Қазақтың айбарына айналған қала

Қазақтың айбарына айналған қала

Қазақтың айбарына айналған қала
ашық дереккөзі
Елбасы идеясымен іргесі қаланған елорда – Астана қаласы 20 жылдың ішінде  мемлекет тәуелсіздігінің айшықты символына айналды. Бүгінде жас әрі жасампаз қала түрлі халықаралық, экономикалық, мәдени-рухани басқосулардың ордасы. 20 жылда қаланың сәулеті  ерекше дамып, озық үлгідегі архитектуралық жобалар халық игілігіне берілді. Еңсесі биік Ақордадан бастап, «Астана-Бәйтерек», «Қазақ елі» мемориалды кешені, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан Шатыр», «Думан» орталықтары сияқты сәулеті келіскен ғажайып архитектуралық туындылар Астананың ажарын айшықтай түскен.

Сылана бой түзеген шаһар width=

Ерке Есілдің бойынан ерекше жарасым тапқан Астанада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері  қатар өрілген. Елбасының бұл идеясын астаналық бас жоспардың авторы, белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава сәтті іске асырды. Алаш жұртының асқақ айбары  – ару Астана бас-аяғы 20 жылда жаһан көз тіккен жауһар мекенге айналды. Сондай-ақ, қаладағы Еуразиялық стильде салынған нысандар қатарында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі, сол секілді ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдынын айтуға болады. Қазірдің өзінде Астана қаласы –  Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналған  Қазақстандағы ірі бизнес орталығы. Елорда халқының саны да жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Астана мәртебесін алғанға дейін 300 мыңның үстінде тұрғыны бар қалада бүгінде 1 миллиондай халық өмір сүріп жатыр. Жиырма жыл ішінде қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Оған жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары атсалысқан. Тынымсыз еңбек пен іргелі ізденіске толы 20 жыл ішінде Арқа төрінен бой көтерген әлемдік мегаполис мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы басты табысы. Ал сылана бой түзеген әсем қаланың көрікті ғимараттарын білмейтін адам кемде-кем. Десек те, біз 20 жылда салынған 20 ғимараттың кейбіріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Ақорда

 width= Ақорда деген айшықты атаумен қазақ тарихын бүгінгі заманмен ұштастырып тұрған ғимарат – сәулет өнерінің аса үздігі.  Ресми тілде Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы делінетін әсем де салтанатты нысан – сәулетшілердің тілімен айтқанда жаңа әкімшілік орталықтың жинақтаушы тұғыры. Резиденция өзіне ең таяу деген құрылыстардан 300 метр жерде, биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстінде оқшау тұр. Ақорданың аумақты да еңселі күмбезі көксеңгірленіп Арқа аспанымен астасып тұр. Күмбездің ұшар биігінде жер шары мүсінделген, одан жоғарыда қанатын жайып жіберген қыран – тәуелсіз елдің, еңсесін тіктеген қазақ ұлысының кең әлемге еркін құлаш ұрған шағы. Жер шарын сұр жебе көтеріп тұр. Жебе тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуін бастан кешірген халықтың қаһармандығын, айбаты мен сұңқар сестілігін, мұқалмас жігерін білдірсе, жұмыр жер адамзаттың алтын ұясы ұғымын ұқтырады. Жер-ана бәрінен биік қойылған. Ғимараттың бүкіл болмыс-бітімінен көкірегі ояу қазіргі толқын тың мәнерді – еуразиялық сәулеткерлік қолтаңбаны тани алар еді. Шығыстың сәулет үлгісімен фасадтар арқылы жарасымдылық тапқан бұл мәнерді басқаша атау мүмкін емес. Резиденцияда ел Президенті жоғары мәртебелі шетел қонақтарын, БАҚ өкілдерін қабылдап, мемлекеттік наградалар тапсырады, мәжілістер мен әртүрлі салтанатты жиындар өткізеді.

«Бәйтерек» монументі

 width=«Бәйтерек» – Астана қаласындағы сәулет өнерінің бірегей туындысы. Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде таңдап алынып, Гран-при үздік айырым белгісі берілді.

