АЛТАЙ ӘЛІ КҮҢІРЕНІП ТҰР ЕКЕН...

АЛТАЙ ӘЛІ КҮҢІРЕНІП ТҰР ЕКЕН...

АЛТАЙ ӘЛІ КҮҢІРЕНІП ТҰР ЕКЕН...
ашық дереккөзі
«Уақыттың тым-тым зымырандығына енді ғана көз жеткендей болды...», – деп арыс азаматын сағына есіне алған Лиза Саяқызы жанарына келіп қалған жасты қол орамалымен сүрткілеп қойды... Расында да, уақыт шіркін зымыран! Жылдар жылжып, айлар ағып, тіпті таңның атуы мен күннің батуы лезде-ақ! Өткенге көз жіберіп, сағынып та үлгере алмайсың, лезде сағымға айналып сала береді. Адамды адам ететін осынау бір сағым-сағыныштың ішінен бір қымбат бейне сұлбаланады. Ол – қазақ журналистикасы тарландарының бірегейі, көркемсөздің айрықша майталманы Дидағаң – Дидахмет Әшімханұлы. «Түркістан» газетінің алғашқы шығарушыларының бірі, талай күн мен түндер бойы көз майын тауысып, күңгірт шамның көлеңкесінде түрлі құнды да мазмұнды мақалалар жазған журналист Һәм жазушының қара шаңырағының киесі, артындағы үлкен әулеттің ақ жаулықты анасы, әжесі, ең бастысы, талай жылдар бойы сенімді де адал жары болған Лиза ханыммен сұхбат дәл осылай жүрек сыздатар сезіммен басталды. Отбасы ғана емес, жақын-жуығы ғана емес, қолына қалам ұстағандарға сағыныш болып қалған сол бір сезімтал азаматтың әлі де арамызда бола тұрмағанына налитын жүректер сыздайтын болар. Өз басым жиырма жылдан астам қызмет етіп келе жатқан «Түркістан» апталығының таудан биік табалдырығын алғаш именбей аттағаным да, Дидағаңның арқасы еді. Сондықтан да санамызда сағыныш... жанарымызда мөлтілдеген жас... Әңгіме бастау оңай болмай тұрғаны... «...Оралхан қайтқанда Қалихан ағамыз қасына Дидахмет екеумізді отырғызып қойып, мұңая сыр шерткені бар: « Қаламды мұрат тұтып Алматыда жүрген бесеу едік. Бесеуміз де еншіміз бөлінбеген, есігіміз жабылмаған, мейманын ортақ қабылдаған бір атаның баласы едік. Қырықтың тоғызында Баламер кетті. Қырықтың тоғызында, мінеки, Оралханнан айырылдық. Алла тағала ендігі қалған үшеумізді көптік етпесін. Әсіресе, сендердің ғұмыр жастарың ұзақ болуын тілеймін!», – деп қолын жайып, батасын берген...» – деп басталатын естелікті ары қарай оқысақ: «...Шыңғыстайдың «Дикөші» болып ауылдан, шығыстың «Дидашы» болып елден аттанған аяулы дос қазақ баспасөзінде де, қазақ прозасында да айшықты із қалдырды, қалам қайраткері биігіне көтерілді» – деп, еске алыпты жүрегі қан жылаған қимас досы, жазушы Әлібек Асқаров «Ұлттың рух жыршысы» атты естеліктер жинағында. Иә, шығыстың біртуар қаламгері Оралхан Бөкеев жайлы жазылған қып-қысқа әрі сағынышқа толы мөлтек сыр өзімді тағы бір Шыңғыстаудың перзенті, ұстаз-жазушы Дидағаңмен етене бауырластырып жібергенін біреу білсе, біреу білмес. Туған жерге, өскен топыраққа деген перзенттік махаббаты, сол өңірдің ұлдарына деген құрметі асқан бауырмалдықтың белгісіндей болып бізді де елжіреткен еді. Тек қызметтес аға ғана емес, отбасымыздағы ірілі-ұсақты қуаныштарымызда ақ батасын берген рухани әке де бола білген азаматты қалай ұмытарсың?!. – Әрине, сағындым. Өзіне өрлікті үйреткен Өр Алтайы да әлі күнге күңіреніп тұрғандай сезіммен аттандым Шыңғыстайдан, – деп бастады сөзді жазушының қырық жылдан астам адал жары болған, сенімді серігі, балаларының анасы Лиза ханым. – Балалық махаббатым, еркелігімді де өзімен бірге ала кеткендей қимас бір сезім жанымды ауыртты. Оның үстіне, ағаларыңмен бас