоғарыда қанатын жайып жіберген қыран – тәуелсіз елдің, еңсесін тіктеген қазақ ұлысының кең әлемге еркін құлаш ұрған шағы. Жер шарын сұр жебе көтеріп тұр. Жебе тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуін бастан кешірген халықтың қаһармандығын, айбаты мен сұңқар сестілігін, мұқалмас жігерін білдірсе, жұмыр жер адамзаттың алтын ұясы ұғымын ұқтырады. Жер-ана бәрінен биік қойылған. Ғимараттың бүкіл болмыс-бітімінен көкірегі ояу қазіргі толқын тың мәнерді – еуразиялық сәулеткерлік қолтаңбаны тани алар еді. Шығыстың сәулет үлгісімен фасадтар арқылы жарасымдылық тапқан бұл мәнерді басқаша атау мүмкін емес. Резиденцияда ел Президенті жоғары мәртебелі шетел қонақтарын, БАҚ өкілдерін қабылдап, мемлекеттік наградалар тапсырады, мәжілістер мен әртүрлі салтанатты жиындар өткізеді.
«Бәйтерек» монументі
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде тұсауын кесіп, есігін ашқан «Тәуелсіздік сарайы» Тәуелсіздік мерекесінің 17 жылдығы қарсаңында шаңырақ көтерді. Мұнда бір мезетте 4 мыңға жуық адам сыйып кететін жиналыс залы бар. Бұл залдың тағы бір таңғаларлығы – керек кезінде бір тетікті басу арқылы жылжымалы қабырғалар қозғалып, төртке бөліп тастауға болады. Сөйтіп, шағын-шағын төрт залға айналады. Акустикасы да заманауи технологиямен жабдықталып, соңғы ғылыми жетістіктермен жарақтанған Үлкен зал – кез келген халықаралық дәрежедегі басқосулар мен конференцияларды ұялмай ұйымдастыруға таптырмас орын. Екінші қабатта өнер мұражайы орналасқан. Сонымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның тарихына жасалған шағын дерекнамадан да көптеген мағлұмат алуға болады. Осыдан кейін үшінші қабатқа көтерілсеңіз, «Астана: кеше, бүгін, ертең...» атты тағы да бір кереметке тап боласыз. Мұнда Елорданың есте жоқ ескі замандардан бастап, бүгінге дейінгі тарихы, келешегі туралы да көп мағлұмат жинақталған. Көрмені көзайым қыла жүріп, тағы бір ғажайып жобаны көзіңіз шалады. Оңтүстік Кореяның «Model Park» деп аталатын компаниясының 600 есе кішірейтіп жасаған Астана макеті Елордамыздың қаншалықты әсем де көркем, сымбатты да сұлу екенін паш ететіндей. «Астана – 2030» макет залы қаланың 2030 жылға дейінгі дамуын көрсетеді.Бейбітшілік және келісім сарайы
«Астана Опера» – тікелей Елбасының бастамасымен бой көтерген театр. Дәл осы алып театр сахнасынан 2012 жылы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясында Мемлекет басшысы: «Біз рухани мәселелер экономикалық және материалдық тәртіптегі мәселелерден кем емес мәнге ие болатын мемлекеттік даму кезеңіне аяқ бастық» деп атап өткен болатын. Театр шымылдығын тұңғыш ашу құрметі Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» спектакліне берілді. «Астана Операның» бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр. Бас сахнаның ені 21 метрді, ал тереңдігі – 59 метрді құрайды. Ал Ослодағы опералық театрдың үлкен сахнасының ені небары 16 метр, ал тереңдігі 40 метр екен. Сахна астында, 12 метр тереңдікте «төменгі деңгей», яғни автоматты басқару жүйесі бар машина залы орналасқан. Бұл «Астана Опера» сахнасының әлемдегі ең бір техникалық жарақтандырылған сахналардың қатарынан орын алатынын көрсетеді. Оркестр шұңқыры үш тұғырнамада тұрады. Олар әртүрлі деңгейлерде және 120 музыканттың өнер көрсетуіне есептелген. Астанадағы жаңа театрдың қосымша екі бүйірлік сахнасы бар. Театр сленгінде «қалта» деп аталатын бұл сахналар қажет кезде дайын декорацияларымен жылжи жөнеледі. Сөйтіп, қойылымдар циклінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Осының арқасында «Астана Операда» ең күрделі спектакльдерді сахналауға мүмкіндік мол. «Астана Опера» залына 1 мың 250 көрермен сыяды. Оның партері 450 көрерменге арналған. Басты зал аттың тағасына ұқсас формаға ие. Театр өнер кешені ретінде техникалық және көркемдік жетістіктерді бойына жинақтаған. Әлемдік деңгейдегі белді де беделді опера және концерттік залдардың, яғни Миландағы «Ла Скала», Мадридтегі Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты театрлардың қатарына кіруге әбден лайық. Театрдың кірпішін қалауға