Байларға түсер батпан жүк

Байларға түсер батпан жүк

Байларға түсер батпан жүк
ашық дереккөзі
Еліміздің министрлері есептік кездесулерін кезекпен өткізіп келеді. Өткен аптада есеп беру кезегі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке жетті. Есептік кездесу барысында министр салық мәселесіне айрықша назар аударды. Тимур Сүлейменов Қазақстанда «байлық салығы» енгізілуі мүмкін екендігін атап өтті. «Батырлық байлық кімде жоқ,  Ғашықтық жөні бір басқа», – деп «Қыз Жібек» жырының ізімен әндетсек те, орта тап қалыптастырамыз деп осы уақытқа дейін көзін жұмып келген Қазақстан енді тың бағытты ұстанбақшы.

Салық төлемеген cәтсіздікке ұшырайды

 Ұлттық экономика министрі әуелі салық төлемейтін азаматтардың шетелге шығарылмайтынын айтты. Яғни, мемлекетке 50 мың теңгеден артық қарызы бар азаматтар үшін шетелге шығатын жол жабық. Қазірдің өзінде Қазақ­станда 4 мыңнан астам борышкер қара тізімге іліккен. Ал мемлекетке тиісті төлем жасамаған адамдардың жалпы саны 1,5 миллионға жетті. Олар мемлекет қазынасына 30 миллиард теңге берешек. Сондықтан жауапты органда салық төлемегендер үшін әуежайларға терминалдар орнатқан. Оған тек алимент бойынша қарызы бар адамдар ғана төлем жасай алмайды. Бүгінде мұндай терминалдар Алматы, Шымкент, Қарағанды, Астана қалаларындағы әуежайларда бар. Жалпы, үстіміздегі жылы жаңа салық кодексінің қолданысқа енгені белгілі. Жаңа ережелерге сай салықшылар қарыздан жалтарғандарды жаппай жазалауға құқылы. Яғни, мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары қарызын төлемегендердің ісін сотқа жібермей, өздері салық бұйрықтарын шығарып, ескерту жасайды. Ескерту жасалғаннан кейін 30 күн ішінде нәтиже болмаса, істі сот орындаушыларға жібереді. Ал сот орындаушыларының өзіндік пайыздары бар. Оларға борышкерлер қарызына 25 пайыз қосып төлейді. Және сот орындаушыларының қоятын түрлі шектеулері де бар. Мамандардың дерегінше, елімізде жұртшылық көбіне мүлік, жер, көлік салықтарын төлеуді кейінге шегере береді екен. Бірақ оның зардабын өздері тартатынын салық төлеушілер қаперге ала бермейді. Ұлттық экономика министрі салық салудың прогрессивті межесі болуы қажеттігін де тілге тиек етті. Адамдардың табысы артқан сайын мемлекетке төлейтін салық көлемі де көбейеді. Бірақ оны бірден көтеріп жіберуге болмайды. «Мысалы, прогрессивті меже 20 процентке дейін енгізілсе, онда конвертпен жалақы беру оқиғалары көбейе түседі. Сондықтан аталған мәселені бірнеше жолмен шешу керек. Біріншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастыру қажет. Екіншіден, көлеңкелі экономиканың үлесін барынша азайту керек. Қазір оның үлесі 25-27 процентті құрап отыр. Соның ішінде салықтан жалтару, нақты табысты көрсетпеу және тағы басқа мәселелер бар. Үшіншіден, цифрландыруды іске асыру қажет. Барлық базаларды өзара қосып алсақ, салық салу жағынан ешқандай кедергілер болмайды», – деп атап көрсетті Тимур Сүлейменов. Негізінен, салықтың прогрессивті межесі әлеуметтік сала үшін де, экономика үшін де тиімді. Бірақ біздің елде байлар мен кедейлер тұрмысының арасындағы алшақтық жыл сайын өсіп келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, ең бай саналатын 10 пайыз қазақстандықтардың жалпы табысы ең кедей саналатын 10 пайыз халықтың табысынан алты есеге артық болған. Ал салықтың прогрессивті межесі осы жағдайды реттейтін құралға айналуы тиіс. Яғни, байлар салықты көбірек, сәйкесінше, кедейлер азырақ төлеуі қажет.

Депутаттар ұсынысы неге ескерусіз қалды?