қосып, шаңырақ көтергенде қуанышымызды бөліскен көз көргендердің бәрі-бәрі өткенді көз алдыма қайта әкеліп, жүрегімді еріксіз шымырлатты. – Шаңырақ көтергенде демекші, Дидағаңмен қалай, қайда танысып едіңіздер? Әңгімемізді содан бастасақ... Жазушы жарының аққұба өңі бал-бұл жанып, ерекше бір күйге түскендей нұрланып сала бергені таңғалдырды ілкіде. – Мен де шығыстың қызымын ғой. Қатонқарағай ауданындағы Рыков атындағы қазақ мектебін бітірген соң, денсаулығыма байланысты кітапханада жұмыс істеуіме тура келді. Бірде қимылы епті, сұңғақ бойлы жігіт аудандық газетке шыққан бір мақаласын іздеп, кітапханаға келді. Әскерден келген беті екен. Бұл жетпісінші жылдың күзі. «Бір тамшы» деген баллада жазып, онысы аудандық газетте жарық көріпті. Осылайша, алғаш рет кітапханада таныстық. Содан ол ауылдағы автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. Ол кезде еліміздің барлық өңірлерінде аудандық көркем­өнерпаздар үйірмелері көптеп ашылып, талантты қыз-жігіттер жұмысқа тартыла бастаған кез. Алғыр. Мінезді. Белсенді. Шешендігі тағы бар. Осылай басталған таныстық 1972 жылдың көктемінде оқу іздеп Алматыға келгенде де үзілген жоқ. Ол Қазақ ұлттық университетінің журналистика, құрбым Насиха екеуміз Қыздар институтының кітапхана факультетіне құжат тапсырып, қабылдау емтихандарынан жақсы бағамен өттік. Біз қуанып елге кеткенде, Дидахмет күзге дейін қалада қалып, АДК-да жұмыс істеді. Күзде сабақ басталды. Араласып тұрдық. Жазу-сызуға қабілетті. Жақсы оқыған екі студентті Мәскеу мен Ленинградқа жібермекші болады да, ата-анасынан рұқсат сұрау үшін Дидахмет елге барғанда, үлкен кісілер «Өз елімізде-ақ оқи бер, оқу іздеп сабылғанша, бізге келін әкелсеңші» деген ұсыныс айтады. Содан жетпіс бесінші жылдың ақпан айында бас қосып, шаңырақ көтердік. Сол жылы оқуын бітіруі керек еді, мен босанған соң ол да академиялық демалыс алып, Шығысқа тартып тұрдық. Келген бетте облыстық «Коммунизм туына» қызметке орналасты. Өскеменде пәтер жалдап тұрамыз. Бір жылдан кейін ата-енемнің қасында қалдым да, ол оқуын жалғастыру үшін Алматыға қайтты. Атам аса көп сөйлемейтін, томаға-тұйық жан еді. Малдың жайын жақсы білетін, қыс қыстауда, жаз жайлауда шаруашылықпен айналысқан. Тоқсанның үшеуіне келіп қайтыс болды, жарықтық! Ал Дидахметке қаламгерлік нағашы жұртынан дарыған ба деп ойлаймын. Өйткені енем керемет әңгімешіл, өте шешен, астарлы сөздің тігісін жатқызатын сөзшең кісі. Тоқсанның бел ортасынан асса да жадынан жаңылмаған, көзі де, көкірегі де ояу. Жеті құрсақ көтерген, алты ұл, Әйгерім атты қызды тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Ұлының қазасы жанына батса да, еңсесін түсірмей келе жатқаны текті әулеттен шыққандықтан шығар деп ойлаймын. – Дидағаңның қандай қасиеттерін сағынасыз? Қандай әке болды? – «Тұңғышымыз Зулфия өмірге келгенде онша қуана білмегендігім жастықтың, балалықтың бойымыздан әлі кете қоймағандығы болар, Дәулет өмірге келгенде ғана әкелік махаббатым оянды» – деп, күліп отыратын-ды. Жаны жұмсақ, қолы ашық, балажан болғанымен, қызы мен ұлын аса көп еркелете қоймайтын. Өзімен тең санайтын, құрдасындай ақылдасып-кеңескенді ұнатушы еді. Адалдығы, шыншылдығы, айтқанынан қайтпайтын қайсар, бірбеткейлігіне де бейімделіп, ағаларыңа ұнайтындай тірлік кештік десем, артық айтып әсірелегенім емес. Айтты, бітті! Ұнамағанын үлкен-кіші демей, бетке айтатын. Өзіндік көзқарасы, өзіндік пікірі бар, айтар ойы айқын, өткірлігі тағы бар еді. Тазалықты жаны сүйді. Әдемі жүріп-тұрғанды жақсы көретін. Сәнді киінетін. Үстіне шаң жұқтырмаушы еді. Онысы, әрине, маған ұнайтын.