Семейлік ғалымдар ерекше белбеу ойлап тапты

Семейлік ғалымдар ерекше белбеу ойлап тапты

Семейлік ғалымдар ерекше белбеу ойлап тапты
ашық дереккөзі
Шокқа қарсы пневматикалық жамбас белбеуі - бұл Семей қаласының Мемлекеттік медицина университеті ғалымдарының көп жылғы ізденістерінің нәтижесі. Ол жамбас жарақатынан келетін өлім-жітім мен мүгедекті алдын алуға бағытталған медициналық құрылғы. Бұл туралы altaynews жазады.  Жамбас сүйектерінің зақымдануы - бұл ең ауыр жарақат түрінің бірі. Қиындығы сол, оның салдарынан көп мөлшерде қан кетіп, адам қатты ауырсынуы ықтимал. Қазақстанда тіркелетін өлімнің үштен бір бөлігіне осы себеп. Жағымсыз көрсеткішті түсіру мақсатында медицина университетінің оқытушылары және дәрігерлері арнайы құрылғыны ойлап тапты. Оның көмегімен ауруды асқындырмай алдын алуға болады екен. Ғылыми жоба 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында қолға алынды. Осы арқылы республикадағы жедел медициналық көмекті жетілдіру көзделген. Арнайы аппарат Білім және ғылым министрлігі тағайындаған грант есебінен әзірленіп отыр. Құрылғы - ұзындығы 110 см және ені 30 см-ді құрайтын қоспалы матадан тұрады. Сол сияқты оң және сол жағында арнайы қалташалары және ауа айдағыш сорғысы бар. Бұдан басқа белбеу монометрмен қамтылған. Ол манжеттегі ауа қысымын қадағалауға мүмкіндік береді. Медициналық өнім өзінің тиімділігін көрсете бастаса, оны жаппай өндіріске енгізу жоспарлануда. Идеяның негізгі авторлары медицина ғылымдарының докторы, жоғары санаттағы травматолог-ортопед дәрігер Ерсін Жүнісов, сондай-ақ Астанадағы №1 қалалық ауруханасының политравма бөлімінің меңгерушісі Руслан Ботаев. Мультиорталықтық зерттеу шеңберінде пневматикалық белбеуді Pneumatic anti-shock pelvic belt (PAPb) Астана, Алматы және Семей қаласындағы жедел медициналық көмек станциясының жұмысына, сол секілді аталған шаһарлардағы ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне енгізу қарастырылып отыр. Айта кетейік, жамбас жарақаты әсіресе жол-көлік оқиғаларында жиі орын алады. Сол себепті осы бірегей аппаратпен ақ халаттылар ауыр жарақаттардың санын азайтуды жоспарлауда.