Түркия суперпрезиденттік жүйеге көшті

Түркия суперпрезиденттік жүйеге көшті

Түркия суперпрезиденттік жүйеге көшті
ашық дереккөзі
Түркия кезектен тыс президент және парламент сайлауын өткізді. Жергілікті сарапшылар мен журналистердің айтуынша, бұл соңғы жарты ғасырда болмаған ерекше сайлау еді. Оның себебі елдің ішкі жағдайы күрделеніп, саяси тартыстың күшейе түсуі. Сайлау науқанына өте аз уақыта, екі ай ғана берілгеніне қарамастан, үгіт-насихат барысында тосын жайттар көп болды. Тіпті, келесі президент екінші турда ғана анықталады деген болжам айтылды. Оппозицияның басты үміткері Мухаррем Инжи рейтингі сайлау науқаны басталғанда 11 пайыз болса, екі айда күрт шарықтап, 31 пайызға жетті. Ал күрдтер партиясының үміткері Селахаддин Теміртас түрмеде отырып, үгіт-насихат жүргізді. Үкімет оған мемлекеттік телеарнадан жиырма минут сөз сөйлеуге мүмкіндік берген. Ақыры іс басындағы президент Реджеп Тайип Ердоған 52,5 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Мұның өзіне шынайы демократиялық көрсеткіш деп баға бергендер де, керісінше, оның өзін заң бұрмалаушылықтың көмегімен жасалды деп айып таққандар да табылды.  Түркиядағы 24 маусымда өткен кезектен тыс президент және парламент сайлауын бақылауға Қазақстаннан бір топ журналистер аттанды. Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен келген бұл топқа Британиядан мен де қосылдым. Осылайша, сайлаудан төрт күн бұрын Стамбұл қаласына келіп түскен топ жергілікті журналистер, шенеуніктер, қала тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық пікірді зерттеумен айналысты. Бұл шараға 34 мемлекеттен 650-ге жуық шетелдік ақпарат құралының өкілдері келген екен. Олардан бөлек, ЕҚЫҰ сияқты сегіз халықаралық ұйымнан сайлауды бақылауға келген 415 байқаушы бар. Бұл саяси науқанға ішкі-сыртқы назардың күшеюіне басты себеп – соңғы жылдардағы халық­аралық жағдайдың күрделенуі, оның ішінде Түркияның Сирия еліндегі қақтығысқа араласуы, 3,5 миллион сириялық босқынды қабылдауы, одан бөлек, Еуропалық одақ, Ресей және АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастың бірде шиеленісіп, бірде тарқатылуы сияқты түрлі оқиғалар әсер етті. Қалай дегенмен де, 80 миллион халқы бар, өзі Еуропа мен Азияның түйіскен нүктесінде отырған, экономикасы әлемдегі жиырмасыншы орында тұрған мұсылман мемлекеттің халықаралық саясаттағы орны ерек. Сондықтан бұл елді кім басқарады, оның үкіметі қандай саясат жүргізеді деген мәселенің маңызы терең. Сайлаудың қорытындысы 24 маусым күні жергілікті уақытпен кешкі сағат оннан өте жария болды. Нақты ресми қорытындысы ертең мәлім болады. Бұл мәліметтер барлық ақпарат агенттіктері арқылы жер-жиһанға тарағандықтан, біз тек өз көзімізбен көрген сайлау барысы, сайлауға дейінгі және одан кейінгі халықтың көңіл-күйі және Түркия сайлауының ерекшеліктеріне тоқталуды жөн санадық.

Сайлауға дейін

Түркияның басқа аймақтарын қайдам, Стамбұлдың ішінде қауіпсіздік шаралары өте күшейтілген. Әсіресе, орталық алаңдарда, әуежайларда, туристер көп жүретін аймақтарда тексеріс көп. Әр-әр жерден танк пен қару ұстаған әскердің тұрғанына тұрғындардың көзі үйренген. Тіпті, сайлау күні Таксим алаңында қоқыс жәшіктерінің өзін алып тастағанын байқадық. Шамасы, қандай да бір тәртіпсіздіктің, тіпті террорлық әрекеттің алдын алуға барынша қамданғаны көрініп тұр. Сайлау қарсаңындағы халықтың көңіл-күйін аңдасақ, бұл оқиға қарапайым түріктерді бейжай қалдырмаған сияқты. Жалпы, түріктердің саясатқа деген көңілі сергек, құлағы түрік. Іс басындағы президент пен үкіметтің шешімдерін, елдегі жағдайды, оппозицияның іс-әрекеттерін, жалпы халықаралық ахуалды талдап, өзара талқылап, пікір айтуға бейім. Сарапшылардың өзі іс басындағы президенттің бұл жолғы жеңіске жету мүмкіндігін «50 де 50» деп бағалады. Ел ішіндегі 180 мың сайлау учаскесіндегі сайлау жәшіктерінің 97,7 пайызы ашылып, дауыс саналғандағы ресми нәтиже бойынша, Ердоған 52,5 пайызбен жеңіске жеткенін ескерсек, олардың болжамдары қисынсыз болмаған сияқты. Стамбұл халқының көзқарасы да көрсеткіштің растығын айқындайды. Ердоған билігін толық жақтап, оған шаң жуытпайтындар мен оны мүлде жақтырмайтындар қарасы тепе-тең түсетін сияқты.

