ОРАЛЫМДЫ ТІЛ, ОЙЛЫ КІТАП

ОРАЛЫМДЫ ТІЛ, ОЙЛЫ КІТАП

ОРАЛЫМДЫ ТІЛ, ОЙЛЫ КІТАП
ашық дереккөзі
Қаламы жүйрік Есенгелді Сүйіновтің мақала, очерктерін әр кезеңдерде мерзімді баспасөз беттерінен оқып жүретінмін. Журналистика саласында көп заманнан бері еңбек етіп келе жатқан оны шығармашылық бағытын іздеу жолында өзіне лайық үлгісін тапқан жандардың бірі десек, қателесе қоймаймыз деп ойлаймын. Осы тұжырымды тиянақтай түсетін нақты айғақтың бірі – автордың «Тербеген теңіз әлдиі» атты публицистикалық мақалалар жинағы. Автордың аталған еңбегіне енетін көсемсөз үлгілері «Тұлғалар тағылымы», «Ұлы дала перзенттері» және «Сан қырлы өмір жолдары» атты үш тарауға жинақталған. Әрбір халықтың рухани болмысы, тарихи шежіресі, ұлттық бітімінің қалыптасуына сол жекелеген айтулы тұлғалардың жасайтын ықпалы орасан зор болып келетіні мәлім. Бұл жағынан алып қарағанда, Е.Сүйіновтің назарына іліккен кейіпкерлер – Кенесары Қасымов, Махамбет Өтемісов, Шоқан Уәлиханов, Мұхамеджан Сералин (2 мақала), Мұхамеджан Қаратаев, Сырбай Мәуленов, Мұхтар Шаханов, Иманғали Тасмағамбетов, Айман Мұсаходжаева, Сағымбай Қозыбаев, Нұрғожа Ораз... және қазақтың басқа да белгілі перзенттері. Автор олардың әрқайсысына арналған шағын мақалаларда белгілі жайттарға қайталай шолу жасамай, белгілі бір қырына ғана тоқталып, лажы келсе, назардан тыс қалып келе жатқан тың деректер беруді мақұл көреді. Мысал үшін алатын болсақ, бұқара жұртшылықты соңынан ерткен Кенесары Қасымовтың қазақ тарихында қандай орын алатыны бәрімізге белгілі. Бірақ сонымен бірге автор «Қазақтың соңғы ханы» атты мақаласында жалпы оқырманға онша мағлұм емес жайттардың да бар екендігін еске салған. Мақалада Кенесарының Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы генерал-майор Генске жазған хатынан келтірілген деректер соның бір көрінісі. «1827 жылы Көкшетаудан Минграу майордың бастауымен шыққан 200 адамдық команда Теріс-Аққандағы Әлике мен Шұбыртпалы ауылдарына тиісіп, 58 адамды өлтірді, есепсіз мүлікті тартып алды. 1830 жылы Қараөткелден бір сотниктің басқаруымен шыққан 100 адамдық команда... 120 адамды өлтірді, қалғандары қашып құтылды. 1831 жылы Көкшетаудан Алексей Максимовичтің бастауымен шыққан 500 адамдық команда... 450 адамды өлтірді» делінген көрінеді бұл хатта. Отаршылдардың кең сахарада жайылып жатқан бейбіт қазақ еліне жасаған қатыгездігі, зорлық-зомбылығы бір бұл ғана емес екен. Амалы құрыған Кенесарының жоғары лауазым иелеріне ашына хат жазуы осындай басқыншылық әрекеттердің шектен тыс өршіп кетуінің салдары. Бірақ осы айтылған фактілерден генерал-губернаторлар мен басқа лауазым иелерінің қаншалықты қорытынды шығарып, қаскөй жазалаушыларға қаншалықты тыйым салғаны белгісіз. Ашына хат жазған сұлтан енді сол ашынудың әсерімен отаршылдарға тайынбай қарсы шығуға мәжбүр болғанын мақала авторы нақты деректер арқылы дәлелдеп жеткізе алған. «Ұлы дала перзенттері» аталатын екінші бөлімдегі мақалалар да осындай белгілі тұлғалармен кездесудің нәтижесінде дүниеге келген сыр-сұхбаттар. Автор қазақтың талай атақты кісілерімен жылы жүзді әңгіме құрып, олардың шығармашылық тұлғасына әрі жан дүниелеріне де жете үңіле біліпті. Сондай кісілердің арасында Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Әнес Сарай, Қойшығара Салғарин, Мақсұт Нәрікбаев, Уәлихан Қалижанов, Серік Тұрғынбекұлы,Тұрсын Жұртбай, Бірғаным Әйтімова, Светлана Жалмағанбетова, Төлеген Мұхамеджанов, Нұртай Сәбильянов және басқалары бар. Бұл аталған кісілердің біразы бүгінгі күндері ортамызда жоқ. Ал олардың журналиске жеткізген ерекше пікірлері, айтып кеткен құнарлы ойлары оқырман жадында естелік болып жаңғыратыны сөзсіз. Автор олармен жай ғана әңгіме-дүкен құрумен шектелмейді. Әрқайсысының жеке бастарына қатысты назар аударарлық мәліметтерді келтіре отырып, өзіне тән тәсілдермен жалпы қазақ қоғамына, мемлекетіміздің алған бағытына қатысты түйінді-түйінді ойларын суыртпақтай суырып алады. Шын журналиске тән мінездің өзі де осындай тапқырлықты, өткірлік, әңгімелесушінің айтқысы келмей отырған тұстарына да көңіл бөліп, лажы келсе, жекелеген түйткілдерге толы пікірлерін сыртына шығару. Бұл жағынан келгенде Есенгелді Сүйіновтің журналистік алғырлығы, әңгімелесуші тосырқап, бөгелістеп қалған тұстарда сөз тауып кете алатындығы көрініп тұрады. «Сан қырлы өмір жолдары» деп аталатын үшінші бөлімде тілге тиек болатын – күнделікті өмірдегі әр алуан түйткілді жағдаяттар мен адамдардың тағдырларына қатысты қызықты оқиғалар тізбектері. Авторды, әсіресе, қызықтыратыны – бұрынғы жылдар мен бүгінгі өміріміздегі үйреншікті типтік құбылыстармен бірге көзімізге тосын, күтпеген жайттардың да кездесіп қалатындығы. Мәселен, оның «Табиғат таңғажайыптары», «Жол үстінде жүрген доңғалақ», «Айдалаға тастап кеткен жүргізуші», «Екі бөленің үйленуі» тәрізді шығармалары – оқырманның қай санаты үшін де қызықты оқылатын дүниелер. Қазақтың әдеби тілі бүгінгі таңда тиісті нормаларға жауап бере алмай, арбаның сынған дөңгелегіндей кедір-бұдыр түрлі өткелектерден өтіп келеді. Оның көркемдік деңгейіне әркімнің көлеңке түсіп кететін кездері аз емес. Сондай уақыттарда Есенгелдінің стильдік мәселелерге жауапкершілікпен қарай білуі кейінгі толқын журналистер үшін үлгі боларлық деп ойлаймын. Бір ауыз сөзбен түйіндейтін болсақ, алғашқы қадамынан-ақ өз оқырманын тауып үлгерген белгілі журналист Есенгелді Сүйіновтің бұл кітабы – қазақ сөз өнерінің тамыры әлі де бүлкілдеп соғып тұрғанын дәлелдей алатын кезекті көсемсөз жинағы. Өз оқырманын табуға тиісті жақсы кітаптардың бірі.  

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы, М.О. Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері