ҰЛТТЫҚ КОДТЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ШАРА
ҰЛТТЫҚ КОДТЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ШАРА
Құрақ көрпе – қазақ халқына тән дүние. Рухани жаңғыруды негізге ала отырып халқымыздың ұлттық өнерінің хас үлгісі саналған – қолөнерді қастерлей аламыз. 2000 жылы дәл осындай құрақ көрпені құрау Португалия елінде қолға алынып, «Гиннес» рекордтар кітабына енген еді. Сол рекордты жаңарту мақсатында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры маусым айының 16-17 күндерінде өскелең ұрпаққа құрақ көрпенің маңыздылығын жеткізе отырып, көпшілік көрермен қауыммен бірге ұлттық кодымыздың жаңғыруына үлес қосу турасында «Құрақ көрпе» акциясын жалғастырды. Бұл жоба 130-дан астам ұлт өкілдерінен құралған Қазақстан бірлігінің тұтастығын көрсетеді. Қуыршақ театрында 2 күнге жалғасқан бұл шарада шеберлік сағаттары көрсетіліп, театр қуыршақтарынан көрме ұйымдастырылып, театр ардагерлері бастаған артистер келген көрермендермен бірге құрақ көрпе тікті. Шара барысында көрермен назарына кейіпкерін ертегі әлеміне ертіп, көкке, жер мен су асты патшалығына бірге сапар шеккізетін «Тоба» (реж.: Ж.Жұманбай) қойылымы мен отбасындағы ауызбіршілік, татулық пен бауырлар арасындағы махаббатты насихаттайтын «Үш торай» (реж: С.Мақұлбеков) қойылымдары сахналанды. Мемлекеттік қуыршақ театры ұлттық дәстүрді дәріптеп, әдеп-ғұрыпты ұлықтау мақсатында қадірлі өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлай отырып, аталмыш шараға бірге ат салысты.
Айжан Есенгелді