«Алматы жастары» – айрықша бағдарлама

Халықты баспанамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Мұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларының бәрінде айтып келеді. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда да тұрғын үй мәселесіне айрықша назар аударылды. Осыны ескерген Алматы қаласының әкімдігі жаңа бағдарлама бойынша жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етпек.

Алматы әкімдігі ұсынып отырған тұрғын үй бағдарламасы –  «Алматы жастары». Бағдарламаның басты ерекшелігі – пайыздық төлемнің төмендігі, яғни жобаға қатысушыларға жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын 10 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті заем беріледі. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта төлем қабілетіне қарай жеке жасалады. Жуырда бұл бағдарламаның екінші кезеңі іске қосылады. Жобаның екінші кезеңіне құжат қабылдау 9 шілдеден басталады. «Алматы жастары» 35 жасқа дейінгі азаматтарды қамтиды. «Бүгінгі күні қалада 35 жасқа дейінгі жастар саны – 800 мың адам.  Жастар үшін барынша маңызды және өзекті мәселе – жеке тұрғын үйге қол жеткізу. «Алматы жастары» атты жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын енгізу үшін қазірдің өзінде жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Оның үстіне, бұл жоба жастарды ынталандырудан бөлек қала тұрғындары ақшасының Алматыда қалуына да ықпал етеді. Жеңілдетілген заемді тек Алматы қаласында ғана алғашқы үйді сатып алуға жұмсауға болады. Яғни, осы қаржы есебінен құрылысшылар мен жұмысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді», – деген болатын бағдарлама алғаш қолға алынғанда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасының дерегінше, қазір жергілікті бюджеттен бағдарлама жұмысын жалғастыру үшін 2 млрд теңге қарастырылып отыр. Басқарма мамандарын азаматтардың «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша ипотека алу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге барып жатқаны да мазалап отыр. «Былтыр Алматы жастарының арасында жасы келмейтіндер де, яғни 35-тен асып кеткендер де құжаттарын өткізіп жатқан фактілер көп болды. Сосын басында үйі немесе туыстарының үйлерінде үлесі  барлардың арасында да қатысуға ниеттілер көп болды. Біз олардың бірден   жолын кестік. Баспаналарын басқаның атына жазып, сатып пәтер алғысы  келетіндер де бұл бағдарламамен өтпейтінін ескертеміз», – дейді Алматы қаласы тұрғынүй басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сәйділдаев.

Сондай-ақ, 2018 жылы бағдарламаға бірқатар жаңартулар енгізілген. Бірінші балаға 10 балл, ал әрбір келесі балаға 20 балдан есептеледі. Балдық жүйеде хабарландыру шыққаннан бастап некеде 1 жыл тұрған жас жұбайларға 30 балл бөлу қарастырылған.

Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша баспаналы болуға ниеттілер тым көп болды. Бар-жоғы 100 отбасына арналған пәтерді алу үшін 6,5 мың өтініш түскен. Мамандардың айтуынша, бастапқы төлемсіз әрі жылдық мөлшерлемесі төмен болған соң,  үміткерлер саны да еселене түсіпті. Үміткерді таңдау баллдық жүйемен есептеледі. Ал баспана тек жаңа салынған  үйлерден берілмек. Құжаттарды қабылдау 20 шілдеге дейін жүреді. Дегенмен  өткен жылы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 108 адам пәтер алды, биыл бұл көрсеткішті 200-ге жеткізу көзделіп отыр.

Back to top button