Уақытты, бос уақыт дегенді білмей өмірден өтті ғой. Кітапқұмарлығы ерекше, балаларына да солай үйретті. Неге екенін қайдам, туған күн дегенді ешқашан атап өткенді қаламаушы еді. Қағаздағы дата ғой деп, немқұрайлылық танытып отыратын. Отбасымызда ешкімнің туған күні тойланып, абыр-сабыр болмайтынбыз. Тіпті, немерелерінің өмірге келген күндерінде де қалағандарын алып беріп, сыйлап жүргенімен, ал бірақ көл-көсір дастарқан жасап, қонақ күту дегенге рұқсат етпеуші еді. Өзінің де қырық жасын отбасында ғана атап өттік, елу-алпысында әрең көндіріп, достары мен жақын-жуықтардың басын мейрамханада қостық. Сол кезде де, қазірде неге туған күн тойлауға қарсы болды екен деп ойлап қоямын. Кішкентайынан малшы ауылда өскендіктен бе, жаз жайлау, қыс қыстауда көшіп-қонып жүріп ондай шара дегенді білмей өсті ме, қайдам, әйтеуір, мейлінше қарсы еді. – Дидағаңның елден ерекше тағы бір қасиеті, галстукқұмарлығы. Қай елге, қай жерге барса да әдемі, өзіне ұнаған галстукті міндетті түрде сатып алатынын, сыйлыққа да галстук алғысы келіп тұратынын біз, қызметтестері жақсы білеміз. Ал өзі өзгелерге галстук сыйлап көрді ме? – Иә, ол да бір өзіне ғана тән, ерекше қасиеті еді. Әдемілеп, ұқыптап, әр галстукке сай жейдесі мен кастюм-шалбарын үнемі реттеп, жаңалап отыратын. Айттым ғой, өте ұқыпты, таза киінгенді жаны қалайтын. Оның осы қасиетін жақсы білетіндер галстук сыйлап жатушы еді. Ал өзі аса қимайтын, аралас-сыйлас жігіттері болмаса, ешкімге галстук сыйлап көрмеді-ау деймін. – Сіздің есіміңізге байланысты әдемі бір қалжыңы есіме түсіп отырғаны. Шынында да, есіміңізді неге Лиза қойды екен? – Иә, әдемі әзілі, қалжыңы болушы еді. Жолдастарына да «Мен райцентрдің қызын алдым» деп аузын толтырып айтып, жарасымды күліп қоятын-ды. Еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда, біздің Алтай жақта орыс халқының өкілдері көп шоғырланған ғой. Оның үстіне өмірге мені әкелерде анам қатты қиналса керек, содан сол күнгі кезекші дәрігердің есімін қойыпты. Ағаларыңмен оның жолдастары өзара «Елизавета Сегізмұндовна» деп атап кетті. Есімімді үнемі әзілге қосып отыратын. Бірде белгілі бір жазушы ағамыз : «Келіннің аты неге Лиза», – деп сұраса, «Ой, көке, келініңіз немка ғой, неміс халқының қызы» – депті. Үлкен кісі не сенерін, не сенбесін білмей абыржып қалса керек. Дидекеңнің өзі де күліп жіберген ғой, сонда барып қалжың екенін түсінген көрінеді. Әбден күлгеніміз бар. – Ағаның өте көпшіл, өзін де, өзгені де сыйлай білетін ғажайып қасиетін ұмыта қойғанымыз жоқ. Дегенмен, қайынжұрт жағына жағымды бола алды ма? – Шыңғыстауда тұрған кезінде бірінші өзінің туған үйіне, әке-шешемізге барамыз. Кіндік қаны тамған қара шаңырағына елжіреп барып, аунап-қунап, сағынышын басып, сосын қайынжұртына тартатынбыз. Кейін ол кісілер де аудан орталығына көшіп келді.