Жолына жібек төселсе де...
Жолына жібек төселсе де...
Бүгін, 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні! Халықаралық айтулы кинофестивальдердің ашылу салтанатында ежелден қалыптасқан ерекше бір салт-жоралғы бар. Айтулы актерлер мен белгілі режиссерлер түгі бір қарыс болатын қалы кілемнің үстімен сылаңдап өтіп, жарқ-жұрқ еткен телекамераларға жүзінен шуақ шаша күлімсіреп қарайды. Нағыз бақытты адамдар осылар дерсің. Сол сияқты журналистер де жылына бір рет ел алдына шығып, алғыс хат пен марапатқа ие болып жатады. Бір-бірінің арқасынан қағып, мәре-сәре. Сырт көзге олар да ең бақытты жандардай көрінеді. Бірақ...
Қоғамның қара нары қазақ журналистерi десек, артық айтқандық емес. Олар қоғамдық-саяси, мәдени-рухани, әлеуметтiк өмiрдiң жаршысы, айқайшысы. Әсiресе, Тәуелсiздiктiң бастапқы жылдарында қазақ журналистерiнiң барлық буын өкiлдерi егемендiктiң еңсе тiктеуiне аянбай еңбек етті. Күнi бүгiнге дейiн қазақ үшiн жылт еткен жағымды жаңалық болса, соның астарында қазақ журналистерiнiң еңбегi жатыр.
Соңғы жылдары жұрттың мұңын мұңдап, қамын күйттеп жүрген тілші қауымының да баспана алу мәселесін жеңілдету жайы сөз болған. Былтыр Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестікке қабілеттілігі және даму мәселелері» тақырыбында өткен отырыста көп тілшінің көкейіндегі сауалға бірлесе жауап іздеген еді. «БАҚ туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты талқылаулар жүруде. Себебі мемлекеттік саясаттың міндеті – ақпарат жүйесінің еркін жұмыс істеуі үшін жағдай жасау. Тәуелсіздік алған 25 жылда БАҚ саны 3002-ге жетіпті. Оқырмандардың белсенділігі төмендеді деп санағанымызбен, газеттер мен журналдар барлық БАҚ-тың 84 пайызын құрайды. Электрондық БАҚ – 9 пайыз. Бұл – 110 телекомпания, 60 радиокомпания, 107 кабельдік оператор және 8 спутниктік хабар тарату операторлары. Сондай-ақ, ақпарат агенттігі (41) – 7 пайыздық үлесті қамтиды», – деген-ді. Мұнымен қоса, отандық аудиторияның 35 пайызы ақпаратты ресейлік БАҚ-тан алуға құмар екені, шетелдік газеттер мен журналдарды оқитын қазақстандықтар саны 11,5 пайызға жеткені мәлім болды. Google корпорациясының тапсырысымен жүргізілген зерттеулер көрсеткеніндей, Қазақстандағы интернетті пайдаланушылардың 76 пайызы ақпарат іздегенде, ең алдымен ғаламторға жүгінеді.
Есесіне, қаражаттың көбі шетелдік интернетке кетуде. Атап айтқанда, интернет-ресурстарға салынған қазақстандық жарнама көлемі 2015 жылы 20 миллион долларды құраса, оның ішінде 8 миллион доллар Google еншісінде, 4 миллионы Мail.ru, ал 1 млн доллар – Facebook үлесінде. Тағы 1 миллион долларлық жарнамалық қаржы басқа ресейлік және шетелдік сайттарға кеткен. Нәтижесінде, Қазнеттегі жарнамалық бизнес қаражатының 70 пайызы шетелдік ресурстарды дамытуға бағытталған.
Мұның бәрі отандық БАҚ-тың әлеуетін көтерудің орнына, әлсірететіні заңдылық. Бұл әрине, тілші қауымының әлеуметтік ахуалының түзелуіне кесірін тигізеді. Ал шын мәнінде тілшінің еңбегі кез келген мемлекеттік қызметшінің еңбегінен кем емес. Қашан да журналистерге біртабан жақын Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеру керектігін еске салды. «Қазіргі күрделі шақта ақпарат және коммуникация саласы зор маңызға ие болуда. Өйткені ақпараттық бәсекеде жеңіске жеткен, идеологиясы озық ел ілгері озады. Бұл журналистердің жағдайын жақсарту мәселесін күн тәртібіне қоюда. Бүгінде біздің журналистер «аз ас, көп ниет» жағдайында өмір сүруде. Олардың жалақысын көтеру жайы басшыларының мойнында болар. Ал ақпарат құралдары өкілдерінің баспана түйткілін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында шешу маңызды мәселе. Тілшінің еңбегі мемлекеттік қызметшінің қызметінен еш кем емес», – деген депутат «журналистер тұрғын үй мәселесін тұрғын үй-құрылыс жинағы аясында шеше алады» деген тетік көп жағдайда жұмыс істемейді. Өйткені «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» 3 жылда пәтер құнының елу пайызын жинау үшін клиенттен ай сайын 100-200 мың теңге салым салуды сұрайды. Оған БАҚ қызметкерінің көбінің мүмкіндігі жоқ екендігін қаперге салған.
