5 Шілде 2018, 01:27 776 0 Қоғам Әсел ӘНУАРБЕК

Жаңғырған Қазақстанның айшықты символы

Еңселі елордамызға – 20 жыл! Жиырма жыл тарих үшін қас-қағым сәт, әрине. Бірақ сол уақыт аралығында Сарыарқаның төсінде әлем таңдай қағып қарайтын Астана қаласы бой түзеді. Бас қаланың 20 жылдағы жеткен жетістігі, даму көрсеткіші де мақтануға тұрарлықтай. Астана – еліміздің бас қаласы атанған сәттен бүгінге дейін дамудың сан түрлі сатысынан өтті. Соның нәтижесінде, елорда 20 жылда экономика және саясат, ғылым және білім, мәдениет және өнердің орталығына айналды.

Шағын қаладан күллі әлем мойындаған алып шаһарға айналған Астананың аумағы да 20 жылда 258 шаршы шақырымнан 800 шаршы шақырымға дейін өсті. Осы жылдар ішінде Астана халқының саны 3 есе артып, 298 мың адамнан 1 миллионға жетті. Деректерге иек артсақ, астаналықтардың басым бөлігін жастар құрайды. Шаһар тұрғындарының орташа жасы – 30. Бүгінде елімізде елордамен аттас балалар жетерлік. Статистикалық деректер Қазақстанда Астана есімді 17 азаматтың барын растайды. Олардың бесеуі Түркістан облысында тұрады. Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында да Астаналар баршылық. Астана есімін иемденгендердің бәрі де ер азаматтар, ал елордада Астанай есімді бойжеткен бар.

Жиырма жылда жаңа жұмыс орындарымен қамтылған астаналық тұрғындар саны 3,5 есе артып, 136 мыңнан 466 мыңға жетті. Қала халқының табиғи өсімі 5,5 есе артып, әрбір мың адамға шаққанда 4,8-ден 26,4-ке дейін өсті. Бас қаладағы жоғары оқу орындарының саны да 3 есе көбейді.

Сарыарқа төсіндегі салтанаты келіскен Астана сәулет өнерінің озық үлгілерін дүниеге әкелетін мекен секілді. Қазіргі уақытта Астанада көрсең көзіңді қуантатын заманауи ғимараттар жетіп-артылады. Әсем ғимараттардың қатарын тұрғын үйлер де толықтыра түсуде. 20 жыл ішінде бас шаһарда тұрғын үй құрылысы үшін 1 трлн 600 млрд теңге бөлініп, 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1265 тұрғын үй бой көтерді. Одан бөлек, Астанада 20 жыл ішінде 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңыздағы нысандар салынған.

Сонымен бірге, жалпы ішкі өнімде де өсім айрықша. 20 жылда жалпы ішкі өнім көрсеткіші 190 есеге артып, 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі 30 есеге көбейіп, 454,4 млрд теңгеге жетсе, шағын және орта бизнеске тиесілі өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Астананың дәл осындай жетістіктерінің нәтижесінде мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 80 есеге дейін артып отыр. Ал өткен жылы елордада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де шаһардың оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуіне жол ашты. Айта кетейік, былтыр Астанаға тартылған инвестиция көлемі 945 млрд теңге болса, оның 70 пайызы жеке инвестицияның үлесінде.

Астананы әлем елдерінің бас қалаларынан айрықшалайтын тағы бір жайт бар. Астана «астана» деген атауды беретін әлемдегі бірден-бір бас қала. Бұл тізімге Сеул қаласы да кіреді. Кәріс тілінде «сауль» сөзі «астана» деген мағынаны білдіреді екен. Ал бас қаланы республикадағы өзге шаһарлардан ерекшелейтін дүниенің бірі – Астанада ілулі тұрған еліміздегі ең үлкен ту. Бұл жалаудың ұзындығы 15, ені 30 метр. Республикадағы ең үлкен көк ту 111 метр биіктікке орнатылған.

Жиырма жылда Астана еліміздің шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін бүкіл жер жүзіне таныстыратын мемлекеттік орталық мәртебесін иемденді. Ару Астананың алдында әлі талай міндеттер бар. Соның бірі – Астананы әлемдегі ақылды қалалардың біріне айналдыру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударғаны белгілі. Сондықтан ендігі міндет – «Смарт сити» стандартын қалыптастырып, Қазақстанның өзге қалаларына озық тәжірибелерді таратуды қолға алу. Бұл міндетті де бас шаһардың толықтай орындайтынына күмән жоқ.

Соңғы жаңалықтар