Әуелі ата-енеммен амандасып алып, сосын қайынжұртына да амандасуға кіріп шығамыз. Негізі ағаларың өте бауырмал, кішіпейіл болды. Өз туғандары мен менің төркінім түгілі, өңірдегі кез келген отбасының амандығын тілеп, елге барған сайын олардың жоғын түгендеп, іздеп жүретін әдеті бар-тын. Жатсынбайтын. Алалау дегенді білмейтін. Қолынан келгенін жасауға, көмектесуге тырысатын. Елге барған сайын «бәленшенің баласы», «түгеншенің баласы ғой» деп хал-жағдайларын сұрап, бұйымтайларын орындап жатушы еді. Бір тыным таппайтын. Тыныш жата алмайтын. Елдің жағдайына, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігіне қатты алаңдап, жаны ашып жүруші еді. Елдің бәрі туған жерін, өскен ортасын жақсы көреді ғой, дегенмен Дидахметтің туған өлкесіне деген, Өр Алтайына деген перзенттік махаббаты шексіз болды. Шығармаларының да бәрі туған жеріне, тау-тасына арналғаны сондықтан болар. «Ақшоқысы» қандай!? Өмір мен өлімнің арасында жатып, бір сәт ес жиғанда Алтайға аңсары ауып жатқан Оқас өлімі қандай тартысты тағдыр десеңізші?! «Жер аңсаған сары атан», «Сары самаурын», «Тас қала», «Тас моншасы» – барша шығармашылығының басым бөлігі туған жерге деген балалық махаббат пен көл-көсір сағыныштан тұрады. Алтайды армандаған кейіпкерлері секілді өзі туған топырағымен қайта қауышты. – Шығармаларымен жақсы таныспыз. «Тас моншадағы» қалаға оқу іздеп келген ауыл баласының туған жерге деген сағынышын көптеген оқырмандары сияқты біз де бастан кешкенбіз. Ол да бір естен кетпес жылдар. Жазушының күнделіктері жайлы жиі сөз қозғалады. Ағаның ұқыпты екенін жақсы білгендіктен ол күнделікте талай құпиялар бар сияқты көрінеді маған. – Иә, күнделікті ол бала кезінен, оқушы кезінен жаза бастаған. Алғаш жазушылыққа әкелген де осы қасиеті болар. Бір өкініштісі, соңғы жылдары, соңғы он-он бес жылғы жазып жүргендері қолымызда жоқ. Амандық болса, ұлымыз Дәулет алдағы уақытта тек қана күнделіктерін жинақтап, кітап етіп шығаруды жоспарлап жүр. – Жоспар дегеннен ойға түсіп отыр, Дидағаңның да жоспар-идеялары көп еді, құлағдар болып жүруші едік... – Несін айтасың, жоспары да, ойға алғандары да біршама еді. Өзінің жанына жақын «Түркістан» газетінде қызмет атқара жүріп, «Ел шежіре» қоғамдық қорын құрды. «Алаш» сериясымен Алаш алыптарының еңбектерін шығарып тұру идеясы жанына тыным бермеді. Қала берсе, қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, оның ішінде тіл мәселесі дегенде айтары да, жазары да көп еді. Қазір ол қорды ұлымыз Дәулет жүргізіп жүр. Бет­алысы жаман емес. – Иә, ол кісінің тіл жанашыры, мемлекеттік тілдің шынайы жанашыры болғанын жақсы білеміз. Ал әулеті қай тілде тәрбие алды? Немерелері аталарының шығармаларын оқуға жарап қалған болар... – Зулфия мен Дәулет қазақ мектебінің түлектері. Ауыл көріп өскен, үлкен кісілердің тәлім-тәрбиесін сезініп өскен балалар. Немерелеріміз де ана тілдерінде оқып, білім алуда. Алды он жетіге толды. Айжан мен Әмина кітапқұмар, атасының шығармаларын талдап-талғап оқиды. Өздері де жазудан құралақан емес. Бұл жағынан әкелік, аталық парызын адал жалғастырып кеткені көңілге демеу. Дидағаң жайлы әлі талай сыр-сұхбаттар, жанарымызға жас толтырар сағыныш-естеліктер айтыла да, жазыла да берері сөзсіз. Көз алдымызда мұңға батып, асыл перзенттерін жоқтап тұрған Өр Алтай елестеп, шығыстан шыққан талғампаз жазушы Қалиханның «Бұқтырмасы», Оралханның «Мұзтауы» сынды Дидағаның «Ақшоқысы» ойымызға оралды...  

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