Ұйқы қашқан күндер мен түндер

Ұйқы қашқан күндер мен түндер

Ұйқы қашқан күндер мен түндер
ашық дереккөзі
20 маусымнан басталған ҰБТ-ның аяқталуына да санаулы күндер қалды. ҰБТ-ның алғашқы күнінде 14 мың талапкер сынақ тапсырды. Алғашқы күннің жоғарғы балы – 137. Ал ең жоғарғы 140 балды тестілеудің 5-ші күні, яғни, 25 маусым күні алматылық мектеп түлегі жинады. Жыл сайын даумен басталатын ҰБТ биыл да тосын жағдайларға толы болды. Тестілеудің алғашқы күнінде бақылаушылар тым жұмсақ болды ма, әйтеуір, әлеуметтік желілерде сынақ барысында түсірілген фотосуреттер мен бейнежазбалар қаптап кетті. Тіпті, ҰБТ барысында тікелей эфир арқылы достарымен тілдескендер де табылыпты-мыс. Ең сорақысы, алғашқы күні сынақтан өткен талапкерлер  тест сұрақтарын ғаламторға жүктеп жіберген көрінеді. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев интернетте жарияланған сұрақтардың министрлікке тиесілі еместігін айтты. Ал мемлекеттік құпия саналатын барлық тест сұрақтары бірыңғай базаның ішінде сақтаулы. Дегенмен, министр тест сұрақтарын біреулердің телефонына суретке түсіріп алып, жариялап жіберуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Бірақ Бас ұстаз ғаламторда жарияланған сұрақтардың ешкімге көмек болмайтынын айтуда. Өйткені биыл ҰБТ-ға 102 мыңнан астам кітапша дайындалған. Әрқайсысының ішіндегі сұрақтар әртүрлі. Мыңдаған талапкер 5 бірдей пәннен тест тапсыруда. 140 сұраққа  жауап беруі керек. Оқуға түсуі үшін ең төмені 50 балл жинауы тиіс. Ұлттық және медициналық университеттер үшін 65, ал педагогикалық оқу орындары  үшін 60 балдан кем болмауы қажет. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша, елімізде 2 мыңнан астам түлек университетке түсетін балды да жинай алмай, сынақтан сүрінген.  Олар енді тамыз айында сынақты екінші мәрте тапсыра алады. «Тамыз айында тапсырған сынақтан тағы да өтпей қалса, қыркүйекте жоғары оқу орнына ақылы түрде оқуға түсуге болады. Бір семестрге шартты түрде қабылдайды. Бір семестрден кейін, қаңтар айында үшінші рет тапсыратын мүмкіншілігі бар», – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов. Алматы қаласында алғашқы күні тестті 569 түлек тапсырып шықты. Ал тестілеудің бесінші күнінде алматылық түлек ҰБТ-ның ең жоғарғы балын жинады. Бұл – биылғы сынақтан жоғары балл алған алғашқы талапкер. Ең жоғарғы балды жинаған Шиара Құдайбергенова – Алматы қаласындағы №123 мектеп-гимназияның түлегі. Тестілеу 1 шілдеге дейін жалғасады. Ал бағын сынайтын түлектердің ішінде қазақ тілінен тапсыратындар саны 77 мыңнан асып жығылады. 25 170 үміткер орыс тілін, 46-сы ағылшын тілін таңдаған. 6780 оқушы «Алтын  белгімен», 4915 оқушы үздік аттестатпен бітірген. Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, «Алтын белгі» алғандар бұрынғыдай жинаған балл санына қарамастан грантқа түсе бермейді. Тек балл саны бірдей болған жағдайда ғана басымдыққа ие болмақ. Ал тестілеу республика бойынша 167 нысанда өткізілуде. Сонымен қатар, биылғы тест сұрақтарының 50 пайызға жуығы жаңарған.