Жамбыл облысында жаңа зауыт жылына 50 мың тонна тұз өндіреді

Жамбыл облысында жаңа зауыт жылына 50 мың тонна тұз өндіреді

Жамбыл облысында жаңа зауыт жылына 50 мың тонна тұз өндіреді
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында «Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» республикалық акциясы аясында жаңа өндіріс іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сарысу ауданында ас тұзын өндіретін және өңдейтін «Асыл тұз» компаниясы» ЖШС-ның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Өңірдің кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жоба құрылысының құны 710 млн теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы - жылына 50 мың тонна. Өңірде зауыттың ашылуымен 75 жаңа жұмыс орны пайда болады. Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаевтың айтуынша, әр жаңа өндірістің іске қосылғаны өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді. «Біздің ауданда фосфор өндіретін екі ірі зауыт бар. Тұз шығаратын тағы бір зауыт ашылды. Бұл өңір үшін жақсы көрсеткіш. Тұрғындар жұмыспен қамтылады. Салық қазынасы толығады. Әлеуметтік жағдай жақсарады», - деп атап өтті Балабек Нарбаев. Еске салайық, Астананың 20 жылдығына орай Жамбыл облысында пайда болатын 20 нысанның ішінде сегіз балабақша, төрт спорттық-сауықтыру кешені, «Burnoye Solar-2» ЖШС күн электр стансасының екінші кезегі, ас тұзын өндіретін және өңдейтін зауыт, ауылдық тарихи музей, дәрігерлік амбулатория, ауыл шаруашылығы кооперативі, жаңа 70 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй бар.