Биіктігі 105 метрлік металл құрамасынан, салмағы 1000 тоннадан ауыр бес жүзге жуық қададан тұрады. Есіл өзенінің сол жағалауынан бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі – 97 м, диаметрі – 27 м.  Әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын, күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа ие болды. «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады. Жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 тонна, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 м². Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан Астананың кешегі және бүгінгі сәулеті – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіреберісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 тонна металл құралыммен байланысып, жалғасқан.

Тәуелсіздік сарайы width=

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде тұсауын кесіп, есігін ашқан «Тәуелсіздік сарайы» Тәуелсіздік мерекесінің 17 жылдығы қарсаңында шаңырақ көтерді.  Мұнда бір мезетте 4 мыңға жуық адам сыйып кететін жиналыс залы бар. Бұл залдың тағы бір таңғаларлығы – керек кезінде бір тетікті басу арқылы жылжымалы қабырғалар қозғалып, төртке бөліп тастауға болады. Сөйтіп, шағын-шағын төрт залға айналады. Акустикасы да заманауи технологиямен жабдықталып, соңғы ғылыми жетістіктермен жарақтанған Үлкен зал – кез келген халықаралық дәрежедегі басқосулар мен конференцияларды ұялмай ұйымдастыруға таптырмас орын. Екінші қабатта өнер мұражайы орналасқан. Сонымен қатар, тәуелсіз Қазақ­­станның тарихына жасалған шағын дерекнамадан да көптеген мағлұмат алуға болады. Осыдан кейін үшінші қабатқа көтерілсеңіз, «Астана: кеше, бүгін, ертең...» атты тағы да бір кереметке тап боласыз. Мұнда Елорданың есте жоқ ескі замандардан бастап, бүгінге дейінгі тарихы, келешегі туралы да көп мағлұмат жинақталған. Көрмені көзайым қыла жүріп, тағы бір ғажайып жобаны көзіңіз шалады. Оңтүстік Кореяның «Model Park» деп аталатын компаниясының 600 есе кішірейтіп жасаған Астана макеті Елордамыздың қаншалықты әсем де көркем, сымбатты да сұлу екенін паш ететіндей. «Астана – 2030» макет залы қаланың 2030 жылға дейінгі дамуын көрсетеді.

Бейбітшілік және келісім сарайы width=

Сәулет өнерінің бірегей туындысы – Бейбітшілік және келісім сарайы. Оны былайғы жұрт «Пирамида» деп те атайды. 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылған ғимаратты ағылшын архитекторы Норман Фостердің жобасымен «Сембол Иншаат» түркиялық құрылыс компаниясы салды. Болат пен тастан тұрғызылған сарай өзара рухани түсінісушіліктің жаһандық орталығына айналды. Ғимарат экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холлы тәрізді. Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халықтары ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, университет, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. Сарай ғимаратының құрылысы құбылмалы ауа райын ескере отырып салынған; оның кіреберісі жер астында орналасқан. Пирамиданы Қазақ­стандағы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отырған әртүрлі ұлт өкілдерін бейнелейтін 130 көгершіннің тобы бейнеленген үлкен шыны күмбез қоршап тұр. Түнгі уақытта күмбез жанып, маяк секілді әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, халықтың бірлігін бейнелейді.