отандық мамандармен қатар Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей шеберлері де қатысты. Жоспарлау барысында мұндай ғимараттарды салудағы жинақталған әлемдік тәжірибе ескерілді. Классикаға негізделген ғимарат эллиндік нақыштарға толы, маньеризм мен барокко бағытына да мән берілген. Архитекторлар алға қойған басты мақсат классикалық бағытты декор элементтері арқылы ғимараттың функционалдық және техникалық ерекшеліктермен үйлестіріп, музыкалық театрдың сұранысын толығымен қанағаттандыру еді. Ғимараттың сыртқы дизайны ішкі бөлігінде басқаша сипатта өзгереді: маньеризм стиліндегі портик бароккоға, көрермен залында көрініс тапқан умбертино стилі арьерсахнада бүгінгі замандағы бейнеге ауысады. Бір стильден екінші стильге ауысу театрдың көп жерінде анық байқалады. Холлдың еуропалық әсемдігі бірқалыпты ырғақпен қазақтың ұлттық әуендеріне көшеді. Әлемдік архитектураның жетістіктерін бойына жинаған театрдың ғимараты ұлттық нақышпен әсем безендірілген.Астана Арена
Былтыр «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында ашылып, сол шараның басты символына айналған «Нұр Әлем» павильоны әлемдегі ең үлкен сфера саналады. Оның диаметрі – 80 метр, ал биіктігі – 100 метр. Халықаралық байқауға қатысқан 105 компанияның ішінде Adrian Smith+Gordon Gill Architecture АҚШ сәулетшілері тобының жобасы үздік болып танылды. Ғимараттың алғашқы қабаты Қазақстанның тарихы, мәдениеті, дәстүрі, көрікті жерлері мен еліміздің соңғы жетістіктеріне арналған. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды. Ал 2-8 қабаттары Болашақтың музейі іспеттес. Сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялардың көмегімен жасалған әрбір қабат түрлі энергияның мүмкіндігін таныстырады. Келген қауым 2-қабатқа көтерілгенде су энергиясын өндіретін құрылғыларды көреді. Келесі қабатта кинетикалық энергияның тарихи жәдігерлері сақталған. Ал биомассаға арналған 4-қабатқа кірсеңіз, жайқалған жасыл желектің ішінде аң-құсты байқайсыз. 5-қабатта жел қуатын көрнекі түрде көрсететін ауа фонтаны бар. Бір қабат жоғары көтерілгенде күн жүйесінің қалай пайда болатынын байқап, күн сәулесінен қуат алатын көлікке отырып, жарысқа қатыса аласыз. 7-қабатта ғарыш әлеміне саяхат жасап, ғарышкерлердің киімдері мен кемесін көресіз. Соңғы сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» деп аталады. Алып экраннан қала құрылысының қарыштап дамуын бейнелейтін фильмді тамашалауға болады. Сондай-ақ, бұл қабатта 93 метр биіктікте орналасқан «шыны көпір» бар. Ғимараттың жоғарғы бөлігіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО қалашығын тамашалауға болады. «Нұр Әлемнің» құрылысына 13000 тонна металл кеткен. Шар 2800 әйнек жабындысынан жасалған. Әр әйнектің салмағы 600-800 келіге дейін жетеді. Құрылымның күн энергиясын электр қуатына айналдыратын жабдығы бар. Сфераның жоғарғы жағында 2 алып жел генераторы орнатылған. Нысанның жалпы аумағы – 22000 шаршы метр. Бұл – төрт футбол алаңының көлемімен пара-пар. Көрменің барлық нысандарының құрылысы үшін 56 мың тонна металл мен 500 мың тонна бетон жұмсалған. Ғимараттың «кірпіші» енді қаланып жатқанның өзінде сәулет өнерінен хабары бар адамдар оны Лондондағы Хрусталь сарайына, Париждегі Эйфель мұнарасына, Брюссельдегі «Атомиум» іспетті белгілі нысанға айналатынына сенім білдірді. Қазір «Нұр Әлем» ғимараты туризм және халықаралық көрмелердің әлемдік мұрасына енді.«Сарыарқа» велотрегі, «Барыс Арена» мұз сарайы