Дауыс беру барысы

Түркияның баспасөз және ақпарат директораты шетелдік ақпарат құралдары қатарында бізді де тізімге қосып, арнайы бейждерді таратқан соң, қолымызға бір жапырақ қағаз ұстатты. Онда «Шетелдік журналистерге Стамбұл қаласындағы Жиһангер аймағындағы участокке баруға кеңес береміз» делінген. Бұған қоса, «сайлаушылардың дауыс беру кезінде оларға кедергі келтірмеуді» өтінген. Бары сол. Бұдан басқа не баспасөз мәліметі, не еш нұсқаулық, сайлау учаскелері туралы мәлімет, т.б. жоқ. Осындайда Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы әдетте «Шетелдік БАҚ өкілдеріне арнайы нұсқаулық» атты кітапша таратап, ҚР Конституциясы, Сайлау туралы заңдарды, одан басқа толып жатқан баспасөз релизін таратып жататыны еске түсті. Сонымен, баспасөз орталығына бас сұғып, одан еш мардымды мәлімет алмаған соң, участоктерді аралуға шықтық. Әйгілі Таксим аралына өте жақын орналасқан аймақтағы сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру барысын бақыладық. Жиһангер – Стамбұлдың байырғы тұрғындары тұратын аймақ екен. Дауыс беріп шыққан сайлаушылардың оннан тоғызы оппозициялық Республикалық халықтық партиясын (CHP) таңдағанын жасырмай айтады. Тіпті, сайлау комиссиясы мүшесінің өзі «Бұл аймақ тұрғындары Республикалық халықтық партияға ғана дауыс береді, егер басқа партия жақтастарын көргілеріңіз келсе, қаланың өзге аймақтарына бару керек» деп кеңес берді. Расында, біз сөйлескен сайлаушылардың дені жиырма-отыз жылдан бері тек осы партияны қолдайтынын айтты. Тіпті, жасы сексеннен асқан қария: «Мен жиырма жасымнан бері Республикалық партияға ғана дауыс беріп келемін», – деп қысқа қайырды. Ал дауыс берудің ерекшелігіне келсек, сайлаушылар бұл жолы екі бюллетень алды: бірі – саяси партиялардың тізімі, екіншісі – президентікке түсіп жатқан алты үміткердің тізімі. Қазақстандағы дауыс беру жүйесінен айрымашылығы, дауыс беру бюллетеньдерінде президенттікке үміткерлердің аты-жөнімен қоса суреттері басылған. Екіншісінде саяси партиялардың эмблемалары және олар туралы қысқаша мағұлмат жазылған екен. Сонда үміткердің аты-жөнін шатастыру ықтималдығы азаяды немесе саяси партияларды бір-бірінен ажырату оңайға түседі деген сөз. Барлық сайлаушылар науқан кезінде үміткерлердің өмірбаянын оқып немесе саяси партиялардың бағдарламасымен танысып отырады дей алмаймыз. Сонда бюллетеньге сурет пен лейблдерді қоса орналастыру күнделікті саяси жаңалықтарды бағып отырмаған адамның өзіне таңдау жасауды жеңілдететін әдіс. Бұған қоса, түрік сайлаушылары үміткердің не партияның тұсына белгі қоймайды, олардың қолына бір-бір мөр ұстатылады. Дауыс беретін кабинаның ішіне кіріп, бюллетеньдегі өзі таңдаған үміткердің не партияның тұсындағы бос шеңберге мөр басады. Түрікше дауыс беру дегеніміз осы екен.