 «Астана Опера» width=

 «Астана Опера» – тікелей Елбасының бастамасымен бой көтерген театр. Дәл осы алып театр сахнасынан 2012 жылы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясында Мемлекет басшысы: «Біз рухани мәселелер экономикалық және материалдық тәртіптегі мәселелерден кем емес мәнге ие болатын мемлекеттік даму кезеңіне аяқ бастық» деп атап өткен болатын. Театр шымылдығын тұңғыш ашу құрметі Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» спектакліне берілді. «Астана Операның» бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр. Бас сахнаның ені 21 метрді, ал тереңдігі – 59 метрді құрайды. Ал Ослодағы опералық театрдың үлкен сахнасының ені небары 16 метр, ал тереңдігі 40 метр екен.  Сахна астында, 12 метр тереңдікте «төменгі деңгей», яғни автоматты басқару жүйесі бар машина залы орналасқан. Бұл «Астана Опера» сахнасының әлемдегі ең бір техникалық жарақтандырылған сахналардың қатарынан орын алатынын көрсетеді. Оркестр шұңқыры үш тұғырнамада тұрады. Олар әртүрлі деңгейлерде және 120 музыканттың өнер көрсетуіне есептелген. Астанадағы жаңа театрдың қосымша екі бүйірлік сахнасы бар. Театр сленгінде «қалта» деп аталатын бұл сахналар қажет кезде дайын декорацияларымен жылжи жөнеледі. Сөйтіп, қойылымдар циклінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Осының арқасында «Астана Операда» ең күрделі спектакльдерді сахналауға мүмкіндік мол. «Астана Опера» залына 1 мың 250 көрермен сыяды. Оның партері 450 көрерменге арналған. Басты зал аттың тағасына ұқсас формаға ие. Театр өнер кешені ретінде техникалық және көркемдік жетістіктерді бойына жинақтаған. Әлемдік деңгейдегі белді де беделді опера және концерттік залдардың, яғни Миландағы «Ла Скала», Мадридтегі Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты театрлардың қатарына кіруге әбден лайық. Театрдың кірпішін қалауға отандық мамандармен қатар Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей шеберлері де қатысты. Жоспарлау барысында мұндай ғимараттарды салудағы жинақталған әлемдік тәжірибе ескерілді. Классикаға негізделген ғимарат эллиндік нақыштарға толы, маньеризм мен барокко бағытына да мән берілген. Архитекторлар алға қойған басты мақсат классикалық бағытты декор элементтері арқылы ғимараттың функционалдық және техникалық ерекшеліктермен үйлестіріп, музыкалық театрдың сұранысын толығымен қанағаттандыру еді. Ғимараттың сыртқы дизайны ішкі бөлігінде басқаша сипатта өзгереді: маньеризм стиліндегі портик бароккоға, көрермен залында көрініс тапқан умбертино стилі арьерсахнада бүгінгі замандағы бейнеге ауысады. Бір стильден екінші стильге ауысу театрдың көп жерінде анық байқалады. Холлдың еуропалық әсемдігі бірқалыпты ырғақпен қазақтың ұлттық әуендеріне көшеді. Әлемдік архитектураның жетістіктерін бойына жинаған театрдың ғимараты ұлттық нақышпен әсем безендірілген.

Астана Арена

 width=  Астана Арена – халықаралық стандарттарға сай салынған елордадағы айрықша нысандардың бірегейі. Жаңа кешен ең алдымен футбол матчтарын өткізуге арналған, бірақ басқа ірі спорт және мәдени шараларға да ыңғайластыруға болады. Жасанды көгал көмкерген алаңның ұзындығы – 105 метр, ені – 68 метр. Стадионның 20 минутта ашылып-жабылатын төбесі жылдың кез келген мезгілінде ойынды тамашалауға қолайлы жағдай туғызады. Бұл нысан әлемдегі жылжымалы шатыры бар алты стадионның бірі саналады және оның архитектуралық жобасын «Populous» және «Tabanlioglu Architects» компаниялары жасады. Жоба жұмысы екі жарым жылға созылды. Құшағына 30 мың көрерменді сыйдыра алатын ғимарат 2009 жылдың 3 шілдесінде атақты итальян арбитр Пьерлуиджи Коллина төрелік еткен символдық матчпен ашылды. Бұл ойын Қазақстан жастар құрамасы мен «Локомотив» футбол клубы (қазіргі «Астана» ФК) арасында өтті. Бір қызығы, қос команданың сапында әлем футболының жұлдыздары доп тепті. Нақтыласақ, жастар құрамасында Андрей Шевченко мен Каха Каладзе ойнаса, Астананың намысын 2002 жылғы Әлем чемпионатында Түркияны үшінші орынға көтерген Хакан Шүкір мен Хасан Шаш қорғады. Осылайша тұсауы кесілген Астана Аренада бұдан кейін талай байрақты бәсекенің жалауы желбіреді. Ең алғашқы ресми матч 2009 жылдың 14 қазанында 2010 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Хорватия құрамалары арасында өтті.

