Нұрлан Отарғалиев: «Қағазсыз аурухана» қағидатына көшпекпіз

Нұрлан Отарғалиев: «Қағазсыз аурухана» қағидатына көшпекпіз

Нұрлан Отарғалиев: «Қағазсыз аурухана» қағидатына көшпекпіз
ашық дереккөзі
Шілде айынан бастап Алматы ауруханалары науқастарды қағазсыз қабылдайтын болады. Яғни, амбулаториялық карталар және тағы басқа дәрігерлік жазбалардың бәрі электронды нұсқамен толтырылады. Медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу жобасынан Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасы да тыс қалған жоқ. Бүгінде аурухана компьютерлік техника, кеңсе техникасы, қажетті жылдамдықтағы ғаламтор желісімен жабдықталды. Ауруханаға келіп жеткен цифрландыру жайында Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің ұйымдастыру-методикалық жұмыс бойынша орынбасары Нұрлан Отарғалиев былайша әңгіме өрбітті. – Жыл басынан бері ауруханаға қосымша 184 дербес компьютер орнатылып, оның жалпы саны 400-ден асты. Енді жаңа сандық форматтағы мәліметтер базасы бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірілмек. Осындай үлкен жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асқаны белгілі. Денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге көшіру жөнінде Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында кеңінен тоқталып өткен болатын. Осы тапсырманы іске асыру бойынша республика көлемінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2010 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптасқалы бері электрондық порталдар мен тіркелімдер дайындалды. «Ауруханаға жатқызу бюросы» парақшасы ашылды. Бұл арқылы елдің түкпір-түкпіріндегі науқастар өзі қалаған медициналық мекемені таңдап, ауруханаға жату үшін кезекке тұра алады. Стационарлық және онкологиялық науқастар, жүкті әйелдер, орфандық ауруларға шалдыққан адамдарды электронды тіркеу дайындалды. Осы уақытқа дейін 22 ақпараттық портал жұмыс істей бастады. Енді осы жүйелерді біріктіріп, науқас пен дәрігер арасындағы байланысты жеңілдету басты мақсат. Жалпы «қағазсыз қағидат» бізге не береді? Науқас уақытын үнемдейді, ғаламтор арқылы өз денсаулығы жайлы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Дәрігер қағаз жұмыстарынан арылып, медициналық көмек сапасын жақсартуға жол ашады. Сонымен қатар, рентген, компьютерлік томография сияқты диагностикалық аппараттан бұрынғыдай пленка шығарып отырмайды, оның бәрі пациенттің электронды денсаулық паспортына тіркеледі. Әрі бұл аурухана қаржысын үнемдейтінін ескеру керек. Мәселен, жедел жәрдем бригадасы көмекке келгенде науқас туралы ақпарат электронды жүйеге енгізіліп, ауруханаға пациенттен бұрын ғаламтор арқылы жетеді. Бұл ауыр жағдайдағы науқасқа тез арада көмек көрсетуге зор мүмкіндік. Дәрігер үшін ем көрсетуде әр минуттың маңызды екенін ескерсек, осы сандық жүйенің маңызы зор. Алдына келген пациенттің жеке идентификациялық нөмірі арқылы оның денсаулығын біліп отырады. Бұл уақытты және қағазды үнемдейді. Демек, қағазсыз құжат айналымына көшу аясында науқастар мен дәрігерлердің денсаулық төлқұжаттары мен жеке кабинеттері жасалады. Кабинеттен шықпай-ақ тексерулер мен анализдердің барлық мәліметтері, ауру тарихы, екпе мен вакциналауға қатысты ақпаратты, аллергиялық реакциялар мен жасалған операциялар туралы деректерге қол жеткізіп, консилиум мен телемедициналық қашықтықтан басқарылатын кеңестер өткізуге болады. Бұлардың барлығы цифрлық тасымалдағыштарда болады. Тіпті, науқастарға құжаттарын, суреттерін өздерімен бірге алып жүру қажетсіз болып қалады. – Бұл жүйе арқылы дәрігер мен науқастың арасында байланыс орнай ма? Мәселен, жанына шипа іздеген адамға жылы сөздің өзі ем ғой... – Әр азаматтың денсаулық паспорты – негізгі интеграциялық платформа. Сол арқылы дәрігерге жазылу, жолдама алу немесе қандай да бір дәрігерлік анықтамаларды кез келген азамат үйінен-ақ ғаламтор арқылы egov порталынан алуына болады. Пациенттің, дәрігердің жеке кабинеті арқылы өзара байланыс орнатады. Дәрігер өзіне тіркелген науқасқа қажетті дәрі-дәрмек, ем шараларын осы электронды кабинетінде жазып, оны науқас көріп-біліп отырады. Меніңше, қағазсыз құжат айналымына көшу науқастарды емдеудің ашық әрі әділ болуына септігін тигізеді. Ауру тарихын электронды форматта жүргізу диагноздарды қайта жазу мен өзгертуге жол бермейді. Цифрландыру қаржылық операцияларды толық бақылауды, дәрілік заттар мен жұмсалатын материалдардың түсуі, шығындалуы мен сақталуын толықтай қамтамасыз етеді. Яғни, дәрілік препараттың әрбір ампуласы немесе таблетка науқасқа жетеді. Коррупциялық заң бұзушылықтар, көлеңкелі төлемдер болмайды. Әлбетте, мемлекеттік қызмет көрсетулер тізімі де кеңейе түседі. Бір сөзбен айтқанда, бәрі науқастың, қарапайым халықтың қамы үшін жасалған дүние. Науқаспен тікелей байланыс орнату да маңызды. Дәрігерлер бұл жағын да назарда ұстайды. Сонымен қатар, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да осы жүйе арқылы медициналық қызмет ақысын төлеп отырады. Жедел жәрдем қызметі де осы аталған платформаға қосылады. Осылайша барлығын бір жүйеге жинап, талдау жұмыстарын жасауға болады. Яғни, келесі қадам – «жасанды интеллект» бойынша жалпы денсаулық сақтау жағдайына болжам жасауға мүмкіндік туады. – 2019 жылы Қазақстанның әр азаматының өз электронды денсаулық төлқұжаты болады екен. Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздік мәселесі маңызды ғой... – Денсаулық сақтау саласы мамандарының берген ақпараты бойынша, бірте-бірте сандық жүйенің арқасында келесі жылы әр азаматтың өз электронды денсаулық төлқұжаты болады. Міндетті түрде әрбір медициналық-ақпараттық жүйенің ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті берген мемлекеттік техникалық куәлігі болады. Сонымен бірге, әрбір құрылымдық бөлімшеде өз ақпараттық қауіпсіздік деңгейі болмақ. Бұған қоса, науқастардың өз денсаулық жағдайына қатысты ақпаратты жария етпеу құқығы мен дәрігерлік құпияны сақтауға қатысты құқықтары заңмен қорғалады.  – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы