Тимур Сүлейменов инфляциямен күрес жайында баяндап берді

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов инфляциямен күрес жайында баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде жарты жыл бойынша инфляцияның қорытындысы жасалды. Инфляция 5,9 пайыз көрсеткішіне дейін төмендеді. Атап айтқанда, бізде азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 0,1 пайызды құрады. Яғни дефляция категориясына шықтық», – деді министр Үкімет отырысынан кейін.

Оның болжамына қарағанда, жыл соңына дейін Қазақстан осы оңтайлы қарқынды сақтап қалады.

«Егер де өткен жылы өсім 0,7 пайыз болса, биыл 0,1 пайыз деңгейінде. Бұл өз кезегінде айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Сондықтан, біздің 2018 жылға межелеген макроэкономикалық индикатор (инляцияның дәлізі 5-7 пайыз деңгейінде) қазіргі кезде орындалып келеді. Біздің ойымызша, жыл соңына дейін осы дәліз төңірегінде боламыз», – деді Т. Сүлейменов.

Бұдан бөлек ол аталған мәселеде алдағы жылғы талаптарға тоқталды.

«Келесі жылдан бастап бізде қатаң талаптар белгіленген. Сондықтан 4,6 пайыз санатына енуге тырысамыз. Сәйкесінше, бұл дәлізден шықпауға мән береміз. Бұл өз кезегінде көптеген факторларға әсер етеді, яғни халықтың әл-ауқатына, нақты табысына ықпалы бар», – деді ведомство басшысы.

 

Back to top button