«Нұр әлем»

 width=  Былтыр «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында ашылып, сол шараның басты символына айналған «Нұр Әлем» павильоны әлемдегі ең үлкен сфера саналады. Оның диаметрі – 80 метр, ал биіктігі – 100 метр. Халық­аралық байқауға қатысқан 105 компанияның ішінде Adrian Smith+Gordon Gill Architecture АҚШ сәулетшілері тобының жобасы үздік болып танылды. Ғимараттың алғашқы қабаты Қазақстанның тарихы, мәдениеті, дәстүрі, көрікті жерлері мен еліміздің соңғы жетістіктеріне арналған. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды. Ал 2-8 қабаттары Болашақтың музейі іспеттес. Сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялардың көмегімен жасалған әрбір қабат түрлі энергияның мүмкіндігін таныстырады. Келген қауым 2-қабатқа көтерілгенде су энергиясын өндіретін құрылғыларды көреді. Келесі қабатта кинетикалық энергияның тарихи жәдігерлері сақталған. Ал биомассаға арналған 4-қабатқа кірсеңіз, жайқалған жасыл желектің ішінде аң-құсты байқайсыз. 5-қабатта жел қуатын көрнекі түрде көрсететін ауа фонтаны бар. Бір қабат жоғары көтерілгенде күн жүйесінің қалай пайда болатынын байқап, күн сәулесінен қуат алатын көлікке отырып, жарысқа қатыса аласыз. 7-қабатта ғарыш әлеміне саяхат жасап, ғарышкерлердің киімдері мен кемесін көресіз. Соңғы сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» деп аталады. Алып экраннан қала құрылысының қарыштап дамуын бейнелейтін фильмді тамашалауға болады. Сондай-ақ, бұл қабатта 93 метр биіктікте орналасқан «шыны көпір» бар. Ғимараттың жоғарғы бөлігіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО қалашығын тамашалауға болады. «Нұр Әлемнің» құрылысына 13000 тонна металл кеткен. Шар 2800 әйнек жабындысынан жасалған. Әр әйнектің салмағы 600-800 келіге дейін жетеді. Құрылымның күн энергиясын электр қуатына айналдыратын жабдығы бар. Сфераның жоғарғы жағында 2 алып жел генераторы орнатылған. Нысанның жалпы аумағы – 22000 шаршы метр. Бұл – төрт футбол алаңының көлемімен пара-пар. Көрменің барлық нысандарының құрылысы үшін 56 мың тонна металл мен 500 мың тонна бетон жұмсалған. Ғимараттың «кірпіші» енді қаланып жатқанның өзінде сәулет өнерінен хабары бар адамдар оны Лондондағы Хрусталь сарайына, Париждегі Эйфель мұнарасына, Брюссельдегі «Атомиум» іспетті белгілі нысанға айналатынына сенім білдірді. Қазір «Нұр Әлем» ғимараты туризм және халықаралық көрмелердің әлемдік мұрасына енді.

«Сарыарқа» велотрегі, «Барыс Арена» мұз сарайы

 width= 2011 жылы пайдалануға берілген «Сарыарқа» спорт кешені халықты салауатты өмір салтын ұстануға бастап келеді. Велошабандоздың шлемі тәріздес «Сарыарқа» велотрегі сыртқы көрінісі айтып тұрғандай, негізінен, велоспортты дамытуға арналып салынған. Велотрек – спорттың бұл түрінен ғана емес, бокс, баскетбол, көркем гимнастика және дзюдодан жарыстар өткізуге ыңғайлы әмбебап кешен. Сондай-ақ, 2011 жылы қысқы Азия ойындары кезінде бұл ғимараттың мұз айдынында шорт-тректен және мәнерлеп сырғанаудан сайыстар өтті. Бұған қоса, мұнда волейбол, футбол алаңдары мен бассейн және фитнес-орталық бар. Бұл кешенде өтетін іс-шараларды бір мезетте 9270 адамға дейін тамашалай алады. Велоспортқа арналған кешеннің ішіндегі тректің ұзындығы 250 метр болса, ені – 7 метр. «Сарыарқа» – «Pro Team Astana» велокомандасы мен «Астана» баскетбол клубының негізгі алаңдары. Ал Астанадағы айшықты ғимараттардың қатарын арттырған «Барыс Арена» мұз сарайы 2015 жылдың 8 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Бұл кешен – Құрлықтық хоккей лигасында ойнап жүрген жергілікті «Барыс» командасының негізгі аренасы. 2011 жылы ҚХЛ комиссиясы «Барыстың» бұрынғы айдыны «Қазақстан» спорт сарайында матч өткізу лиганың жаңа техникалық регламентіне сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Содан бастап жаңа арена тұрғызу туралы шешім қабылданып, 2012 жылы құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жобаның архитекторы – «IT Engineering S.A.» жобалау компаниясы. Аренаға 12000-ға дейін көрермен сыяды. Жалпы аумағы 86 мың шаршы метр. Көп функциялы кешенде 2 мұз айдынына қоса, 50 метрлік олимпиадалық бассейні мен көркем жүзуге арналған бассейн бар. Сонымен қатар, спорт сарайында басқа да мерекелік мәдени іс-шараларды өткізуге болады.

