Аграрлық сала жаңа буынды кәсіби мамандармен толығуда
Аграрлық сала жаңа буынды кәсіби мамандармен толығуда
Қазақ ұлттық аграрлық университеті биылғы түлектеріне диплом тапсыру рәсімін өткізді. Аграрлық білім мен ғылымның қыр-сырын игеріп, кәсіби маман иесі атанып, үлкен өмірге жолдама алғандардың ішінде «Орман, жер ресурстары және фитосанитария», «Агробиология», «Гидротехника, мелиорация және бизнес», «Инженерлік», «Технология және биоресурстар», «Ветеринария» факультеттерінің түлектері бар.
Биыл Қазақ ұлттық аграрлық университетін 1314 түлек бакалавриат бойынша, соның ішінде 25 пайызы, яғни 320 студент үздік диплом иегері атағына ие болды. Магистратураны 189 түлек бітірді, ал докторантураны 43 адам тамамдап ғылыми дәрежелерін қорғауға дайындық үстінде.
Салтанатты шараны университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов құттықтау сөзбен ашып, түлектерге дипломдарын өз қолымен салтанатты жағдайда тапсырды.
Еліміздің аграрлық саласындағы жаңа буынды кәсіби мамандар қатарын толықтыратын түлектерге ақ жол тілеген университет басшысы оқу орнында кейінгі жылдары атқарылып жатқан игі іс-шаралар мен ауқымды жобаларға тоқталып, отандық агроөнеркәсіптік кешенін жаңа бағытта дамытуға байланысты ой-мақсаттарымен бөлісті.
«Мемлекет басышысы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Халыққа Жолдауында «аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау және «оларға диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласында нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауы тиіс» екендігін ерекше атап өтті.
Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында, әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы міндетті сіздер іске асыруларыңыз керек!» – деді ректор өз сөзінде
Соңғы жылдары ҚазҰАУ агроқұрылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқандықтан, түлектердің 85 пайызы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуда. Түлектердің жұмысқа орналасуына қарап, Жоғары оқу орнының деңгейі анықталады, ал жастар қашанда аға буын артынан еріп, тәжірибе жинау арқылы биік белеске ұмтылады. Бұл – ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі
2010 жылдан бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып университет Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануда.
2015 жылдан бастап университетте Агротехнологиялық Хаб ашылды. Оның құрамында Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея инновациялық орталықтары, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталық, Су хабы, 4 инновациялық орталық, Инновациялық жылыжай, 8 ҒЗИ, 42 ғылыми-зерттеу зертханалары, т.б. Оның негізгі қызметі: шетелдегі озық технологиялар мен білімді тарту және оны қазақстандық жағдайға бейімдеу, ғылыми-зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің құралдарын тәжірибеде қолдану, агроөнеркәісіптік кешеннің басымды бағыттарын дамыту. Қазіргі кезде барлық аймақтарда Агротехнологиялық Хабтың өкілдіктері ашылуда.
Үстіміздегі жылдың 6 маусымында әлемнің үздік университеттерінің QS WUR-2019 рейтингісі жарияланған болатын. Рейтингте әлемнің 2000 аса университеті қарастырылып, солардың ішінде 1000 жоғары оқу орны қызметі сараптамадан өтті. Осы жылы Қазақстан бойынша 10 ЖОО рейтингтік жүйеде бағаланған. ҚазҰАУ бұл рейтингке алғашқы рет еніп, ТОП-700 әлемнің үздік университеттері қатарынан орын алды.
90 жылдық терең тарихы бар университетте 90 пайыздан астам ауыл балалары оқиды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялыларының қатарын қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге қызмет етуде.
Салтанатты шараны қорытындылай келе, оқу орны басшысы Тілектес Исабайұлы: «университеттің мақсаты – жастарға білім берумен қатар оларды, ұлт патриолты етіп тәрбиелей отырып, еңбексүйгіш, өз кәсібін игерген білікті маман ретінде дайындау» – екенін атап өтіп, «озық біліммен қаруланған жаңа буындағы ғылым магистрлері білікті маман ретінде ел экономикасының аграрлық саласында тиімді қызмет атқарады» деп сенім білдірді.
Түлектерге диплом тапсыруға арналған салтанатты шараға агроқұрылымдар басшылары, ауыл шаруашылық саласының белгілі ғалымдары, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы және түлектердің ата-аналары мен туыстары қатысты.