«АРМАН ҚУЫП, АРҒЫМАҚ ОЙНАТҚАН»
«АРМАН ҚУЫП, АРҒЫМАҚ ОЙНАТҚАН»
Мен де жазғанымды тура осы тақырыппен бастағым келді. Оның авторы – курстасымыз, белгілі қоғам, мәдениет және баспасөз қайраткері Жұмабек Кенжалин.
Дәл осылай аталған мақаласында 2011 жылы Қазақтың С.М. Киров атындағы Мемлекеттік университетін бітіргеніне 30 жыл толған курстастар туралы жазған екен. Қалай-қалай толғайды: «Мақаланың тақырыбындағы образды тіркес кімдерге арналған, кімдерді меңзейді деген заңды сұрақ туады. «Арман қуып, арғымақ ойнатқан!». Апыр-ау кімдер екен олар?! Таңқалатын түгі жоқ!
Бұл – біздерміз! ҚазҰУ-дың 81-жылғы түлектері – Біздерміз. Біз өзімізді өзіміз осылай мадақтамасақ, осылай асқақтатпасақ, басқа кім айтпақ?! «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген қанатты қағида, сірә, осындайда айтылған болар!
1976 жылдың қоңыр күзінде ҚазҰУ-ге пәленбай абитуриенттің ішінен маңдайына бақ қонған 50 жас студент атанды. Мұның қатарында, Шарханның лексиконымен айтқанда, «рабфактан» келген біздер де бар едік. Бес жыл бес күндей болмай өте шықты. Көзді ашып-жұмғанша. Бүгінде көз алдыңызда кино лентасындай сырғыған сол күндер мен жылдар елесі жүректі елжіретіп, сағыныштың қыл пернелерін шертіп-шертіп өтеді-ай кеп. Қайран бұла дәурен!
Осыдан 30 жыл бұрын комсомол-жастар бригадасында жүріп Ақсуаттың ақ түтегімен арпалысқан, Сарысудың сағымды даласын кезген, содан серт алған, Жуалының жаңбырлы күндерінде жасын болып жарқылдаған, бесіктен белі шықпай жатып «Аралдағы жеңеше-айды» аңыратқан, өзім дегенде Торғайдың суы тобығынан келмеген, Оңтүстіктің інжу-маржанына шөлі бір қанбай арманын Алатаудың ұшар басына байлаған, Атыраудың ақшулан теңізіне бірде ән салдырып сызылтқан, енді бірде күмбірлетіп күй ойнатып, көбік шаштырған, Алтайдағы азуын айға білеген арландармен арпалысқан менің қанаттастарым бір сәт ҚазҰУ дейтін киелі мекенде төс қағыстырып, оның қалашығында бас тоғыстырды! Білім Меккесіне махаббатын арнаған менің курстастарымның қай-қайсысы да сөзіне берік, қиналғанға серік, мәрттіктің мәйегіне қанған марғасқалар болды! Олардың әрқайсысы бір-бір әлем еді».
Бұл – Жүкеңнің ғана өзіне тән толғанысы, өзіндік жазу мәнері, ақжолтай сағынышы, достық рәуіштегі толғанысы.
Ол өмірінің соңына дейін курстастарының топ басында жүрді, талай игі істердің атқарылуына түрткі болды. Қай жерде жүрсе де достарын, яғни курстастарын аузынан тастамай, осылай мақтап, мадақтап, жұрт назарында болуын қалаушы еді. Аталған тақырыптың болашақта өзі туралы мақалаға қайта қойылатынын білген жоқ, әрине.
Жұмабек Кенжалин! Бұл – бүгінде елімізге танымал есім. Ал мен үшін Жұмабек секілді азаматтың аты-жөні сонау өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан белгілі. Ол кезде бүгінгідей журналистика атты киелі саланың табалдырығын оп-оңай аттап кету мүмкін емес еді.
Әлі есімде, алғашқы, тырнақалды «туындым» – шағын мақалам сол кездегі балғын жазғыштардың ұстаханасы – «Қазақстан пионері» (бүгінде «Ұлан») газетінде жарияланғандағы қуанышымды айтып жеткізе алмай қалай қуанғанымды айтпаңыз! Артынан үйрене келе түрлі тақырыпты қамтыған, оның ішінде мектеп өмірі, спорт та бар, мақала, суреттемелерім, шағын әңгімелерім, өлең-жырларым осы тамаша газетте бірінен соң бірі шыға бастады. Мектепте менен асқан бақытты адам жоқ. Меніңше, бұл сол кезгі жас тілшілердің бәрінің басынан өткен керемет сезім болса керек.