«Қазақстан» концерт залы

 width=

«Қазақстан» орталық концерт залы – Еуразия көлеміндегі сәулеті мен әсемдігі келіскен өнер ошақтарының бірегейі. Ғимарат құрылысы 2005 жылдың мамыр айында басталып, 2009 жылы 15 желтоқсанда, Тәуелсіздік тойы қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Сәулеті ерекше көз тартатын ғимараттың авторы – итальян сәулетшісі Манфреди Николетти. Орталыққа арналған ең үздік жобаға халықаралық байқау жарияланғанда, Николетти ұсынған жоба конкурста қара үзіп келді. Кешенде 400 орындық кинозал, 2 кіші зал және 200 орындық мәжіліс өткізетін зал бар. Концерт залдың таңғалдыратын ерекшеліктері көп. Мәселен, аралық пульт арқылы жалғыз адам басқаратын көпфункциялы сахна бірден назарға ілігеді. Сахнаның алдыңғы жағында оркестрге арналған ойық алаң бар, оның төмен түсуі мен көріну деңгейіне көтерілу уақыты 4 минутты құрайды. Оркестр алаңының тереңдігі – 4,5 метр. Ғимараттың сырты темірбетонмен қапталған. Бұл құрылыс материалы залды сырттағы шуылдан сақтап әрі алаңның архитектуралық ансамбліне үн қосып тұрғандай көрінеді. Зал кешені 3 құрылымды макросектордан Пьяцца-фойе, киноконцерт залы және сахнадан тұрады. Пьяцца-фойе өлшемі – 36х60 метр, биіктігі 19 метр болып табылатын кешеннің негізгі бөлігі. Мұнда мейрамхана, дәмхана, билет кассасы, би алаңы, дүкен секілді қоғамдық орындар орналасқан. Орталық акустикалық сипатына сай 3500 орынға арналған.  Сахнаның артқы жағы хорға арналған және 7 хор ярусынан тұрады, олар да аралық пульт арқылы басқарылады және толық көтерілгенде биіктігі үш метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, кешеннің іші мен сырты түгелдей үнжаңғырықты сақтап қалу мақсатында арнайы ағашпен қапталған. Сахнаның орталық нүктесінде жалпы қуаты 25 киловатт «Renkus-Heinz» америкалық фирмасының дыбыстық кластері тұр. Сонымен қатар, залға 12 дыбыс күшейткіш қойылған, олар дыбысты барлық бағытқа таратады. Егер залдың қабырғаларына назар аударсаңыз, арнайы акустикалық тартылу мен дыбысты кері итеру әсері бар қабырғалық перделерді байқайсыз. Бұларды арнайы бағдарламасы бар жеке компьютер басқарады.

 Хан Шатыр

 width=  Еліміздегі ерекше пішіндегі «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннес рекордтар кітабына кірген. Елорданың ғажайып ғимараты сегіз жыл ішінде Астана символдарының біріне айналып үлгерді. «Хан Шатыр» – алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатыр. Елордада бой көтерген ғимарат қала күніне орай 2010 жылы 6 шілдеде ашылған. Елбасының идеясын жүзеге асыру әйгілі британдық сәулетші, лорд Норман Фостерге тапсырылды. Британдық Foster&Partners фирмасы жобалаған нысанның металл қаңқасы – 2300 тонна, биіктігі 150 метрді құрайды. Ал жалпы ауданы – 127 мың шаршы метр. Бас мердігер –Түркияның Sembol Construction құрылыс серіктестігі. Норман Фостердің қиялынан шыққан сәулет туындысы – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі сауда-ойын-сауықты біріктірген елордадағы алғашқы орталық. Нысан күн сәулесін өткізетін мөлдір шыныдан және полимерлі жабынмен бекітілген болат темір арқаннан құрастырылған. Арнайы химиялық құрам шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микро­климатты сақтап тұрады. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді. Бұл туралы Forbes Style журналы жазды. «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы астаналықтар мен қала қонақтарына әмбебап дүкені, отбасы саябағы, мейрамханалар, кинотеатр, спорт залдары, жасанды жағажай мен бассейні бар аквапарк, қызмет және кеңсе орындары, 700 орынға арналған паркинг қызметін ұсынады. Бірегей орталық күмбезінің астында Мальдив аралдарынан арнайы әкелінген жұмсақ құм төселген, тропикалық өсімдіктері бар жабық жағажай орналасқан. Хауыздардың бірінде орналасқан жасанды толқын нағыз теңіз жағалауында демалып жатқандай сезімге бөлейді. Бұл жерде жылдың кез келген мезгілінде елордалықтар мен қала қонақтары демалады. Әкімшіліктің мәліметіне сәйкес, демалыс күндері «Хан Шатырға» шамамен 30 мың адам бас сұғады. Шатыр құрылысы 2006 жылы басталып, төрт жылға созылды. 2010 жылы «Хан Шатыр» Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын ұтып алды.

