ЖҰРТТЫҢ БӘРІ ТОНАЙТЫН ҚАРЖЫ ҚОРЖЫН
ЖҰРТТЫҢ БӘРІ ТОНАЙТЫН ҚАРЖЫ ҚОРЖЫН
Жылда өтетін «Жетілік» саммитінен биыл береке қашқаны белгілі. Бұған себепкер – АҚШ президенті Дональд Трамп. Германия канцлері Ангела Меркель әлеуметтік желіде жариялаған мына суретті қараңыз: үстел басында қолын айқастырып, маңдайы кіржиіп Трамп отыр, ал Меркель, Макрон, Трюдо, Абэ, Мэй, Конте – оны әлденеге үгіттеп, оған әлденені түсіндіруге тырысып, жан-жақтан қаумалап тікесінен тік тұр. Орындықта мығым отырған Трамптың мысы басым екені бір қарағанда-ақ байқалады. Бәрінің көзі Трампқа қадалған. Меркель үстелге екі қолымен тіреніп, Трампқа қарай еміне түскен. Ғаламторды шарлап кеткен осы сурет бүгінгі ғаламдық геосаясатта кімнің орны қандай екенін ешбір сөзсіз сипаттап тұрғандай.
Бір қызығы, бұл суретті түсірген фотограф америкалық емес, неміс. Ангела Меркельдің Дональд Трамптың үстінен төне қарап, оған барын сала әлдене түсіндіріп тұрған бейнесін Германия федералды үкіметі жаһанға өзі таратты. Яғни, Меркель ханым америкалық президентті отырғызып қойып, оған ақыл үйретіп жатыр дегенді меңземек. Әрине, әр тарап бұл суреттен өз қолайына сай саясат іздейді.
Трамптың «Ең әуелі Америка!» деп жалаулатқан ұраны, ендігі ұстанымына айналған осы саясаты алпауыт алтылықтың жүйкесіне тие бастағандай. Канаданың Квебек аймағындағы Ла Мальбедегі кездесуде алтауы бірігіп, АҚШ президентін сауда-саттықтағы өз мүддесін ғана қорғау саясатын одан әрі жалғастыру райынан қайтара алмады. Тіпті, бір жарым ай бұрын онымен қол ұстасып, «екі елдің арасындағы ерекше құрметті» айшықтап, ерлер арасындағы мықты достықты жария қылған Макронның өзі Трампқа сөзін өткізе алмай, дымы құрыды. Ол ең әуелі АҚШ Париж климаттық келісіміне қайта қосылса деген, одан кейін Германия мен Франция бірігіп, Американың импорттық, негізінен еуропалық таураларға салынатын салықты бұрынғысынша қалдыруға көндіреміз деп үміттенген. Бірақ Трамп бұл үмітті ақтамады. Ол «Американы бұрынғы серіктестері сатып кеткенін, ал Еуропа дегеннің АҚШ-қа қарсы экономикалық блок құрғанын» айтып даурығумен болды. Расында, Еуропа мен АҚШ-та сырттан келетін тауарлар үшін төлеуге міндеттелген салық мөлшері бірдей. Бірақ Трамп Еуропада америкалық тауарларға импорттық кедергі көп деп санайды, енді ол өз елінде еуропалық өнімдерге деген салықты көбейтпек.
Трамп әріптестерінің өзіне қарсы бірігетінін алдын ала сезген сияқты, ол басқосуға кешігіп келіп, келесі күні ресми шаралар аяқталмастан бұрын ертерек кетіп қалды. Ол барынша достық шырай танытуға тырысты, тіпті, әріптестерін аттарымен атап, «Анджела», «Джастин» деп өзімсіне сөйлейді. Бірақ мәселе саудаға және америкалық бизнестің мүддесіне тірелгенде ол ешкімді, тіпті, Анджеланы да, Джастинді де аямайды. «Біз жұрттың бәрі тонайтын ақша сақтайтын ыдыс сияқтымыз. Мұны доғару керек», – деді Трамп саммиттен кейін берген бір сұхбатында.
«Жетіліктегі» әріптестер Трампты жүзбе-жүз кездесуде үгітке көндіреміз деп үміттенгенімен, арадағы дау одан әрі үдей түсті. Америкалық президент Квебектен атанып кете салысымен, олармен «айтысын» ғаламторда жалғастырды. Франция президенті Эммануэль Макронның өзі шыдамай, «Твитерде» «АҚШ бір бөлек, басқаларымыз бір бөлек» деп жазуға мәжбүр болды.
Осылайша, АҚШ президенті өзге мемлекеттерге қарсы «сауда-саттық соғыс» бастағанын жасырмайды. Ол америкалық экономиканың қуаты зор екенін айтып, басқалардың онымен теке-тіреске шыдамайтынын ескертті.
АҚШ өз мүддесін жалаулатып, оқшаулана түскен сайын, Еуропа ішкі бірлікті сақтаудың бұрынғыдан да маңызды екенін түсіне бастады. «Біз Еуропа ретінде өз мүддемізді қорғауымыз керек, бәлкім, Жапониямен және Канадамен бірлесу керек шығар» деді Ангела Меркель. Осылайша, сауда-саттық соғыста алтауы – бір жақ, АҚШ – бір жақ екені мәлім болды.
Оның үстіне, Трамп «Жетілікті» қайтадан «Сегіздікке» айналдыру керек деп еуропалық әріптестерін одан сайын тығырыққа тіреді. Яғни, оның ұсынысына құлақ қойып, Ресейді қайтадан «алпауыттар клубына» қосса, 2014 жылы Қырымға қатысты шетін мәселеге бола Ресейді оқшаулаған «Жетілік» сол кездегі өз ұстанымынан бас тартуға мәжбүр болады. Бірақ қазіргі Ақ үй басшысы алдыңғы сөзден айнып, бұрынғы ұстанымнан бас тартуды ыңғайсыз көрмейтін сияқты.
Сондай-ақ, ол «клубтағы» әріптестерін бұдан да ыңғайсыз жағдайға қалдырып, бірлескен мәлімдемеге қол қоюдан бас тартқан еді. Ақыры, «Жетіліктің» қорытынды құжатына алты мемлекет басшысы ғана қол қойғаны мәлім. Шамасы, «Great 7» клубының саны да, сапасы да сыналар шаққа тап келді.
Ұлыбритания