ФУТУРИСТІК ҚОНАҚҮЙДІҢ ҚАСИЕТІ
ФУТУРИСТІК ҚОНАҚҮЙДІҢ ҚАСИЕТІ
Астананың 20 жылдығы қарсаңында әлемнің озық мемлекеттерінде кең таралған ноу-хау Қазақстанға да жетті. Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалы аумағында ерекше қонақүй ашылды.
Бұл өзі жұрт ойлағандай сәулеті таңдай қақтыратын, алыстан мен мұндалайтын нысан емес. Әдеттегідей кірпіштен де соғылмаған. Жүздеген адам еркін сыятын жықпыл-жылпыл бөлмелері де жоқ. Қонақүйдің ерекшелігі де осы. Бастысы, бір түнеп шығуға болады. Ол футуристік капсулалы қонақүй деп аталады. Қазақстанда алғаш рет ашылған «Road star» капсулалы қонақ- үйдің иесі – Жібек Әділбақытқызы. Кәсіпкер Астана қаласының кәсіпкерлер палатасында арнайы семинардан өтіп, өзінің бизнес жоспарын қорғаған екен. Кейін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңгенің грантын ұтып алған. «Қайсыбір жылы отбасымызбен шетелде қыдырып жүріп, әуежайлардың бірінде 17 сағат бойы ұшақ күтуге мәжбүр болдық. Сол кезде «рейсті асықпай күтіп, демалатын орын болса ғой» деп армандап едім. Кейін бұл жайында ғаламтордан мәліметтер іздедім. Сонда капсулалы модульдер туралы білдім. Кейін аталған бағыт бойынша бизнес-жоспар құрдым. Оны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында таныстырып, қорғап шықтым», – дейді Жібек Әділбақытқызы.
Жапондық модельдегі қонақ үйдің қызметіне жүгінгендер жамбасақы үшін 2000-5000 теңге төлейді. Баға қонақүйді пайдалану уақытына қарай өсе береді. Нақтырақ айтсақ, 3 сағатқа – 2 мың теңге, 6 сағатқа – 3 мың теңге, 12 сағатқа – 4 мың теңге, бір тәулікке 5 мың теңге төлейді. Сондай-ақ, 7 жасқа дейінгі бір баланы өзімен бірге алып жатуға мүмкіндік бар.
«Қонақүй екі қабатты футуристік капсулалы модульдерде орналасқан. Біреуіне бір ғана адам сыяды. Келушілерге қолайлы болу үшін қонақүй екі аймаққа, яғни ерлер және әйелдер аймағы болып бөлінген. Модульдер желдету жүйесімен жабдықталған. Темір есік орнатылған. Әрбір модульде музыка тыңдауға, кино көруге арналған Smart TV/Audio, интернет, сейф, жазу үстелі, оятқыш, сағат, ұялы телефонды қуаттандыру құралы бар. Қонақүй аумағында дәретхана, жуынатын орын да қарастырылған. Онда орамал, сусабын, тіс щеткасы және өзге де қажетті дүниенің бәрі бар», – дейді Жібек Әділбақытқызы.
Әзірше капсулалы қонақүйдегі жатын орындардың саны – 10. Модульдер АВС-пластиктен жасалған. Әрбір модульдің көлемі – 3 шаршы метр. Биіктігі – 1,3 метр, ұзындығы – 2,26 метр.
Қонақүй «Нұрлы жол» вокзалының 65 шаршы метр жерін алып отыр. Жібек Әділбақытқызының сөзінше, әрбір капсулада өрт сөндіру жүйесі орнатылған. Өрт шыға қалса, бірден дабыл қағылады. «Электр жүйесі істен шыққанда есіктер өздігінен бекітіліп қалмайды. Яғни, адамдар есікті іштен ашып, ешқандай кедергісіз сыртқа шыға алады. Қазір әлем елдері дәл осындай капсулаларға көшіп келеді. Меніңше, бұл формат хостельге қарағанда тиімді. Себебі әрбір адамның жеке орны болады. Оған ешкім кедергі келтіре алмайды», – дейді кәсіпкер.
Жібек Әділбақытқызының айтуынша, капсулалар Қытайдан жеткізілген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген қаржының бәрі капсулаларды сатып алуға жұмсалған. Ал құрылғыларды жеткізу шығынын кәсіпкердің өзі төлеген. «Бизнесім шамамен бір жылдан кейін өзін ақтауы керек. Қонақүйге күніне тұрақты түрде он адамнан келіп тұрады деген ойдамын. Жалпы, әлемде мұндай қонақүйлер осыдан бес жыл бұрын кеңінен пайда бола бастады. Атап айтқанда, капсулалы қонақ үйлер Лондондағы Хитроу, Мәскеудегі Шереметьево, Токиодағы Нарита, Бейжіңдегі Шоуду және Абу-Даби әуежайларында көп кездеседі. Ал Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Мұндай қонақ үйлер туристерге қолайлы», – дейді кәсіпкер. Оның сөзінше, биыл «Нұрлы жол» вокзалындағы жолаушылар тасымалы айтарлықтай көбеймек. Сондықтан вокзал жолаушыларға көрсететін қызметтерді көбейтуі керек. Бұл ретте, қонақүй қызметін де ұсынуға тиіс. Кәсіпкер капсулалы қонақ үй жаңа үлгідегі вокзалдың көркін одан әрі аша түседі деген ойда. Қонақүйдің ашылуы нәтижесінде алты бірдей астаналық жұмысқа орналасты. Жібек Әділбақытқызы жеке бизнесін одан әрі дамытуды көздеп отыр. Бұл ретте, мұндай қонақ үйлер әуежайда және басқа да орындарда пайда болуы мүмкін.
Алып Әмірен