АСТАНАНЫҢ АЙНАЛАСЫ – НУ ОРМАН
АСТАНАНЫҢ АЙНАЛАСЫ – НУ ОРМАН
Астана қаласында беделді халықаралық сарапшылар орман ландшафтарын қалпына келтіру және Бонндық шақыру негізінде бас қосты. Кездесудің Астанада өтуінің себебі бар: Қазақстан орман экожүйесін қалпына келтіру бойынша аймақтарда ғана емес, әлемде жоғары көрсеткішке ие болып отыр.
Тұтастай алғанда соңғы 10 жылда ормандарды молайту көлемі 500 мың гектар аумақта жүзеге асырылды. Бұл республиканың орман жамылғысын 0,2 пайызға арттырып, республика аумағының 4,7 пайызына дейін жеткізуге мүмкіндік берді.
1997 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде Астана маңында 80 мың гектардан астам аумаққа жасыл желек отырғызылды. Бұл орманды ландшафтарды құру және қалпына келтіру бойынша республиканың атқарған жұмысының айқын дәлелі. Енді 2021 жылға дейін Астана қаласының айналасындағы жасыл аймақты 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Аталған Кеңес Халықаралық Бонн шақыру мәселесіне орай Кавказдағы және Орта Азиядағы ұлттық және аймақтық күштерді арттырып, 2030 жылға қарай 350 млн гектардан астам бүлінген жерлерді қалпына келтіру бойынша үйлестірудің алғашқы мүмкіндігін ұсынады.
Кеңесті ашқан Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев: «Көптеген елдер жерді қалпына келтіруде елеулі табыстарға қол жеткізді. Алайда қалпына келтіру шамасын ескере отырып, орман жамылғысын ұлғайту үшін ішкі және сыртқы ресурстарды жұмылдыру өте маңызды. Осылайша өмір сүру жағдайын жақсартуға болады», – деді.
Кавказ және Орта Азия аймағында орман ландшафтарын қалпына келтіру барлық жер түрлеріне қолайлы әсер етеді. Атап айтқанда, елді мекендер мен тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарының жанындағы ормандарды, орман аңғарлары мен жағалық ормандарды қалпына келтіруге баса назар аударылуда.
Дөңгелек үстелге Әзірбайжан, Армения, Германия, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан мен Өзбекстанның орман бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының, Табиғатты қорғау халықаралық одағы, Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) өкілдері қатысты.
2011 жылдың қыркүйегінде Боннда Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен 2020 жылға қарай 150 миллион гектар алқапты қалпына келтіру маңызды міндеті қойылған болатын. Бұл жобаға 21 ел қатысты. Қатысушылардың бірі Үндістан болып табылады және олардың 21 миллион гектар орман алқабын қалпына келтіру мәселесі кіреді. 150 млн гектар орман алқабын қалпына келтіру қатысушы елдер үшін экологиялық және экономикалық тұрғыдан алғанда жылына 80 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда алып келеді. Бонндық шақырудың мақсаты – орман алқаптарын қалпына келтіру аңыздағыдай ұзақ процесс емес екендігін және қымбатқа түспейтінін дәлелдеу болып табылады.