Оралмандардың еңбек өтілі неге есептелмейді
Оралмандардың еңбек өтілі неге есептелмейді
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова оралмандардың еңбек өтілін есептеу мәселесі бойынша түсінік берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл - өте маңызды сұрақ. Қазір біз бірнеше елмен жұмыс істеп жатырмыз. Негізі, біз оралмандардың еңбек өтілін толық түрде санауға дайынбыз. Бірақ бірқатар қиыншылықтар бар. Мәселен, Қытайда еңбек кітапшасы жоқ екен. Соның салдарынан Қытайдан келген қандастарымыз еңбек өтілін көрсете алмай жүреді. Сол себепті біз Қытайдың мемлекеттік органдарына арнайы xат жаздық. Олармен бір келісімге келуіміз керек. Біз қандастарымыздың еңбек өтілін толығымен ескеруге әзірміз. Сондай xатты жібердік. Олар келісім берсе, еңбек өтілін осындай ретпен санайтын боламыз», - деді М.Әбілқасымова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Министрдің айтуынша, оралмандардың еңбек өтілін есептеу мәселесі шешілсе, базалық зейнетақы және тағы басқа әлеуметтік төлемдердің ұлғайған мөлшерін алуға мүмкіндік болады. «Оралмандардың көбісі Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейден, тіпті Германиядан келіп жатыр», - деп атап көрсетті М.Әбілқасымова.
Айта кетейік, Қазақстанда 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа жүйесі күшіне енді. Оған сәйкес, бір миллионға жуық зейнеткердің базалық зейнетақысы екі есеге өсті.
«Мәселен, зейнеткердің еңбек өтілі болмаса, сосын зейнетақы жинақтау жүйесіне мүлдем қатыспаса, я болмаса, еңбек өтілі 10-ақ жыл болса, оған жаңағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін - 15 274 теңгені төлене береді. Ал 10 жылдан артық еңбек өтілі бар адамға қосымша әрбір жыл үшін 2 процент қосылады. Сонда 33 жылдық еңбек өтілі бар адам базалық зейнетақының толық мөлшерін - 28 284 теңгені ала алады. Әрбір адам өзінің зейнетақы мөлшерін «электронды үкімет» порталынан, я болмаса, «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-кеңселерінен біле алады. Сол жерде толық анықтаманы да алуға мүмкіндік бар. Бүгінде қайта есептеу шаралары атқарылып, әрбір адамның зейнетақысы автоматты түрде белгіленді. Сондықтан қосымша құжаттарды әкелудің қажеті жоқ», - дейді ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.