Көп табыс табатын азаматтардың салықты көбірек төлеуі – заңдылық. Сондықтан болар, есеп беру барысында Ұлттық экономика министрі «байлық салығын» енгізу мәселесін назардан тыс қалдырмады. Жалпы, елімізде салықтың мұндай түрін енгізу алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Былтыр Мәжіліс депутаттары қалталыларға бөлек салық түрін енгізу туралы бастама көтерген. Енді бұл істі Ұлттық экономика министрлігі қолға алмақ. Өйткені кейбір дәулетті қазақстандықтардың иелігіндегі дүниелердің құны қарапайым азаматтың жылдар бойы жиғанынан асып түседі. Бұл ретте министр Тимур Сүлейменов салықты жалақыдан емес, қымбат дүние-мүліктерден ұстау керектігін ұсынады. «Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын елімізде қозғалтқыш көлемі үлкен көліктердің салығы көтерілген болатын. Ал қозғалтқыштың көлемі үлкен болса, көліктің бағасы қымбат деген сөз. Демек, ондай адамдардан салықты көп алады. Меніңше, жер, мүлік пен көлік туралы мәліметтің бәрі ақпараттық базаларда болғандықтан, оған салық салу қиын емес. Сондықтан, байлықтың салығын жалақыдан емес, тіркелген мүліктен алу керек деп ойлаймын. Бірақ оған да үлкен дайындықпен келуіміз керек. Әзірше, біз xалықаралық тәжірибені зерделеп жатырмыз», – деді министр. Өткен жылы Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров еліміздегі ауқатты адамдардың табысы көбейген сайын, сәйкесінше, оларға салынатын салықты еселеп өсіру туралы бастама көтерген. Депутаттың пікірінше, егер шенеунік, ұлттық компания топ-менеджерлері мен кәсіпкердің айлық табысы 1 миллион теңгеден асса, ол мемлекетке 40 пайыз салық төлеуі тиіс. Қазір елімізде табыс салығы бай мен кедейге бірдей – 10 пайыз. Яғни, тұрғындар арасында теңдік жоқ. Бір жалақыға қарап отырған адамдар барынша үнемдеуге тырысады. Енді бәз біреулер байлығын көрсетіп қалу үшін бір-бірімен бәсекелесіп жүр. Соңғы кезде қымбат көлік, пәтер мен өзге де жылжымайтын мүлікке деген сұраныс өскен. Қазір тек құны 1 млн доллардан асатын баспанасы барлар мен джип мінгендерге салық бірнеше есе жоғары. «Салық кодексіне өзгеріс енгізуді ұсынамын. Табысы жоғары адамдарға және қымбат көлік, зәулім үй сатып алып, оны ашық жариялап жүрген байларға салықты көбірек салу керек. Ал қайырымдылық жасап жүргендерге жеңілдік болуы тиіс», – деген болатын Айқын Қоңыров. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені бірнеше мәрте көтерген. Бірақ осы уақытқа дейін еш нәтиже шықпады. 2013 жылы Мәжіліс депутаттары «Салық туралы» заңға хан сарайындай қымбат үйлердің салығы басқалардан үш есе көп болуы керектігі туралы өзгеріс енгізген. Бірақ қалталы байлар бұл өзгерістерді де елеп-ескермеген көрінеді. Кейбір деректерге сенсек, бай-бағландар мен байшыкештер салықтың сұсынан жалтарудың сан алуан қулығын біледі. «Байлық салығын» енгізу дәулетті қазақстандықтарды табыстарын жасыруға итермелеуі мүмкін деген де күдік бар. Себебі тапқан табысының ауқымды бөлігін мемлекетке беруді бақуатты жандардың бәрі бірдей қалай бермейді. Біздің елде салық төлеу мәдениетінің әлі де толық қалыптасып үлгермегенін ескерсек, салықтан жалтаратындардың қарасы қалың болатынын біле беруге болады. Дәл осы мәселені 2012 жылы депутат Азат Перуашев көтергенде, көпшілік назар сала қоймаған еді. Бірақ депутаттың сөзінің жаны бар. «Байлардың салығын енгізуге болады, бірақ бұл жерде кіріс салығы туралы емес, сән-салтанат заттарына салық туралы айтылуға тиіс, яғни нақты әңгіме болуы керек. Әйтпесе, біз адамдарды кірістерін жасыруға итермелейміз. Шын мәнінде миллиардер болып табылатын адамдар біздің елімізде жалақы алмайды да. Олар акциялардан дивиденд түрінде алатын кірістерге өмір сүреді. Олардың кіріс көздері әдетте оффшорларда орналасқан. Сондықтан шындықты мойындап, бәрін өз атымен атағанымыз дұрыс. Бұл жерде салықты көтерсек, біз адал жұмыс істеп, өз еліне салық төлеп отырғандарға салық саламыз», – деген еді Азат Перуашев. Расында да, халық қалаулыларының аузынан шыққан бұл ұсыныстар өте орынды. Халық қалаулыларының бай-бағландар салықтан жалтарып кетуі мүмкін деген қауіптері де тегін емес. Енді осы мәселенің бәрін министрлік терең зерделеп, дұрыс шешім шығарса, жағдайды реттеуге болатын шығар, сірә?!

