Шет ауданындағы өнер мерекесі

Шет ауданындағы өнер мерекесі

Шет ауданындағы өнер мерекесі
ашық дереккөзі
Қарағанды облысының Шет ауданында дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Күй керуені» республикалық фестивалі өтті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды. Шертпе күйдің қайнар бұлағы саналатын Шет ауданында Қыздарбек, Сембек, Әбди, Бегімсал сынды күйшілер із қалдырған. Сол дарынды күйшілердің шертпе күйлерін осы заманға жеткізіп, үйреткен Дәулетбек Сәдуақасұлы. «Күй керуені» фестивалінің дәл осы мекенде Дәулетбек Сәдуақасұлының 80 жылдығына орай ұйымдастырылуы да сондықтан. Аталмыш өнер мерекесінің ұйымдастырылмағанына 10 жылдай уақыт өтіпті. Өнерсүйер қауым ұзақ күткен мәдени шараға алыс-жақыннан күйшілер жиналды. Фестивальге қатысқан күйшілер арасында 70 жастан асқан қариялар да бар. Кеште Тәттімбеттен бастап, Қыздарбектің, Әбікеннің, Сайдалы сары Тоқаның, Мағауияның күйлері орындалды. «Күй керуені» республикалық күйшілер фестивалі аясында «Мәңгілік сарын» атты кітап және күйтабақтар жарыққа шықты. Кешке жиналған халық санында есеп жоқ. Рухани азық іздеген қарапайым тыңдармандардан бөлек күй өнерін зерттеп жүрген ғалымдар да осы фестивальден табылды. Мәдени шараны тамашалағандар бұл фестивальді жыл сайын ұйымдастырып отыруды дәстүрге айналдыру қажеттігін айтып тарқасты.