«Ұлы дала Астанасы» атты кітап қазақ және түрік тілінде жарық көрді
«Ұлы дала Астанасы» атты кітап қазақ және түрік тілінде жарық көрді
2018 жылдың 3 шілде күні Анкара қаласында Астананың 20 жылдығына орай «Ұлы дала Астанасы» атты халықаралық конференция өтті. Сондай-ақ «Ұлы дала Астанасы» (ASTANA Ulu Bozkır Başkenti) атты қазақ және түрік тіліндегі кітаптың тұсаукесері өтті.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған конференцияға Елші Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-спикері Хикмет Четин, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түркияның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Халил Шывгын, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз және түрік зиялы қауымы, кәсіпкерлер мен іскерлері, елшілер мен шетелдік дипломатиялық мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Елші А.Сапарбекұлы: «Қазақстан Президентінің «Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі» деген ұлағатты сөзі әрдайым жадымыздан шыққан емес. Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, азаттықтың алтын арқауы – жалпақ жұртымызды айқын болашаққа, кемел келешекке жұмылдырып, даму жолындағы ұлттық мақсат-мүдделерімізді бір арнаға тоғыстырды. Осы тұста Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың айтулы мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі Анадолу топырағында бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырып, ел тарихындағы елеулі оқиғаға өзіндік үлес қосып отырғанын атап өткім келеді.
Біздің мемлекетіміз үшін зор қуанышымызды алғашқылардың бірі болып бөліскен Түркияның орны бөлек. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Тәуелсіздікті жарияладық, екі сағаттан кейін марқұм Тұрғыт Өзал маған телефон шалып, «Түркия қолдайды» деді. Бұл қуанышты еш уақытта естен шығаруға болмайды» деген болатын.