Сот пен БАҚ арасындағы байланыс

Сот пен БАҚ арасындағы байланыс

Сот пен БАҚ арасындағы байланыс
ашық дереккөзі
Құқықтық мемлекет құруға бағытталған нық қадамдардың бірі сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығына келіп тіреледі. Қоғамның даму кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары санаға зор ықпал жасап қана қоймайды, сонымен қатар, халықтың сот саласына деген сеніміне ықпал жасайды. Алматы қаласының Алатау аудандық сотында сот әділдігін жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарын ашық көрсету үшін сот органдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Сот жүйесінің беделі халықтың оған деген көзқарасы, сенімі арқылы айқындалатындықтан, соттардың жұмысы халық үшін қолжетімді болуы шарт. Алатау аудандық Соты ғимаратында өткізіліп жатқан іс-шаралар көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатады. Сот ғимаратына еркін келіп, журналистер кез келген ашық сот отырысына қатысып, әр бір БАҚ өкілі өзін мамандандыра алады. Яғни, құқық тақырыбына қалам тербейтін баспасөз өкілдерінің заңнан хабарының болуы. Себебі, баспасөз қызметіндегілер, журналистер көбіне заң терминдерін дұрыс түсіне бермейді. Соның нәтижесінде баспасөз беттеріне бір жақты пікір қалыптасқан мақалалар жарық көруі де мүмкін. Кейде сот шешімі шықпастан, іс жайлы БАҚ өкілдері тарапынан жаңылысу салдарынан теріс пікір тудыратын телекөрсетілімдер немесе ақпараттар жарияланып жатады. Осы олқылықтардың орын алмауы үшін бүгінгі күні қоғамдық пікір туғызған істің нүктесін қойғаннан кейін, істі қараған судья БАҚ өкілдеріне арнап брифинг, баспасөз конференцияларын сұраныс бойынша өткізуге дайын екенін осы мақала арқылы ескерте кеткім келеді. Жұмыс жүктемесіне қарамастан судьялар тарапынан бұқара халық пен баспасөз өкілдерінің сұраған ақпараттарына толықтай жауап беруге дайын. Өйткені, құқық тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистер үшін сот процестері нақты, боямасыз ақпарат алатын жер. Сондықтан да журналистердің белгіленген заң аясында рұқсат етілген сот процестеріне кедергісіз қатысуына, қажетті ақпараттарды еркін алуына жағдай туғызу болашақта жазылатын мақаланың кіріспесіне жол ашары даусыз. Алдағы уақытта да өзара түсіністік ахуалында жұмыс жасаудың нәтижесінде құқықтық тақырыпта жазылған мақалалар мен теле-радио бағдарламаларының санымен бірге сапасы да арта түсетіні анық. Сот пен БАҚ байланысы халық игілігі үшін жалғасын таба берсін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын.

Алматы қаласы

Алатау аудандық сотындағы

БАҚ жұмыстарын

үйлестіруге және қадағалауға

жауапты маман

Маманов А.Т.