Ал Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Журналистерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл тұрғыда шамалы қарама-қайшылық бар. Мәселен, мемқызметшілер, мұғалімдер бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай мәртебеге ие, олардың бәрі бюджет қызметкері. Ал журналистердің бір бөлігі мемлекеттік мекемелерде, ал қалғаны жекеменшік салада жұмыс істейді. Сондықтан олардың барлығын біріктіру заңнама аясында қиындық тудыруда. Дегенмен, осы мәселені реттеу бойынша айналысып жатырмыз. Яғни, 2018 жылы бұл түйткілді шешуге тырысамыз», – деп үміттендірген еді.
Биыл журналистердің баспанаға қол жеткізуін жеңілдету мәселесі министрдің алдынан тағы да көсекөлденең шықты. Себебі уәдеге толы сөздерге қозғау болмай тұр. Ал бұл жолғы берілген жауап қолдан сусып түскен балықтай ұстатпайтын сияқты. «Журналистерді үймен қамтамасыз ету мәселесін кез келген БАҚ өзі шешуі керек. Сұрақ өте өзекті. Біздің елімізде БАҚ-тың 95 пайызы жеке қолда. Себебі олар басқа жекеменшік газеттерде жұмыс істеп, жоғары жалақы алуы мүмкін деп есептеледі. Сол тұрғыдан осы ой-сананы өзгерту де қиынға соғады. Тиісінше барлық жекеменшік БАҚ бұл мәселемен өздері айналысуы керек. Біз банктерге барып, үлкен мекемелерге көмек сұрауымыз мүмкін. Басқа жолдарды әзірге айту қиын. Және журналистер мұғалімдер сияқты бюджеттік ұйымдарда жұмыс істемейді. Оның үстіне қазір мемлекет халықты үймен қамту бағытында тиісті шараларды қолға алып жатыр. Соның ішінде Елбасының «7-20-25» бағдарламасын айтуға болады», – деді министр. Оның пікірінше, мемлекеттік БАҚ-та істейтін журналистердің мәселесі белгілі бір деңгейде шешіліп жатқан көрінеді.
«Біз әр ведомствоға бағынысты ұйымның басшысына осы мәселені айтамыз. Мемлекеттік БАҚ өкілдеріне үй беру мәселесі белгілі бір деңгейде шешілуде, кейбіреулері жатақханамен қамтылған. Дегенмен, біз министрлікке қарасты әрбір ұйымның баспана мәселесін жеке-жеке қарайтын боламыз. Нақты ұсыныстар болса, біз әрдайым қолдауға дайынбыз. Сондықтан БАҚ өкілдерінен ұсыныс күтемін», – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Өзгелер секілді, журналистерді де толғандыратын мәселе – баспана. Егер тілші баспана алатын барлық санатқа жатпаса, арнайы жеңілдікке ие болмаса, оның қоғамдағы мәртебесі қайсы? Қашанғы тұрғындардың түйткілін шешіп, солардың қуанышына сырттай тамсанып жүре бермек? Журналист өз жыртығын жамай алмай ма? Биыл шілдеден бастап ипотекалық несиеге баспана беретін «7-20-25» бағдарламасына неге арнайы тарау енгізбеске? Осы уақытқа дейін қатардағы қарапайым қазақты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған біраз бағдарламаның басы қайырылды. Алайда мұның бірі де тілші қауымын ескерген емес.
«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі қажет. Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады», – деді Елбасы Н.Назарбаев. Сол миллионның ішінде бірлі-жарым журналистер де болса қанекей?!
Осыдан екі жыл бұрын экс-министр Қуандық Бишімбаев журналистерге баспана беру бойынша арнайы шарттарды даярлауға дайын екенін айтып, бір серпілтіп тастаған еді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы шарттар жасала ма? Бүгінде осы мамандық иелері не мемлекеттік, не бюджеттік салаға жатпайды. Олардың баспана алуына қандай да бір жеңілдік бола ма?» деген тілшілердің сауалына ол: «Өкінішке қарай, қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ондай жеңілдіктер қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ сіздің құзіретті министрлігіңіз, яғни Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осындай ұсыныс жасаса, біз оны қарауға дайынбыз», – деген ол сол кезде. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша екен. Әйтеуір журналистердің баспана мәселесі жуық маңда шешіледі деген үміт те қалмауға айналды. Одан бері жаңа бағдарлама да қабылданып үлгерді. Қазір баспаналы болғысы келген жұрт «7-20-25» бағдарламасына үміт артуда. Ал «Жақсы сөзді – жарым ырысқа» балаған журналистер әзірге «ұсыныс жасаса, біз оны қарауға дайынбыз» деген министрдің сөзіне арқаланып қана жүр. Алайда бұл ауызша жұбатудың қашан заңдық күші болады? Әлде қазақ баспасөзінің ақсақалы Шерхан Мұртаза айтпақшы, журналистер «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» болуға ғана лайықты ма?