ХАЛЫҚ САНЫН ҚАЙТСЕК КӨБЕЙТЕМІЗ?

ХАЛЫҚ САНЫН ҚАЙТСЕК КӨБЕЙТЕМІЗ?

ХАЛЫҚ САНЫН ҚАЙТСЕК КӨБЕЙТЕМІЗ?
ашық дереккөзі
«Бұл мәселе жергілікті билікті алаңдата ма?» деп, өзімізге өзіміз сұрақ қоятын кездеріміз болады. Аудан әкімдері бірінен соң бірі ауысып жатыр, олардың қабылдауында да болдық. Мәслихат депутаттарының да пікірін білдік. «Ауылдың болашағы жоқ» дейді. Ауылдың болашағы болмаса, ауданның, тіпті, облыстың болашағы қайдан болсын? Аймақ бойынша, аудан бойынша демографиялық құлдырау да ауылдың әлеуметтік жағдайына тиісті деңгейде көңіл бөлмеуден басталмай ма? Мынау алқын-жұлқын өмірде жұмыссыз қалсаң, оның үстіне еріксіз уайымдап жүргеніңде, әкімдік өкілдері келіп: «ауылдарыңның болашағы жоқ, мектепті жабамыз, көшетін жерлеріңді ыңғайлаңдар» деп, дікең-дікең етсе, жас отбасылар бала-шағасымен Астананы, республиканың өзге қалаларын жағаламағанда қайтсін? Жастар ата-анасының батасын алып, өмір бойы жиған-терген малын сатып, жетпеген жеріне несие алып, көшіп кетті. «Ауылды қимаймын, қанша ғұмырым қалды, сендер аман болыңдар, қала – жастардыкі ғой» деп, көз-жасын сүртіп, азын-аулақ малымен ата-анасы қалды. Обалы кімге? Жуырда облыс әкімінің қатысуымен өткен алқа отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі: «Соңғы бес жыл бойы өңірде туу көрсеткіші төмендеп, орташа алғанда жыл сайын туу көрсеткіші 500 нәрестеге азайды, ал өткен жылы алғаш рет нәрестелер саны 802-ге күрт төмендеп кетті, 2016ж. – 12535 бала, 2017ж. – 11733 бала дүниеге келді, бір жыл ішінде облыс тұрғындары 6,7 пайызға азайды» – деп, мәлімдеме жасаған еді. Ендеше, алдағы он бес жылда жағдайдың қалай болатынын көзге елестете беріңіз. Репродуктивті отбасылардың көбі жоғарыда атап өткеніміздей – облыс шегінен тыс жерге кетті, сондықтан бала саны азайды. Ауылдардың әлеуметтік мәселелеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей, «болашағы жоқ ауыл» деп, мектебін жапқан соң, ауыл жастары, жас отбасылар Астанаға, республиканың өзге қалаларына кетті. Арасында шетел асқандары бар. Алысқа кете алмағандар жергілікті қалаларды, қала маңын, аудан орталықтарын жағалады. Жас отбасылар әлеуметтік жағдайдың төмен болуы салдарынан бала санын шектеді. Бұл күнде үшінші бала туралы сөз қозғалған жерде «Қалай асыраймын?», «Қалай асырайсың?» деген сұрақтар қойылатын болды. Ал демографиялық ахуал осылай нашарлай берсе, Қостанай облысының тағдыры қалай болмақ? Кіндік қанымыз тамған жерді өзіміз өңдемей, өзге елден, жат жерден неге бақыт іздейміз? Ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, үйір-үйір жылқы айдаған, еңбек тері төгілген, ұрпақ сүйіп, тамыр жайған құтты жерінен – жерұйығымыздан бүгінде біз неге жерідік? «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» дейді халқымыз. Жердің қасиетін түсінбейтін деңгейге жеттік пе? Бұл – қарапайым халыққа, ауылдан кеткен жастарға қарап айтатын сөз емес, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» деген ой екенін түйсігі бар жан түсінеді. Ауыл мұқтажына көңіл бөлу – оқыған-тоқыған, қолында билігі, қаражаты бар азаматтардың перзенттік парызы. Осы жерде ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың «Ұят болды-ау!» өлеңіндегі: «Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан, Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан...», «Күте-күте, көзі талып, күн сарғайып батқандай, Зират екеш, зираттар да бізді жоқтап жатқандай. Момын жұрттың арқа сүйер азаматы біз едік! Жеке-жеке бақыт іздеп, жеке өмір түзедік. Жетер енді! Туған жердің топырағына тізе бүк!» дейтін жолдары еске түседі. Ақынды құрмет тұтсақ, өлеңдерін бағаласақ, өсиетін неге орындамаймыз? Елдігіміздің тәуелсіздігін алдық, Алаш ардақтыларын әрқашан мақтан етеміз, құрмет тұтамыз. Бірақ, «құрметтеу» дегенде оларға ескерткіш қою, солардың есімімен білім және мәдениет үйін атау ғана емес шығар. Оларға деген ең басты құрмет – Ақаң, Әлихан, Халекеңдердің істерін жалғастыру болса керек. Ұлтымыздың бас ақыны Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ» дегеніндей, сол ерлердің халқымыздың болашағы үшін, туған жердің тұтастығы үшін күрескен мағыналы өмірін, қалтқысыз қызметін өзіміз үлгі тұтып, өскелең ұрпаққа өнеге етіп, кіндік қанымыз тамған жеріміздің бір қажетіне жарау болса керек. Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан...» дегені де осы. Ауылдан шыққан, қазіргі қызметіне, жұмысына орай қалада тұруға мәжбүр азаматтар ауыл тұрғындарын  ұйымдастырып, жұмыс орындарын ашып, елдің мұң-мұқтажын біліп, мәселенің шешілуіне ат салысса, демографиялық өсім артып, тәуелсіздіктің іргетасы нығая түсер еді. Жастарға осындай өнеге керек, халқының алдында қадірі артып, елдің батасын алған жандарды үлгі етуіміз керек. Мысалы, аудан орталығына жақын орналасқан Гурьяновка ауылында тұратын кәсіпкер өз ауылында орыс тілінде білім беретін бастауыш мектептің ашылуына демеуші болып, тұрғындардың құрметіне бөленген. Өкініштісі – бұндай мысалдар саусақпен санарлық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мектептер жабылды, ауылдар жойылды, жастар кетті, демография құлдырады. «Болары болды, бояуы сіңді» деп қоя салуға да болар еді. Өз қара басымыздың күйін күйттеп жүрсек, далада жайылып жүрген малдан қай жеріміз артық? Бірақ біз айтпасақ – кім айтады, біз жазбасақ – кім жазады? «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген Ақаң (А.Байтұрсынұлы) атамыз. Біз ауылда тұрған соңғы тұяқ болып қалмайық, біз кетсек, үйлердің орны тып-типыл болып, Жарсор, Талды, Мағынай ауылдары сияқты ауылдар түпкілікті жойылады. Кейін «келем» десең, ауыл да болмайды. Жер әлдекімнің қолына өтсе – қуырдақтың көкесін сол кезде көресің, ата-баба моласының орнын да таба алмай қалуымыз кәдік. Осыны неге алдын ала ойламаймыз? Жергілікті әкім-депутаттардың қабылдауында да болдық. Олар: «Бала саны азайып барады, болашағы жоқ, мектепті жабамыз», «жол жөндеуге техника жоқ, ЖЖМ жоқ», «халқы аз ауылға келетін жолды жөндеу көп шығын», «ауыл халқы аз, ұялы байланыс операторын әкелу мүмкін емес», «Ауылда жұмыс жоқ, ешкім көшіп келмейді» дегендей жаттанды сөздер айтып, шығарып салады. Кәдімгідей жаттап алған, мүдірмейді. Бәлкім, есеп бергенде іскер болар, нақты іске келгенде – бейқам көрінеді. Әйтпесе, «Мектепті қайтсек сақтап қаламыз?», «Ауыл халқын қайтсек көбейтеміз?», «Бюджетке күш түсірмей, ауылға баратын жолды қалай жөндеуге болады?», «ауылдан қандай жұмыс орындарын ашуға болады?» деп, күйіп-пісіп, жаны шыр-пыр болып жүрген депутатты немесе ұсыныстар жинап, саралаған басшыларды көргіміз-ақ келеді. Туған жерден бір-екі отбасы емес, көп халықтың үдере көшуі, өзге қалаларға кетуі әлеуметтік жағдайға көңіл бөлу деңгейінен сыр беріп тұрған жоқ па? Әйтпесе, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демес еді ғой халқымыз. Алдағы уақытта Қостанай облысының аудандары мен ауыл әкімдеріне ауыл, аудандарындағы демографиялық ахуалды жақсарту міндеті қойылса, әлеуметтік мәселелерді шешуге бейқамдық танытпас па еді деген сенімдеміз. Бұрын айтылған ұсынысымызды қайталағымыз келеді, «Солтүстік аймақтардағы әкімдер мен депутаттардың қызметін бағалағанда, олардың жергілікті демографиялық ахуалдың жақсаруына қаншалықты жағдай жасағаны, оңтүстік әкімдерінің соған өз үлесін қосуы ескерілсе екен, дейміз». Халқымыздың өсіп-өнуіне солтүстік пен оңтүстік әкімдері бірге атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ,

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы,

Өрнек ауылы