Жамбыл облысында жол апаты болды
Жамбыл облысында жол апаты болды
Жамбыл облысындағы жол апатынан 40-тан астам жолаушы зардап шекті. Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті Жамбыл облысындағы тасжолда болған жол-көлік оқиғасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салайық, Қордай ауданында жантүршігерлік жол апаты болған еді. Халықаралық жолаушылар автобусы дұрыс бұрылмай, қисайып барып, бір шетіне жатып қалған. Апаттың салдарынан 27 жастағы қыз мерт болып, 6 жолаушы ауыр жарақат алған болатын. Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне мәлім еткендей, 1 шілде күні 22:20-да Қордай аудандық ішкі істер бөліміне Алматы-Тараз тасжолында 25 жастағы шымкенттік жүргізушінің Алматыдан туған қаласына келе жатып, «Kaessbohrer» автобусын басқара алмай қалғаны туралы хабарлама түскен. «Оқиға Алға ауылында «Қауіпті бұрылыс» ескерту белгісі аймағында болған. Жолаушылар автобусы оң жаққа қарай аударылған. Жол апаты салдарынан бір жолаушы қаза тапты», - деп түсіндірді ведомствода. Нақты деректер бойынша, Қордай аудандық орталық ауруханасына түрлі жарақатпен 41 адам түсіп, хирургия бөліміне алты жолаушы жатқызылған. ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі.