Ханымдар алған қамалдар
Ханымдар алған қамалдар
Дәстүрі тағылымды, тарихы терең ел – тілі орамды, ділі таза ұл өсіріп – ұлтты асқақтатады, қыз өсіріп – елді көркейтеді десек, қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше ілтипат танытып, бөлекше қараған. Сондықтан қазақ халқы «Қызға – қырық үйден тыю, бір үйден жию» деп мәтелдеген. Қыз балаларға жарыса сөйлеуге, жалғыз қыдыруға, ұятты жерлерін ашып жүруге, әдепсіз сөз айтуға, ішімдік ішуге, шылым шегуге, т.б. тыйым салған.
Бүгінгі қыз бала ертеңгі ана екенін есте ұстаған абзал. Әр қадамды анық басып, ой елегінен өткізіп саралау арқылы біз дәстүр сабақтастығын жалғастырамыз. Әйел затының болмысы нәзік болғанымен, ұлттық рухы мен қайраты басым. «Алып анадан туады» дегендей, ханды да, қараны да дүниеге алып келетіндер, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген алтын құрсақты аналар ғой.
Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербетіп жүрген нәзік жандылар қаншама? Отбасын құрып, аяулы жар, ардақты ана атанып оған қоса мемлекеттік қауырт жұмыстарды да қатар алып жүрген әйелдер қауымының алған қамалдары аз емес.
Десек те, бізде көбіне әйел адам үйде отыру керек, қазан-ошақтың басы-қасында жүруі тиіс деген кертартпа түсінік қалыптасқан. Әрине, табиғат текті жаратқан қыз баланың бірінші міндеті – отбасын құру, ана атану.
Әйтсе де, тарихтан жақсы белгілі Томирис патшайым ел басқарып, халқының азаттығы үшін сыртқы жаумен арпалысып, дұшпандарын талқандаған. Сонда да әйел біткеннің бәрі ел басқарып кете қоймас, бірақ аузымызды қу шөппен сүрту де жараспас. Мысалы, Қазақстан Республикасы Парламентінің құрамында 22 әйел бар. Бұл депутаттардың жалпы санының 15 пайызын құрайды. 3 әйел облыс әкімдерінің орынбасарлары, 5 әйел аудандарды басқарады. Аудан басшылары орынбасарларының 18 пайызы, ауылдық және селолық округтер әкімдерінің 12 пайызы – әйелдер. Үкіметтің құрамында 2 министр, 4 жауапты хатшы, 6 вице- министр ханымдар адал қызмет атқаруда.
Әйел үшін билік дегеніміз не? Әйел заты саясатқа араласса – ол қоғамда әйелдерге қатысты түйткілдерді шешуге атсалысады. Шақалақтардың дәретхана мен қоқыс жәшігіне тасталуының алдын алатын шараларды жасауға қолғабыс тигізеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың, жалғызбасты аналардың мүддесі мен құқығын қорғау жолында еңбек етіп, қайырымдылық қорлар ашып, дертті жандардың өмірін қатерден құтқаруға себі тиеді. Демек, елдің елеулісі, халқының қалаулысы болып отырған азаматтарымызды тәрбиелеген әйел заты билікке келсе, одан ұтыла қоймайтынымыз анық.
Еркежан Досмұхамбетова,
Журналистика факультетінің
3-курс студенті