Алғаш танысқаным – жерлесім, бір жылғы түлек, «Қазақстан пионері» газетінің тілшісі Болатбек Орманов. Ұмытпасам, аптасына екі рет шығатын бұл газеттің бір нөмірін құр жібермейтін жазғыштың бірі осы. Газет көтерген кез келген тақырыпқа үн қосады, өз ойын да түртіп қоятыны бар. Енді осы азамат туралы ойымды Жүкеңнің аталған мақаладағы бір үзіндісімен толықтырып көрейінші: «...Студент кезінен-ақ топты ортаның көшбасшысы бола білген Болатбек досымыз туралы қалай айтсақ та жарасымды. Студент кезінен дейміз-ау. Бөкең бұл шақты қоя тұрып, тіпті пионер кезінен-ақ бүкіл республика оқырмандарына танылған еді. «Қазақстан пионері» газетінің ең белсенді тілшісі ретінде «Артекте» болды. Бұл ол кезең үшін үлкен абырой, зор биік саналатын. Студенттік шағында қоғамдық ұйымдардың басшысы болып, курстастарының ілтипатына бөленген Болатбек кейін мемлекеттік мекемелерде тіл саясатын жүзеге асыруда қыруар күш жұмсады. Ол қай министрлікте жұмыс істесе де өз ортасының құрметіне ие болды. Елордамыз Арқаға қоныс аударғанда алғашқылардың бірі болып Бөкең де аттың басын Астанаға бұрды. Соның тұрғылықты азаматы атанды. Жаңадан қалыптаса бастаған зиялы ортаның қатарынан көріне білді. Жас қала – жаңа Астананың әр қадамына өзінің төл перзентіндей қуана біліп, мен іссапарға келген сайын қуанышын бөлісуге асығатын еді. «Жазып-сызғандарым жетерлік, солардың басын құрап бір жинақ шығарсам деп едім. Оның аты «Қоңыр күз еді» деп аталса».
Бұдан асырып қалай айтарсың! «Бөкең осы сөзді соңғы кездері жиі айтатын. Бірақ сұм тағдыр оның бұл арманды шаққа жетер жолын келте қылды...».
Жұмабек Болатбек досы туралы ойын осындай ауыр нотамен түйіндепті. Ауыры – ауыр. Қош, бұл туралы кейінірек енді.
«Қазақстан пионері» талайдың атын шығарды, талайды арғымаққа мінгізіп, журналистиканың ағыны қатты өзеніне күмп еткізді. Басқасын айтпай-ақ өз қатарластарым, құрдастарымды түгендеп көрейінші. Бүгінде мәшһүр ақын Ұлықбек Есдәулет, Халық ақыны Қонысбай Әбіл, талантты жазушылар Ғабиден Құлахметов, Алпысбай Шымырбаев, Гүлсім Мұқышева, поэзияда жарқ еткен жұлдыздар – Ерұлан Бағаев, Ербол Шәймерденов және басқа да талайы биік таланттар осы газеттің қолтығынан шыққанының өзі көп нәрсені аңғартпай ма? Міне, осындай мықтылардың қатарында қаламы осы газетте ұшталған Жұмабек Кенжалин де бар.
Екінші курста оқып жүргенде біздің елге – сол кездегі Шымкент облысының Түлкібас ауданына келді. Бірер күн малды ауылды аралаттым. Табиғатымен танысты. Ақ бас Алатау мен қарт Қаратаудың қақ ортасына орналасқан, Ақсу-Жабағылы қорығының бас мекемесі орналасқан сол кезгі «Путь Ильича» ұжымшарының кереметтігіне тамсанып кеткен еді. Кетерінде табиғат пен адамзат арасындағы бітіспейтін күрес, тылсым жақындық жөнінде жазылған бір дүниесін біздің аудандық «Шамшырақ» газетіне табыстап кетті.
Кейінірек сақа журналист кезінде осы мекенге қайта айналып соғып, бүгінде қоғам және мемлекет қайраткері деңгейіне жеткен, ол кездегі аудан әкімі Зауытбек Тұрысбековпен сұхбат жасап, елдің еңсесін бір көтеріп тастаған. Аудандық газеттің журналистері Жүкеңмен болған кездесуді әлі аузынан суы құрып отырып әңгімелейді.
Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз, «Қазақстан пионері» балғын тілшілердің қаламын қамшылайтын майдан ортасындай еді. Таласа-тармаса жазатынбыз. Ізденіс дегеніңіз осы газеттің тілшілеріне ғана тән сияқты көрінетін. Бір-бірінен қалыспай ортақ ой тастаған талай мақалаларды жаңғақша шағатын ағайындардың үздіктері қатарында Жұмабек жүретін.
Ізденімпаз, еңбекқор, бастаған ісін өмірі ертеңге қалдырмайтын жауапкершілігі мол журналистің бірі осы Жүкең еді. «Оның нағыз қайраткер екеніне көзім оның үстел үстінде, тартпаларында қалып қойған құжаттарын оқығаннан кейін жетті. Небір жоспарлар, ой түйіндері, бүгіні мен ертеңі туралы пайымдар, қоғам туралы тұжырымдар жазылған қатпар-қатпар қағаздарды айтсайшы. Қарап тұрсам, бір сәт те тыным таппаған екен. Анандай дүниелерді қалай жазған!» деп күрсінеді артында қалған асыл жары – өзі де білікті филолог Әлима.
Қазір қарап отырсаң бәрі ертегі секілді. Өтті де кетті.
Демалыста едім. Операциядан жаңа шыққан кезім. Операция сонша ауыр болмаса да, жүріп-тұруға қолайсыз еді. Кенеттен қалта телефоным шар ете қалды. Ауылдағы қарындасым еш аман-саулықсыз «курстасыңыз Жұмабек Кенжалин қайтыс болыпты ғой, естідіңіз бе?» деп тұр. Төбеден мұздай су құйып жібергендей әсер. Қайта сұрадым. Сенбей тұрмын ғой. «Теледидардан айтып жатыр, қараған жоқ па едіңіз?».
Қайдан қарайын. Көп отыра алмаймын. Көбіне жатам. Бойға қан жүгірту үшін ептеп жүретінім бар. Дәрігер «көп салмақ салмаңыз» деген еді. Кейде ол тәртіпті бұзып қоямын.
Бұдан кейін де бірнеше қоңырау шалынды. Бәрі осы оқиғаны растап жатыр: «Естідің бе?».
Топырақ салуға бара алмадым.
Кейіннен газеттерден оқыдым: «Қаламгер әрі танымал журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин 63 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігі» деп тұр.
Ол менен бес-алты ай кіші. Кейде миығынан күліп, мұртын сипап отырып «аға» деп қоятын қалжыңдап. Мәз боламыз. «Мойындадың ба ақыры» деймін ғой баяғы. Жарасты әзілге не жетсін. Осындай азаматтар туралы өткен шақпен сөйлеудің өзі қиын. Амал жоқ.
Қарап отырсаң, жүрген жолдары да биік сатыға көтеріліп келе жатқан адамның қарышты қадамы секілді. Ол туралы жазылған Уикипедиядағы құжатқа жүгінейікші: «Ж.Кенжалин 1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1995 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары – «Ақиқат» журналының, 1997-1999 жылдары – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. 1999-2006 жылдары «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры, «Ана тілі» газетінің, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы болды.
2004 жылы кандидаттық диссертация қорғап, саясаттану ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған. «Желкілдеп өскен құрақтай», (1988, «Өнер»), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998, «Қазақстан»), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005, «Өлке») деп аталатын деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004). Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі – академигі (2001). «Құрмет» орденінің (2009 ж.), Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің (2011ж.) иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі».
Өткен шақ. Естелік. Шындық. Шындық болғанда да, шырқыраған шындық. Курстасымыз Қайнар Олжай қазаның ізін суытпай жазған жанайқайында Жұмабек секілді бірнеше газеттің тұтқасын ұстаған Бас редактор әлі туа қоймаған шығар дегендей ой тастайды. Тумауы да мүмкін-ау.
Әлгінде Болатбек Орманов досы туралы ойын қайта тірілтіп көрейікші: «Бөкең осы сөзді соңғы кездері жиі айтатын. Бірақ сұм тағдыр оның бұл арманды шаққа жетер жолын келте қылды...».
Бүгінде Жүкең де жоқ, сол жоқ деген ауыр сөз өз мақаласында қадап-қадап атап өткен марқұм курстастары Қалдыбайдан басталып, Сапарәлі, Абдолла, Болатбек, Мылтықбай, Жұмабай, Әмір, қыздардан Оңлагүл, содан соң Шолпанға барып қосылған екен. Бұл осындай өкініші өріле жүретін өмір ғой, қайтерсің.
Сөз соңында Жұмабектің өзіне, тек өзіне ғана тән қайырымымен өрнектесек, ол былай болып келеді: «Қалтқысыз еңбек қашаннан қайтарымсыз қалмаған. Олай болса, осы достарымыздың бірқатары жоғары мемлекеттік марапаттауларға ие болды. Президент сыйлығының лауреаттарын, грант иегерлерін, түрлі деңгейдегі атаулы сыйлықтың жеңімпаздарын біздің қатарымыздан тануға болады. Енді бір тобымыздың кеудесінде бүгінде орден-медальдар жарқырайды. Осының бәрі айтуға ғана жеңіл. Ал ақиқатында бұның астарында тапжылмай атқарылған тірліктің, үздіксіз ізденістің, ақадал маңдай тердің қалыбын жазбай тануға болады. Курстастардың студенттік жылдардан кейінгі өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, көңіл тояды. Марқаясың, мақтанасың! Бәрі де үлкенді-кішілі бір-бір басылымның тұтқасын ұстаған қаламгер қайраткерлер атанды. Мемлекеттік қызметке араласып, ел өміріндегі тағдырлы мәселелердің шешілуіне үлес қосып отыр. Бүгінгі заман талабына сай кәсіпкерлікпен шұғылданып жүргендері қаншама?!
Арғымақ мініп, ат ойнатқан деген, міне, осы! Тәңірім курстастар керуенінің сапарын ұзақ етсін, қолға алған қарекеттің шырайын кіргізіп, мақсатымызға жете берейік!».
Достарына, өзіне осындай тілек тілепті, айтқаны келсін!
Өзі де ауыз толтырып айтатын талай табыстарға қол жеткізді. Кеше ұстаз еді, енді жас журналистерге артында қалдырған еңбектері, атқарған істерімен мәңгі ұстаз, үлгі-өнеге болып қалды.
Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