Түркия елшілігінің марапаты
Түркия елшілігінің марапаты
Ұлттық кітапханада Қазақстанның Түркиядағы елшілігі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астананың түркі әлеміндегі рөлі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараға Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, Анкарадағы Еуразия Экономикалық қатынастар қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты Мәлік Отарбаев, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек, жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы, сондай-ақ, газет-журнал редакторлары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты Мәлік Отарбаев: «Астананың түркі әлеміндегі рөлі» атты басқосу бас қаланың мерейтойы қарсаңында өтуде. Астананың 20 жылдығына орай түрік бауырлар да көптеген шара ұйымдастырды. Әрқашан қолдау көрсетуден кенде емес. Бұған дейін қазақ ақын-жазушыларының еңбектері түрік тіліне аударылды. Бүгінде түрік ағайындары қазақ зиялыларын таниды. Сәтін салса, әлі де бұл іс жалғасын табады» деген пікірін жеткізді.
Ал Анкарадағы Еуразия Экономикалық қатынастар қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен: «Тамаша күнде сіздермен бас қосып отырғаныма қуаныштымын. Түркия республикасының тұңғыш президенті Ататүрік Кемал республиканың 10 жылдығында «Азғантай уақытта көп іс тындырдық» деген еді. Сол сияқты Қазақстан да 27 жылда көп іс тындырды. Бұл жетістік Елбасы Н.Назарбаев пен оған қолдау білдірген 18 миллион халықтың арқасы дер едім. Президенттің ел басқарудағы ең үлкен жетістігі – ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіруі. Астана 20 жылда көркейді, өсті. Көз тартар ғимараттар салынды. Астана – бейбітшіліктің қаласына айналды. Әсіресе, Сириядағы шиеленісті жағдайды тоқтатуға байланысты өткізген отырыстар Астананың беделін өсірді. 1999 жылы ЮНЕСКО «Астана – бейбітшілік қаласы» деген мәртебе берген болатын. Соған лайықты екеніне бүгін көзіміз жетіп отыр. Сөз соңында БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, екі елдің арасындағы байланысты дамытуға қосқан үлестеріңізге ризашылығымды білдіремін», – деді.
Жиын барысында түрік тіліне аударылған алғашқы қазақ романдарының, атап айтқанда Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көбейұлының «Қалың мал» және Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романдарының және жазушы Несіпбек Дәутайұлының түрік тіліндегі «Жол» атты әңгімелер және повестер жинағының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, биыл мерейтойын атап өткелі отырған Ахметжан Ашири, Рафаэль Ниязбек, Тұңғышбай Жаманқұловқа Түркия Республикасының Президенті Бас кеңесшісі Ялчын Топчудың құттықтау хаты салтанатты түрде тапсырылса, кәсіби мерекеге орай екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты насихаттап жүрген журналистер де марапатқа ие болды.