«Қазақстан» орталық концерт залы – Еуразия көлеміндегі сәулеті мен әсемдігі келіскен өнер ошақтарының бірегейі. Ғимарат құрылысы 2005 жылдың мамыр айында басталып, 2009 жылы 15 желтоқсанда, Тәуелсіздік тойы қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Сәулеті ерекше көз тартатын ғимараттың авторы – итальян сәулетшісі Манфреди Николетти. Орталыққа арналған ең үздік жобаға халықаралық байқау жарияланғанда, Николетти ұсынған жоба конкурста қара үзіп келді. Кешенде 400 орындық кинозал, 2 кіші зал және 200 орындық мәжіліс өткізетін зал бар. Концерт залдың таңғалдыратын ерекшеліктері көп. Мәселен, аралық пульт арқылы жалғыз адам басқаратын көпфункциялы сахна бірден назарға ілігеді. Сахнаның алдыңғы жағында оркестрге арналған ойық алаң бар, оның төмен түсуі мен көріну деңгейіне көтерілу уақыты 4 минутты құрайды. Оркестр алаңының тереңдігі – 4,5 метр. Ғимараттың сырты темірбетонмен қапталған. Бұл құрылыс материалы залды сырттағы шуылдан сақтап әрі алаңның архитектуралық ансамбліне үн қосып тұрғандай көрінеді. Зал кешені 3 құрылымды макросектордан Пьяцца-фойе, киноконцерт залы және сахнадан тұрады. Пьяцца-фойе өлшемі – 36х60 метр, биіктігі 19 метр болып табылатын кешеннің негізгі бөлігі. Мұнда мейрамхана, дәмхана, билет кассасы, би алаңы, дүкен секілді қоғамдық орындар орналасқан. Орталық акустикалық сипатына сай 3500 орынға арналған. Сахнаның артқы жағы хорға арналған және 7 хор ярусынан тұрады, олар да аралық пульт арқылы басқарылады және толық көтерілгенде биіктігі үш метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, кешеннің іші мен сырты түгелдей үнжаңғырықты сақтап қалу мақсатында арнайы ағашпен қапталған. Сахнаның орталық нүктесінде жалпы қуаты 25 киловатт «Renkus-Heinz» америкалық фирмасының дыбыстық кластері тұр. Сонымен қатар, залға 12 дыбыс күшейткіш қойылған, олар дыбысты барлық бағытқа таратады. Егер залдың қабырғаларына назар аударсаңыз, арнайы акустикалық тартылу мен дыбысты кері итеру әсері бар қабырғалық перделерді байқайсыз. Бұларды арнайы бағдарламасы бар жеке компьютер басқарады.Хан Шатыр
Оқушылар сарайы – еліміз бойынша ғана емес, әлем бойынша да баламасы жоқ ерекше ғимарат. Ішкі қондырғылары заманауи техникалармен жабдықталып, сырты қазақи нақышта әрленген бұл нысанның кескіні мен келбеті тым ерекше. Бұл көркем, төрт қабатты, көз тартарлық архитектура туындысы шамамен сегіз жарым гектар жерді алды. Нысанның төбесінде шаңырақ орналасқан. Шеңбердің биіктігі – 8 метр, ал диаметрі – 156 метр. 2011 жылы бой көтерген ғимараттың жалпы ауданы – 61274,6 шаршы метр. Төрт қабаттан тұратын нысандағы бөлмелер саны – 842. Ғимаратқа кіріп келген адамның көзі бірден үздіксіз айналып тұратын алып конструкцияға түседі. Бұл бір жағынан секциялар бағытының жан-жақтылығын көрсететін сарай эмблемасы болса, екінші жағынан әр баланың арманы іспетті. Тоқтамайды. Үнемі қозғалыс үстінде. Балалардың арман баспалдағы осы жерден бастау алады. Ертеңіне ерінбей қарайтын талапты жастың жігерін жануды құдды осы арадан бастап кеп жібергендей. Бүгінде Оқушылар сарайы қаладағы қосымша білім беретін ең ірі ұйым болып табылады. Ондағы үйірмелердің 60 пайызы тегін жүргізіледі. Әртүрлі әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары көбіне мұнда тегін сабақтарға қатысуға мүмкіндік алады. Мұндай сабақтардың қатарында техникалық сабақтар, робототехника, жеңіл атлетика болса, басқа секциялар ақылы жүргізіледі. Олардың бағасы айына 2500-ден 7000 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Сондай-ақ, мұнда заманауи технологиямен жабдықталған таңғаларлық зертханалар өте көп. Оқушылардың санасын серпілту үшін түрлі қызықты ойындар да өткізіп тұрады. Мәселен, бір ғана найзағайлар соғып тұрған «тесла шоу» деп аталатын ойынын алсақ, бұл виртуалды әлемде балалар өздерінің ойлау қабілетін жаңа қырынан көрсете алады. Оқушылар сарайы – жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығы. Бүгінде мұнда 10 мың баланы қамти отырып, түрлі бағытта жұмыс жасайтын 650-ге жуық топ, 125 үйірме бар. Оларға 200-ге жуық қосымша білім беру педагогтары сабақ жүргізеді. P.S. Астана елорда болғалы мұнда жыл сайын жаңа ғимарат қатарға қосылуда. Бүгінде бас шаһардың көркіне сән қосқан айтулы нысан саны 20-дан асып кетуі де мүмкін. Біз соның негізгілеріне ғана тоқталдық. Әлемге танымал «Окан Холдинг» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекир Окан бір сұхбатында Астанаға ең алғаш 1995 жылы келгенінде Елбасының Астана туралы ойын естіп: «Бұл кішкентай ғана қала. Қалай астана болады?» деп сұрапты. Ол сұраққа Президент «Стратегиялық тұрғыдан осы қала астана болуы қажет, солай болады» деп жауап берген екен.