ТҮРКІТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРҒА ОРТАҚ БАЙҚАУ

ТҮРКІТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРҒА ОРТАҚ БАЙҚАУ

ТҮРКІТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРҒА ОРТАҚ БАЙҚАУ
ашық дереккөзі
Қаламгерлерге арналған Махмұт Қашқари атындағы V Халықаралық әңгіме байқауы бастау алды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін байқау ұйымдастырушылары биыл да өз жүлдегерлерін анықтауға әзір. Еуразия Жазушылар одағының мұрындық болуымен ұйымдастырылған халықаралық байқаудың еліміздегі жұмысына Қазақстан Жазушылар одағы жауапты. Осы ретте Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыппен байқау төңірегінде әңгімелескен едік. – Бауыржан Өміржанұлы, Махмұт Қашқари атындағы V Халықаралық әңгіме байқауының шарттары  елордамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жарияланыпты. Бұл кездейсоқтық па, әлде байқау Астананың туған күніне әдейі орайластырылып отыр ма? – Қазақстан Жазушылар одағының Еуразия Жазушылар одағымен бұрыннан байланысы бар. Бұл одақтың орталығы – Анкара қаласында. Олар бұған дейін де бірнеше шаралар ұйымдастырды. Еуразия Жазушылар одағының қолдауымен қазақ қаламгерлерінің еңбектері түрік тілінде аударылып келеді. Тағы бір айта кететін жағдай, ТҮРКСОЙ мен Еуразия Жазушылар одағы бірігіп Түркияда Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын атап өтті. Оның алдында да қазақтың ұлы тұлғаларына арналған шаралар ұйымдастырылған болатын. Ал Махмұт Қашқари атындағы байқау дәстүрлі түрде жыл сайын жарияланып жүр. Бұл байқау түркітілдес мемлекеттердің бәрін қамтиды. Байқау шарты бойынша әр мемлекетте бөлек бәйге болады. Жеке мемлекеттерде жүлдегерлерге бөлек сыйақылар тағайындалған. Содан кейін түркі дүниесіндегі озық шығармалар түрік тіліне аударылып, жарияланады. Оларға да қомақты сыйақы беріледі. Жақында Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдаулет Түркияға, Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Анардың 80 жылдығына орай өткен шараға барып қайтты. Сонда Еуразия Жазушылар одағының, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің тарапынан осы байқауды ел арасында жариялау туралы өтініш білдірген еді. Қазір басылымдар арқылы байқаудың өтетінін хабарладық. Конкурсқа қатысуға ниетті жандар үстіміздегі жылдың 31 тамызына дейін Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына, 25-бөлмеге әңгімелерін тапсыруы тиіс. Байқауға тапсырылатын әңгімелердің көлемі кем дегенде 1 мың, ең көп дегенде 10 мың сөзден аспауы қажет. Компью­­терде 12 шрифтпен жазылатын әңгімелер 6 нұсқа болып жіберіледі. Сонымен бірге, орын алған әңгімелер кітап болып шығатындықтан, әңгімелер салынған конверттің ішіне Word форматында әзірленген файл, CD-ге жазып жіберіледі. Жіберілген шығармалар мұның алдында ешбір конкурсқа қатыспауға және басылымдарда жарияланбауға тиіс. Ал автор аты-жөнін, мекен-жайын, өмірбаянын және 1 дана фотосуретін басқа бір конвертке салып, үстіне тек бүркеншік есімін жазады және оны әңгімемен бірге үлкен конвертке салып жібереді. – Бұған дейінгі байқауларда әділетсіздік орын алды деп айыптағандар болды. Биылғы байқаудың ұйымдастырылу жұмыстары қалай жүргізілуде? Байқау қаншалықты әділ өтеді? – Сынға түскен қаламгерлердің жұмысын бағалау үшін арнайы қазылар алқасы құрылады. Сол топ Қазақстан бойынша байқау жеңімпаздарын анықтайды. Қазіргі уақытта қазылар алқасының құрамына кіретін қаламгерлер іріктеліп жатыр. Елдегі жеңімпаздарды жариялау 30 қыркүйекке жоспарланған. Халықаралық жүлдегерлерді жариялау 2018 жылдың қараша айында өткізіледі. Халықаралық әділқазылар алқасына да қазақстандық қаламгерлер енгізілуі мүмкін. Ал байқаудың бұрындары қалай өткенін нақты білмеймін. Бірақ биылғы байқау барынша әділ өтеріне күмәнданбаңыздар. Өйткені қазылар алқасының құрамында осы саланы білетін көрнекті қаламгерлер болады. Олар алдарына келген еңбекті мұқият қарап, сараптап, әділ баға беретініне сенімдімін. Оның үстіне, жоғарыда айтып өткендей, шығармалар қазылар алқасының алдына автордың аты-жөні көрсетілмеген күйде жеткізіледі. Яғни, әділ қазылар алдымен тек шығармаларды оқып, баға береді. Бұл жерде байқауға автор емес, шығарма түседі. Сондықтан бұл байқауда қандай да бір әділетсіздік орын алады деп ойламаймын. Бәрі әділ түрде өтетініне, ең үздік шығармалар жүлдеге лайық деп таныларына сенім артамын. – Ақпаратыңыз үшін рахмет!

 Әңгімелескен Әсел ӘНУАРБЕК