Сайлаудан соң

Дауыс беру 24 маусым күні таңғы сағат 8.00-де басталып, 17.00-де аяқталды. Кешкі сағат 6.30-дан бастап сайлау учаскелерінде саналған дауыс нәтижелері Анадолы ақпарат агенттігі арқылы Стамбұлдан баспасөз орталығына келіп түсе бастады. Ел аумағында 180 мың сайлау учаскесі бар екен, әр участоктегі санақ нәтижесі тікелей Анадолы агенттігіне жіберіліп, сол жерден шетелдік және жергілікті журналистер отырған баспасөз орталығындағы үлкен экранға үздіксіз жарияланып отырды. Сонда сағат 6.30-дан бастап төрт сағат бойы санақ жөнінде мәліметтер минут сайын, тіпті секунд сайын көз алдымызда жаңарып отырды. Мысалы, үш сағаттан соң, яғни кешкі сағат 9.30-да сайлау жәшіктерінің тек жартысы ғана ашылып, дауыстар саналып болған. Дауыс беру нәтижесін ашық түрде, осылай кезең-кезеңімен бірден жариялап отыру АҚШ пен Британия, Еуропа тәжірибесінде бұрыннан бар. Тек журналистер ғана емес, осы сәтте ғаламтор арқылы кез келген адамның Анадолы агенттігінің веб-парақшасы арқылы сәт сайынғы мәліметтерді бақылап отыруға мүмкіндігі болды. Санақ қорытындысы осылай онлайн жүйесінде жария болғаннан кейін оның барысында бұрмалаушылықтар болды деп айту өте қиын. Әйткенмен, оппозиция өкілдері жәшіктер толық ашылып біткен соң да, «Әлі сайлау жәшіктерінің тек 46 пайызы ғана ашылды, ресми дереккөз жалған ақпарат таратып отыр» деп мәлімдеме жасады. Бірақ жергілікті сайлау учаскелерінде саяси партиялардың мүшелері отырғанын ескеру керек, егер санақ барысында қандай да бұрмалаушылық болса, олар сол сәтте не мәлімдеме жасауға немесе бұрмалауға жол бермеуге әрекет ететін болар. «Дауыс беру нәтижесін бұрамалаған» деген пікірдегі бір-екі журналиспен де сөйлестік, олардың айтуынша, «барлық мәлімет Анадолы ақпарат агенттігіне келіп түседі, бұл мемлекеттік меншіктегі ақпарат құралы, сондықтан дауыс беру нәтижесін бұрмалап көрсетуге заманауи ақпараттық технологиялар қолданылуы мүмкін» деген пікір айтады. Егер мұндай жағдай болғанның өзінде, алдын-ала жарияланған ресми қорытынды 52,5 пайыз, бұл президент Ердоғанды түрік сайлаушылардың жартысына жуығы қолдамайды деген сөз. Мұның өзі ойлануға азық болатын дерек. Салыстыру үшін айталық, Франция президенті Эммануэль Макрон 2017 жылы екінші турда 66,1 пайызбен, ал АҚШ президенті Дональд Трамп 2016 жылы қарсыласы Клинтоннан бар болғаны 77 дауыс артық алып, жеңіске жеткен. Ал таза демократияның жеңісі саналатын Брексит референдумының нәтижесі 51,9 пайыз. Сонда Ердоған демократиялық елдердегі көрсеткішке пара-пар дауыс жинады, яғни осы 52,5 пайызды алу үшін белгілі бір деңгейде бұрмалаушылық жасады дегендердің дәлелі әлдеқайда салмақтырақ болуы керек. Оның басты қарсыласы Мухаррем Инжи келесі күні ресми санақтың нәтижесін мойындап, мәлімдеме жасады. Яғни, ол дауысты санау қорытындысымен келісіп, сайлау науқаны барысында бұрмалаушылық болды деген пікірге ойысты. Ресми нәтиже анықталған соң, халықтың көңіл-күйін білу мақсатымен көшеге шықтық. Талай саяси және тарихи оқиғалардың куәсі болған Таксим алаңы. Түнгі сағат 22.30. Біз ойлағандай алаңда көп адам көрінбеді. Тек алаңға жапсарлас көшелерден көліктер шеруі өтіп жатыр. Сигналдарын қосып, Түркияның қызыл жалауын желбіретіп, азан-қазан болған тұрғындар Ердоған мен Ақ партияның жеңісімен бірін-бірі құттықтап, мәз-мейрам. Бала-шаға, отбасымен бірге шаттана айғайлап, көшеде жүр. Орамал тағып, қызыл жалаушаны басынан асыра көтеріп тұрған әйелдер қауымы қуаныштарын әсте жасырмайды. Қайта жан-жақтан анталанған камераларға «Түсірсең, мені түсір» дегендей, масаттана қарайды. Көп ұзамай, Реджеп Тайип Ердоған ресми мәлімдеме жасап, өз жақтастарына рахмет айтып, ризашылық білдірді. Келесі күні де сайлаудың қызығы басылған жоқ. Зейтүнбүрне аймағына барғанда, екі-үш қазақ азаматын көріп, аз-кем пікірлесуге аялдадық. Бақсақ, Стамбұлда тұратын жергілікті қазақтардың дені Ердоғанды қолдап, дауыс берген көрінеді. «Неге?» десек, «Ол жер-жердегі мұсылман бауырларға көмек қолын созып отыр» дейді. Ал такси жүргізушісінің өзі Ердоғаның жеңісіне қуанғанын айтып, әсерін бөлісуге асық. Мешіттердің жамағаты, Түркиядағы түркі тілдес елдердің диаспоралары, шетелдердегі 3 миллионға жуық түрік диаспорасы – Ердоғанды қолдайтын негізгі топ осылар сияқты.

Ньюкасл – Стамбұл – Ньюкасл