Алматының бірнеше көшесі көліктен арылады
Алматының бірнеше көшесі көліктен арылады
Алматының бірнеше көшесінде көлік қозғалысы тоқтатылып, жаяу жүргіншілер жолына айналмақ. Бұл туралы Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бас жоспарына енгізілген түзетулерді таныстыру арналған қоғамдық тыңдау барысында белгілі болды. «Жоба бойынша халық арасында «Арбат» деп аталып кеткен Жібек жолы көшесі Фурманов көшесінен Ш. Қалдаяқов көшесіне дейін тек жаяу жүргіншілер жүретін көшеге айналады. Сонымен қатар, К. Байсейітова көшесін Республика алаңы мен «Астана» алаңын байланыстыратын толыққанды жаяу жүргіншілер жүретін көшеге айналдыру көзделіп отыр. Тек сол көшенің бойында орналасқан тұрғын үйлерге апаратын көлденең және жанама көлік жолдары сақталатын болады», – деді өз сөзінде Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының бірінші орынбасары Жанат Айтілеу. Мұнымен қоса, «Алматы-2» темір жол вокзалы мен Абай даңғылын байланыстыратын Абылай хан даңғылын сенбі және жексенбі күндері жүгіншілер жолына айналдыру да жоспарда бар екен. «Қаланың тарихи орталық көшелерінің бірі болғандықтан, Абылай хан даңғылын сенбі және жексенбі күндері жүргіншілер жүретін көшеге айналдыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Ш. Уәлиханов пен Панфилов көшелерін де осындай мақсатқа пайдалану жоспарланған.», – деді Жанат Айтілеу. Осы және өзге де түзетулер енгізілген бас жоспар биылғы жылдың соңына дейін талқыланады. Ал келесі жылдың басында Алматы қаласының әкімдігі мен Үкіметке мақұлдануға жіберіледі. Егер енгізілген түзетулер бекітілсе, әрі қарай жоспардың бюджеті белгіленіп, оны іске асыру жұмыстары басталмақ. Қазірдің өзінде қаладағы сегіз ауданның әкімдігі маңызды деп саналатын бір-бір көшенің бойын жаяу жүргіншілерге ыңғайластырып жасау жұмыстарын жүзеге асыруда. Велосипед жүретін жолдар мен тротуарлар, тұрғындар демалатын орындар және балалар ойнайтын алаңқайлар салынып жатыр.