ТЕРІСКЕЙГЕ КЕЛГЕН «КИЕЛІ ТҮРКІСТАН»

Солтүстік Қазақстан облысының орталығындағы «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде «Әзірет «Киелі Түркістан» көрмесі ашылды. Бұл Астана қаласының 20 жылдығы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына арналды. Көрменің мақсаты – киелі Түркістан мен Солтүстік Қазақстан өңірінің арасында рухани, мәдени және музейаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Жаһандағы қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ұйымдастырылған көрме экспозициясына қорық-музей қорынан 250-ден аса көз жауын алатын жəдігерлер қойылды.

Шараға Солтүстік Қазақстан облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы  Ермек  Рахимов, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, М.Қозыбаев атындағы Мемлекеттік университетінің проректоры Ақмарал Ибраева, университеттің оқытушы профессорлары мен студенттері қатысты.

Түркістаннан рухани керуенді бастап келген «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығына көрменің мақсаты мен міндеті жөнінде жеткізе келе, Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген үш нысанның бірі – Қожа Ахмет Ясауи жөнінде мәлімдеп, тарихи күнмен құттықтады.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ермек Рахимов «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған  көрмеге ыстық лебізін білдіріп, арнайы алғыс хат пен сый-сияпатын табыс етті.

«Киелі Түркістан»  көрмесі Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары мен қонақтары үшін бір ай бойы қызмет көрсететін болады.

Бекзат-Саттархан

ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

 

Back to top button