Билл Гейтстің бастамасы

Әлемдік тәжірибеде байлардың кедейлерден артық салық төлеуі үйреншікті жайт. Мысалы, Еуропаның бірқатар елдерінде табысы төмен отбасылар мен орта және шағын бизнес субъектілеріне салық салынбайды. Ал мемлекет қазынасы байлардың табысынан толығып отырады. Франциядағы бақуатты жандар жылжымайтын мүлік, қымбат автокөліктер, банктегі есепшоттар, өзге де қымбат бұйымдар үшін салық төлейді. Белгілі француз актері Жерар Депардье өз елінен бас тартып, Ресей азаматтығын қабылдағанда болған шу әлі ұмытылған жоқ. Әйгілі актер ауыр салықтан қашқан еді. Ұлыбританияда жылжымайтын мүлік құны 1 млн фунттан асатын ағылшындар жыл сайын мемлекетке табысының 5 пайызын төлеп тұруға міндеттелген. Испанияда мүлкінің құны 700 мың еуроға жеткен байлар 0,2-2,5 пайыз салық төлейді. Норвегияда 700 мың кроны барларды байлар қатарына қосады және ол қазынаға 0,4-1,1 пайызға дейін салық төлеуі тиіс. Голландияда инвестициялар мен жинаған қаржысынан 1,2 пайыз салық ұсталынады. Үндістан 3 миллион үнді рупийінен асқан мүлікке 1 пайыз салық салады. Мексикада құны 250 мың АҚШ долларынан асқан автокөліктен 5 пайыз салық ұсталынады. Өткен жылғы деректерге сүйенсек, әлемде табысы 40 млн доллардан асатын байлардың саны жалпы халықтың 0,01 пайызын құрайды. Бірақ олар орташа есеппен өздері төлеуі тиіс салықты 30 пайызға аз төлейді. Бұл туралы «Панама құжаттары» негізінде жасалған және Швейцариядағы HSBC клиенттері туралы ақпарат жинаған ғалымдардың зерттеу жұмыстарында келтірілген. Демек, салық төлеуден жалтаратын бақуатты жандарды әлемнің кез келген нүктесінен табуға болады. Қазақстандық байларға көтеріңкі салық салу мәселесі сөз болғалы талай жылдар өткенімен, әзірге бір шешімге келе алған жоқпыз. Бір қызығы, осыдан біраз жыл бұрын АҚШ пен Франция миллиардерлері байлар үшін салынатын салықтарды ұлғайту жөнінде өздері бастама көтерген. Өйткені елдегі дағдарыс жағдайында отандастарының күнін әзер көріп жүруі олардың арына сын болыпты. Америкалық миллиардер Билл Гейтс биыл жыл басында бай-манаптарға салынатын салықты арттыру туралы тағы да бастама көтергені белгілі. «Microsoft»-тың негізін қалаушы азамат АҚШ-тағы салық реформасы байлар мен ауқаттыларға өте ыңғайлы екенін айтып, наразылық білдірді. Оның айтуынша, қарапайым тұрғындарға салынатын салық тым жоғары. Миллиардер, керісінше, байларға көбірек салық салу керек деген ойда. Билл Гейтс бүгінге дейін 10 миллиард доллар салық төлеген. Миллиардердің сөзінше, бұл өзі секілді бай-манаптар үшін мүлдем аз, олар бұдан да артық беру қажет. Айта кетейік, Билл Гейтс әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде, Amazon-нің негізін қалаушы Джефф Безостан кейінгі екінші орында. Бүгінде оның байлығы 91 миллиард доллардан асады. Оның 40 млрд доллардан астамын Гейтс қайырымдылыққа жұмсаған. Ал қазақстандық бақуатты азаматтар шетелдіктердің бұл ісінен үлгі алуға ниетті емес сыңайлы. Өйткені «Батырлық, байлық кімде жоқ», – деп айналадағы адамдарға үлгі көрсетер қайырымды байды көре алмай жүрміз. Расында, ондайлар бар ма екен өзі?!