АҚТӨБЕ МЕН НӨКІСТІҢ ЕКІ АРАСЫ

АҚТӨБЕ МЕН НӨКІСТІҢ ЕКІ АРАСЫ

АҚТӨБЕ МЕН НӨКІСТІҢ ЕКІ АРАСЫ
ашық дереккөзі
Жақында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс қаласына іскерлік сапармен барып, қандас халықтар арасындағы тарихи байланысты дамыту, сауда-экономикалық саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолында бірталай табысты келісімдерге қол қойды. Шыны керек, Қарақалпақстанға бұндай ресми іскерлік сапар еліміздің тәуелсіздігіне жиырма жеті жылдан аса уақыт өткенде алғаш рет болып отыр. Биылғы «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» аясында іске асырылған бұл сапар өткен жылы қазақ-өзбек елдері үкіметтері арасында жасалған өңіраралық келісім негізінде жүзеге асты десе болады. Себебі екі ел басшылығы 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық  ынтымақтастық стратегиясына қол қойып,  мәдени, экономикалық ынтымақтастықты дамыта түсуге қол жеткізген-ді. Ақтөбе облысының Қарақалпақстанға сапары осы бағытта жүргізілсе де, оның жетістігі мен өзіндік ерекшелігі бар. Ақтөбе соңғы жылдары қазағы көп облыстардың біріне айналса, қарақалпақ еліндегі екі миллионға таяу халықтың үштен бірі – қазақ ұлтының өкілдері. Демек, ауылы аралас, қойы қоралас екі өңірдің халқы үшін барлық саладағы байланыс тиімді болмақ. Сапар барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Мұса Ерниязовпен кездесіп, Ақтөбе өңірі мен Қарақалпақстан республикасы  арасындағы сауда, мәдени және экономикалық байланысты одан әрі дамыту жөнінде әңгімелесті. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев пен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер кеңесінің төрағасы Қахраман Сариев 2018-2020 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық және сауда-экономика саласы бойынша әріптестік меморандумына қол қойды. Бердібек Сапарбаев пен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер кеңесінің төрағасы Қахраман Сариев, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақтың  ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен бірге арнайы барып, Нөкіс қаласының іргесіндегі «Сорша» зиратынан мәңгілік мекен тапқан қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергенов қабіріне зиярат жасап, құран бағыштады. Ақтөбелік делегация Нөкіс қаласындағы Орталық мешітке бас сұғып, қаладағы ең үлкен дін үйінде құран оқытып, «Самсунг Нөкіс» зауытын барып көрді және И.В. Савицкий атындағы өнер музейін аралап, тамашалады. Ақтөбелік өнерпаздар Бердақ атындағы мемлекеттік драма театрында «Ақтөбе – Нөкіс: тарихи тамырластық пен тиімді әріптестік» атты мерекелік концерт беріп, өнерсүйгіш қауымның көңілінен шықты. Концертте «Аққу» би тобының бишілері мың бұрала билеп, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ән шырқаған Светлана Айтбаева, Марат Әйтімов, Феруза Нарман, Гүлназира Сағынғанова, Динара Естілеуова, Жәнібек Бекбосынов секілді әншілер әуелете ән шырқап, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады. Өз кезегінде қарақалпақ әншілері халық әндерін орындап, тыңдармандарды сазды әуенге бөледі.