Оқушылар сарайы

 width=  Оқушылар сарайы – еліміз бойынша ғана емес, әлем бойынша да баламасы жоқ ерекше ғимарат. Ішкі қондырғылары заманауи техникалармен жабдықталып, сырты қазақи нақышта әрленген бұл нысанның кескіні мен келбеті тым ерекше. Бұл көркем, төрт қабатты, көз тартарлық архитектура туындысы шамамен сегіз жарым гектар жерді алды. Нысанның төбесінде шаңырақ орналасқан. Шеңбердің биіктігі – 8 метр, ал диаметрі – 156 метр. 2011 жылы бой көтерген ғимараттың жалпы ауданы – 61274,6 шаршы метр. Төрт қабаттан тұратын нысандағы бөлмелер саны – 842. Ғимаратқа кіріп келген адамның көзі бірден үздіксіз айналып тұратын алып конструкцияға түседі. Бұл бір жағынан секциялар бағытының жан-жақтылығын көрсететін сарай эмблемасы болса, екінші жағынан әр баланың арманы іспетті. Тоқтамайды. Үнемі қозғалыс үстінде. Балалардың арман баспалдағы осы жерден бастау алады. Ертеңіне ерінбей қарайтын талапты жастың жігерін жануды құдды осы арадан бастап кеп жібергендей. Бүгінде Оқушылар сарайы қаладағы қосымша білім беретін ең ірі ұйым болып табылады. Ондағы үйірмелердің 60 пайызы тегін жүргізіледі. Әртүрлі әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары көбіне мұнда тегін сабақтарға қатысуға мүмкіндік алады. Мұндай сабақтардың қатарында техникалық сабақтар, робототехника, жеңіл атлетика болса, басқа секциялар ақылы жүргізіледі. Олардың бағасы айына 2500-ден 7000 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Сондай-ақ, мұнда заманауи технологиямен жабдықталған таңғаларлық зертханалар өте көп. Оқушылардың санасын серпілту үшін түрлі қызықты ойындар да өткізіп тұрады. Мәселен, бір ғана найзағайлар соғып тұрған «тесла шоу» деп аталатын ойынын алсақ, бұл виртуалды әлемде балалар өздерінің ойлау қабілетін жаңа қырынан көрсете алады. Оқушылар сарайы – жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығы. Бүгінде мұнда 10 мың баланы қамти отырып, түрлі бағытта жұмыс жасайтын 650-ге жуық топ, 125 үйірме бар. Оларға 200-ге жуық қосымша білім беру педагогтары сабақ жүргізеді. P.S. Астана елорда болғалы мұнда жыл сайын жаңа ғимарат қатарға қосылуда. Бүгінде бас шаһардың көркіне сән қосқан айтулы нысан саны 20-дан асып кетуі де мүмкін. Біз соның негізгілеріне ғана тоқталдық. Әлемге танымал «Окан Холдинг» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекир Окан бір сұхбатында Астанаға ең алғаш 1995 жылы келгенінде Елбасының Астана туралы ойын естіп: «Бұл кішкентай ғана қала. Қалай астана болады?» деп сұрапты. Ол сұраққа Президент «Стратегиялық тұрғыдан осы қала астана болуы қажет, солай болады» деп жауап берген екен.