Су ресурстарын қорғау – маңызды міндет
Су ресурстарын қорғау – маңызды міндет
Су ресурстарын қорғау, су қауіпсіздігі мен тиімділігі, оны рационалды пайдалану – адамзат үшін өмірлік маңызды мәселе. Бұл мәселе көптеген басқосуларда талқыланып, шешілу жолдары іздестірілу үстінде. Әрине, оның жолдары мен әдістері сан алуан. Соның бірі – ел өңірлерінде алқаптарды суландыру мәселесіне жаңаша көзқарас қалыптастыру.
Өткеннің бәрі ескі емес. Бізге дейін де бұл іске үлкен мән берілді. Соның арқасында республика аумағында мелиорация мен су шаруашылығы саласы жоғары деңгейге көтерілді. Бұдан бас тартудың жөні бар ма? Сондықтан да шығар, суармалы алқаптар мен суармалы егістіктің көлемін көтеру ісі еліміздің Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіне енгізілген. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов: «Суармалы жерлердің қадір-қасиетін түсінетін кез келді. Өйткені жыл сайын бұл алқаптардың әр гектарынан дақылдың ерекшелігіне қарай 10-50 тоннаға дейін өнім алынады. Мұндай көрсеткіш суармалы жерлер әртүрлі зиянкестерден ада әрі таза болған жағдайда ғана уысқа түседі. Әйтпесе қалғанының бәрі бос әңгіме болып шығады», – дейді.
Республикамыздағы ірі аграрлық өңірдің бірі Ақтөбе облысында сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезінде 50 мың гектарға жуық тұрақты суландыру алқабы болған. Ал жайылымдықтарға көлдетіп, су шығару көлемі 200 мың гектарға жуықтапты. Әйтсе де өтпелі кезеңде мал басының кеміп кетуі, қым-қиғаш жекешелендіру науқаны суландыру ісіндегі көрсеткіштердің әжептәуір төмендеп кетуіне әсерін тигізді. Солай десек те, өңірде соңғы 2-3 жылдың ішінде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін нақты іс-шаралар белгіленген. Қазіргі кезде өңірде қолданыстағы суармалы жер алқабы 21,5 мың гектарды құрайды. Себебі Ақтөбе облысының аумағы жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Алайда суландыру, көлтабандар мен лимандарға су шығару мәселесі шешімін таппаса, бұл іс те бастапқы қарқынынан бәсеңдеп қалатын түрі бар. Жайылымдық жерлерді суландыру, шахталық құдықтар мен скважиналарды, тоғандар мен бұлақ көздерін жаңғырту әрі қалпына келтірумен қатарлас жүрген жағдайда ғана өз пайдасы мен тиімділігін әкелмек. Бұл үшін құдықтар қазу және баламалы қуат көздерімен қамту жұмыстары қатар жүргізілуде. Сондай-ақ, көлтабанды суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары да қоса атқарылып келеді. Қазіргі күні Ойыл, Қобда, Хромтау, Мәртөк және Темір аудандарында гидроинженерлік нысандар бойынша жер актілерін ресімдеу жұмыстары аяқталды. Су кодексі талаптарына сәйкес техникалық паспорттар мен жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді. Осының бәрі Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің меншігіне берілгені белгілі.
Жайылымдарды суландыру және көлтабандарға су жаю ісі кешенді көзқарасты қажет етері анық. Бірінші кезекте қанша жайылым бар екенін есепке алған жөн. Оның қаншасы қолданыста екені де есептелуі керек. Жайылымдық жерді ұлғайта берудің қажеті бар ма? Бұл үшін қанша қожалықтан сұраныс түсті. Мұны да ескерген жөн. Қаржыландыру есебін осы түйткілдің түп-төркініне қарай реттеген орынды.
Соңғы уақытта су үнемдеудің тағы бір жаңа заманауи әдісі – сплинтерлеп суару тәсілі де енгізіліп отыр. Оны дамыту үшін итальяндық айналмалы суару машиналары сатып алынуда. Аталған құрылғылар ең соңғы үлгідегі қашықтықтан басқару жүйесімен жабдықталған. Мұндай тәсіл суару мезгілін дәл анықтап, барлық технологияларды арнайы бағдарлама арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл – көктемгі су тасқыны кезіндегі ырғын ағын суды шаруашылық мақсаттарға жұмсай білудің оң тәжірибесі.
Ауыл шаруашылығы су ресурстарының өте көп пайызын қолданады. Жалпы, су ресурстарын есепке алып, қанша су бар екенін, кім және қалай пайдаланып отырғанын біліп отыру маңызды. Себебі 2050 жылы Орталық Азия халқы қазіргі көрсеткіштен екі есеге артып, таза ауыз су жетіспеушілігі мәселесі туындауы мүмкін.